«Шапекоэенсе» трагедиясына — бір жыл…

CHAPECO, BRAZIL — APRIL 04: Survivors of the November 28, 2016 plane crash in Colombia that killed most of the Chapecoense football team, (L-R) Rafael Henzel, Jakson Follmann, Alan Ruschel and Helio Hermito Zampier Neto seen before the Recopa Sul-Americana 2017 final first leg match between Chapecoense and Atletico Nacional at Arena Conda on April 04, 2017 in Chapeco, Brazil. (Photo by Buda Mendes/Getty Images)

2016 жылдың 28 қарашасында LaMia авиакомпаниясының Avro RJ85 ұшағы Санта-Крус-де-ла-Сьерра – Медельин бағытымен LMI2933 рейсін орындауға сапарға шықты. Оның бортында 9 экипаж мүшесі, 68 жолаушы бар еді. Бразилияның «Шапекоэнсе» командасы 30 қараша күні Колумбияның «Атлетико Насьональ» командасына қарсы Оңтүстік Америка кубогы финалының алғашқы матчын өткізуге тиіс еді. Осы ұшақта «Шапекоэнсе» командасы да болды. Медельин қаласына жақындап қалғанда ұшақ тауға соғылып, апатқа ұшырады. Әуежайға небары 18 шақырым қалған-ды. Апаттан 77 адамның алтауы ғана тірі қалды. Біреуі – қақпашы Данило кейін ауруханада көз жұмды. Үш футболшы ғана аман қалды.

Бүгін осы трагедияға бір жыл толды. Аман қалған үш футболшының естелігін орыс тілінен аударып жариялап отырмыз.

Элио Нето: Мен бәрін түсімде көрдім. Колумбияға Копа Судамериканаға ұшардан бірнеше күн бұрын қорқынышты түс көрдім. Оянған соң жұбайыма түсіме авиаапат кіргенін айттым. Біз жаңбыр құйып тұрғанда ұшыппыз. Ұшақтың қозғалтқышы ажырап кетіпті деймін. Құлаппыз. Бірақ мен тірі қалыппын. Ұшақтың қирандыларының астынан шығып келе жатырмын. Бір төбешіктің үстінде тұрғанымызды түсіндім, бірақ айнала тас қараңғы еді. Түсімнен есіме түсіргенім осы.

Ұшатын күні осы ой басымнан шықпай қойды. Түсім шын сияқты. Сондықтан ұшаққа отыра салып жарыма хабарлама жібердім. Құдайдан тілеу тілеп, менің амандығымды бірге тілеуін өтіндім. Шынында да солай болатынына сенгім келмеді. «Мен үшін тілеу тілеңдерші» деп жаздым.

Содан кейін түсіме кіргеннің бәрін шын көрдім.

Қозғалтқыш істемей қалды.

Тас қараңғы болып қалды.

Біз құладық.

Бірақ бұл түс емес еді.

Жаксон Фолльманн: Ұшар алдында бәріміз көңілді болдық: әрнені айттық, карта ойнадық, музыка тыңдадық.

Алан Рушел: Ұшар алдында мен картамен фокустар көрсеттім. Өзім осындай нәрселерді жақсы көретінмін. Бәріміз күліп жүрдік, пагоде (самба жанрының бір түрі) тыңдадық. Кубокты жеңіп алмасақ та, «Шапекоэнсе» тарих жасап жатқан адамдардың тобы еді. Біз Бразилияның кішкентай қалашығының клубы едік, Копа Судамерикананың финалына жеттік. Шынында да бақытты едік.  

Жаксон Фолльманн: Ұшақта жарық сөніп қалғанға дейін бәрі жақсы болды. Кенет тым-тырыс тыныштық орнады, бәрі отырып қалды. Не болып жатқанын білгіміз келіп еді, стюардессалар ештеңе айтпады. Содан кейін, құлардан бірнеше минут бұрын ғана бортсерік жанымыздан өтті де: «Қауіпсіздік белдігін тағып алыңыздар, біз қонуға дайындалып жатырмыз», — деді.

Бәрі тып-тыныш еді. Ұшқыштар ештеңе айтпады. Содан кейін біз құлай бастадық.

Мұндайды басынан кешкен адамдар көп емес. Бір секунд бұрын ғана сіз жолда достарыңызбен арманыңызды бас идіруге бара жаттыңыз, ал қазір ұшақтың қозғалтқышы жұмыс істемей қалды, сіз құлап бара жатырсыз.

Құдайға жалынып, мені қорғанына алуын тілеп үлгеретін уақытым болды. Ұшақтың ішінде сіз ештеңе істей алмайсыз. Жүгіре алмайсыз, жылай алмайсыз, көмек сұрай алмайсыз, неге бұлай болып жатқанын анықтай да алмайсыз. Бір ғана нәрсе істей аласыз – жалбарынып, бәрін Құдайдың қолына тапсырасыз.

Алан Рушел: Кейде сол сәттерді есіме түсіргім келеді, бірақ түсіре алмаймын. Миым сол естеліктерді шектеп тастайтын сияқты.

Элио Нето: Ұшақтағы соңғы сөзім есімде. Мен жалбарына бердім, жалбарына бердім, жалбарына бердім. Жерге соғылуымызға сәл қалғанын көргенде: «Иса, мен Інжілді оқыдым, сен талай керемет жасағансың. Өтінемін, бізді де мейіріміңе алшы. Бізді қорғашы. Бізге көмектесші. Біздің ұшқышымыз – енді сенсің. Біздің ұшағымызға көмектесші. Аяшы. Өтінемін, Иса, жәрдемдес бізге», — дедім.

Құдайға сыйынып жатсам да, біздің тағдырымыз шешіліп қойғанын түсіндім. Менің соңғы және жалғыз таянышым – дұға ғана еді.

Жаксон Фолльманн: Көп адамдар дауыстап жалбарына бастады. Құлауға сәл қалғанда алдында отырған адамдар бірдеңе білгісі келіп: «Не болып жатыр, біреуіңіз айтыңыздаршы! Бізге бірдеңе деңіздерші!» — деп айғайлады.

Осы сөздер есімде. Одан кейін ештеңе жадымда қалмапты.

Элио Нето: Сосын бәрі аяқ асты қап-қараңғы болып кетті.

Жаксон Фолльманн: Мен орманда ес жидым. Көзімді аштым, бірақ ештеңені ажырата алмадым. Жаңбыр жауып тұрды. Қатты суық болды. Мен ештеңе көре алмадым, бірақ адамдардың ыңырсыған дауысы құлағыма жетті. Олар көмек сұрап жатты. Мен де айғайлай бастадым, бірақ қайда жатқанымды түсіне алғаным жоқ. Біз мінген ұшақтың құлап қалғанын білген жоқпын. Өлгім келмегенін ғана білемін.

Достарым көмек сұрап жатқанда қол соза алмағаннан қиын ештеңе жоқ екен. Түк істей алмадым. Орнымнан тұра алмадым. Тас қараңғыдан ештеңе көре алмадым. Қазір командамның өліп жатқанын көрмегенім үшін Құдайға рахмет айтамын. Біресе ес жиып, біресе қайта жоғалтып жаттым. Қанша уақыт есімді жиғанымды, қанша уақыт ұйықтағанымды білмеймін.

Бір кезде қолшамның жарығын көрдім.

Бізге қарай адамдар жүгіріп келе жатты. «Полиция, полиция!» деп айқай салды олар.

Полиция бізге келіп жеткенде, бұрын көмек сұрап жатқандардың көбі үнсіз қалып еді. Достарымның даусы әлсірей берді. Бұл өте жаман сәт еді.

Құтқарушылар келгенде, маған сержант Нельсон жақындады. Мен қолымды көтердім. «Қорықпа, сен құтқарылдың» деді ол. Сосын менің атымды және жасымды сұрады. Мен қақпашы екенімді айттым.

Кейін сержант осы сәт өз өмірінде көрген ең жаман көрініс болғанын айтып берді. Ол мені көтермек болды, бірақ тұла бойым түгел сырқырап, ауырсына бердім. Сүйек-сүйегім түгел қақсады. Мен оң аяғымнан айырылғанымды түсіндім. Сол аяғымды сіңірлер ғана ұстап тұр еді.

Мені ақырын көтеріп, төбешікке әкелді. Аттап басу қиын болды – ұшақтың сынықтары шашылып жатты, тиіп кетсе кесіп түсердей өткір еді. Бізді құтқарған жандар – батыр адамдар.

Су сұрағаным есімде. Құтқарушылар аузыма сәл ғана тамызды, одан соң тағы ұйықтап кеттім.

Элио Нето: Ауруханада оянған соң, апат жайлы ештеңені есіме түсіре алмадым. Әйелім менің ес жия салып: «Құдай үнемі менің қасымда болды», — дегенімді айтты. Осы сөзді екі рет қайталаппын.

Бірақ мен ештеңені жадымда сақтай алмадым. Дәрігерлер апат туралы тіс жарған жоқ. Олар ең алдымен менің толық ес жинауымды күтті.

Қайда болғанымды білуге тырыстым. Ауруханада жатқанымды түсіндім, әрине. Бірақ бұл жерге қалай тап болдым? Аурухана қызметкерлері испан тілінде сөйледі. Мен не істерімді білмедім.

«Шапекоэнсенің» дәрігерін көрген кезде ғана біз Копа Судамерикананың финалында ойнауға тиіс болғанымызды еске түсірдім.

«Дәрігер, ойында бірдеңе болды ма? Мен қатты ауырсынып қалдым ба?» деп сұрадым.

«Иә, Нето, сен ойында жарақаттанып қалдың» деп жауап қатты ол.

«Есеп қалай болды?» деп қояр болмадым мен.

Дәрігер сыр алдырған жоқ. «Білмеймін. Сен қатты ауырсынып жатқасын, мен сенің артыңнан аурханаға кетіп қалдым» деді.

Оның сөзіне сеніп қалдым. Ойын әлі жалғасып жатыр екен деп көңілім түсіп кетті. «Құдайым-ай, осы тамаша мүмкіндікті менен қалайша тартып аласың? Бауырларымның қасында болуым керек қой» дедім Құдайға.

Алан Рушел: Ауруханада ояна салып, әкеме: «Шын ба бұл?» — деппін.

Дәрігердің ақылымен әкем ұшақтың апатты жағдайда қонуға тура келгенін, мен, Джексон, Нето үшеуміз зардап шеккенімізді, олардың ес жиғанын айтты.

Келесі күні ойнайтын шығармыз деп ойладым. Ауруханада жаттым, денем қатты ауырды, не болғанын түсіне алмадым, сонда да матч тағдырына алаңдаулы едім.

Мені тыныштандырды, жасанды жолмен ұйықтатты, сосын тағы оятты. Әкемнің арқасында бейнебайланыс арқылы достарыммен, отбасыммен сөйлестім. Олар менің тілеуімді тілеп жатқандарын айтты. Осының бәрі түс сияқты еді.

Ертеңіне бір топ дәрігер менімен сөйлесуге келді. Олар бір хабар айтатынын, менің өз-өзімді ұстауым керегін айтты. Сөйтіп, мен біз мінген ұшақтың апатқа ұшырағанын білдім. Апат жағдайындағы қону емес екен. Алты адам ғана тірі қалыпты. Мен, Джексон, Нето, журналист және екі стюардесса.

Менің әлемім астаң-кестең болды. Әйелімнің айтуынша, күні бойы аспаннан көз алмаппын. «Мұның бәрі қорқынышты түс қана. Өтірік бәрі. Қазір оянып кетемін» деп ойлағаным есімде.

Alan Ruschel, player of Brazilian soccer team Chapecoense, lies on a stretcher as he arrives at a hospital in Brazil, after he survived a plane crash with his teammates aboard, in Chapeco, Brazil December 13, 2016. REUTERS/Diego Vara — RC15CE17BCE0

Элио Нето: Мен қарқынды терапия бөлімінде ояндым, бірақ ештеңе түсінбедім. Көгала қойдай, әр жері тілініп кеткен денеме қарадым. «Ойын кезінде мынадай жарақат алу мүмкін емес. Басқа бірдеңе болған, сірә» деп ойладым. Не болуы мүмкін екенін ойлап жаттым. Дәрігерден: «Мені жарақаттаған қарсылас тіпті дәу ғой деймін. Алып неме болу керек», — деп сұрадым.

Басыма түрлі ой келіп кетті. Фанаттар алаңға жүгіріп шығып, бізге жабылып кетті ме? Матч басталар алдында тұрақта мені мәшине қағып кетті ме әлде? Бірақ ұшақ туралы бір сәт те ойланбаппын. Оны қалай ойлайын?

Бір күні ояна кетсем, әкем орындықта жылап отыр екен. Мені алдап жүргендерін түсіндім.

Бірнеше күннен кейін палатаға бірнеше дәрігер келіп кірді. Қасымда анам, әкем, қарындасым, психолог және пастор бар еді. «Өте маңызды бірдеңе айтамыз» деді олар.

«Көрген түсің есіңде ме?» деді әкем.

«Әрине, есімде. Ол туралы жарыма айтқанмын. Түн ішінде ұшып келе жаттық. Жаңбыр қатты жауып тұрды. Қозғалтқыш істен шықты. Біз құладық. Мен қирандылардың астынан әрең шықтым. Тұрып, төбешікке жүрдім. Қап-қараңғы болды».

Түсімді айта бастағанымда айналам біртүрлі болып кетті.

Психолог жылап жіберді. Анам да.

Ақыр аяғында дәрігер: «Бұл түс емес, Нето. Бұл – шынында да солай болған жағдай. «Шапекоэенсенің» ұшағы құлады», — деді.

Өмірімнің ең бір қиын сәті осы еді. Мен сене алмадым. «Дәрігердің есі дұрыс емес» деп ойладым. Бұлай болуы мүмкін емес қой! Не айтып тұрсыңдар?

Сосын мен осының бәрі шын болғанын түсіндім. Мен тірімін, демек, біз бәріміз тіріміз.

«Басқалар қайда? Олар қалай?» деп сұрадым.

Дәрігердің жауабына сене алмадым. «Сен, Алан, Джексон үшеуің ғана тірі қалдыңдар».

Сену мүмкін емес еді. «Мен тірі қалсам, қалайша достарымның бәрі өледі? Апаттан мен қалай аман қалдым? Мынау сандырақ қой. Ұшақтан құласам, мен де өлемін ғой. Тірі қалу мүмкін емес» деген ой санамды кезді.

«Сендер де аман қалмайтын едіңдер. Сенің аман қалғаның – Құдайдың сақтағаны» деді дәрігер.

Жаксон Фолльманн: Бірнеше күн бойы ес-түссіз жаттым. Ес жиғанда, айналамда не болып жатқанын түсіндім. Адамдар испанша сөйлесіп жүрді. Білетін біреудің дауысын естігім, сөйтіп, аздап болса да тынышталғым келді. Жансақтау бөлімінде оянған кезімде әкемді, анамды, қалыңдығымды көрдім. Қатты толқыдым. Жаныма қажеті осы екен ғой.

Миым құлаған кезді еске түсіруге мүмкіндік бермеді. Теледидар қосқаным жоқ. Отбасым да ештеңе айтпады, өзімнің де ештеңе білгім келмеді. Оқиғаның қалай болғаны туралы білдім, бірақ көп адам аман қалған шығар дегенмін. Шағын апат болған сияқты көріне берді. Мүмкін, ұшақ апат жағдайында қонған болар, жолдастарым аман шығар.

Психолог келгені де жадымда. «Ұшақтарың апатқа ұшырады. Бәрі қайтыс болды. Сен аман қалдың, бірақ енді футбол ойнай алмайсың» деді ол.

Осыны естігенде күл-қоқыстың ішінде жатқанымызды, ауырсынып айғайлағанымызды есіме түсірдім. Жаным түршігіп кетті.

Апаттан оң аяғымнан айырылып қалғанымды отбасым айтты. Естіген кезде: «Өмірді алғаннан гөрі, аяқты алғаны жақсы ғой. Өмірімнің жалғасып жатқаны үшін Жаратқанға рахмет», — деген ой келді.

Алан мен Нетоның да тірі қалғанын кейін білдім. Бұл да өмір сүруге ынтамды арттыра түсті.

(170126) — RIO DE JANEIRO, Jan. 26, 2017 — Brazilian Chapecoense footballer Jackson Follmann (L), survivor of the LaMia airplane crash in Colombia, greets spectators as he leaves the pitch before a friendly match between Brazil and Colombia at the Engenhao Stadium in Rio de Janeiro, Brazil, Jan. 25, 2017. All the net income of the match will be passed on to the Chapecoense Football Association.

Элио Нето: Мен ең соңынан табылдым. Ұшақтың қирандыларының астында сегіз сағат жатыппын. Кейін құтқарушылар маған не болғанын айтып берді. Таңертең құтқарушылардың көбі апат болған жерден кетіп қалыпты. Полиция біздің заттарымызды жинап жүргенде, кенет офицердің бірі: «Мен бірдеңе естіген сияқтымын», — депті дауыстап.

Ол не екенін көру үшін келіпті. Біреудің ыңырсып жатқанын құлағы шалыпты.

Басқа бір полицей болса: «Қойсаңшы, мүмкін емес қой. Сегіз сағат өтіп кетті», — депті.

Секунд өтпей екеуі дыбыс естілген жаққа зымырапты.

Офицерлер ағаштың бұтақтары мен ұшақтың бөліктерін лақтыра берген.

Бір кезде офицерлердің бірі мені көреді. Менің жағдайым қиын еді. Мен өліп бара жаттым.

Олар мені әзер дегенде алып шығып, жүк мәшинесіне салды. Мені тапқан жерден жергілікті шағын емханаға дейінгі жолға бір сағат кеткен. Көзім алайып кетіпті. Олар бір-біріне менің өліп қалғанымды айтыпты. Бірақ мен әлі де демалып жатыр едім.

Ешкім аман қалатыныма сенген жоқ. Есімді жиғанда, мені жедел жәрдем көлігінде әкелген мейірбике арнайы келіп кетті. Ол палатаның босағасынан бері аттай алмай, маған таңырқай қарап тұрды. Келіп құшақтағанда, бүкіл денесі дірілдеп тұрған еді. Ол менің қолымды, иығымды ұстап көріп: «Сене алмаймын, бұлай болуы мүмкін емес», — дей берді.

Сол кезде ғана мұның бәрі қаншалықты ауыр болғанын түсіндім. Бұл бір ғажайып еді. Мені өлі күйімде тапты, бірақ мен әлі тірімін.

Алан Рушел: Аяқ-қолым мүлде істемей қалғандай екен. Сүйегімнің сынығы жұлыныма батқан, бірақ әрі қарай тесіп өтпеген. Ұшақтан алып шыққан кезде құтқарушылар сәл ғана қателессе, сынық жұлынды зақымдауы мүмкін еді. Онда бәрі бітті дей бер. Мені бір ғана емес, бірнеше нәрсе құтқарды. Өмірім үшін қаншама адамға қарыздармын.

Апаттан кейін мені емдеген дәрігер Оңтүстік Америкадағы мықты хирургтердің бірі болып шықты. Құдай сәтін салды: біз құлаған кезде ол Колумбияда бола қалған екен.  

Сосын ұшақта Джексон екеуміз кездейсоқ орын ауыстырғанымыз да ғажайып.

Жаксон Фолльманн: Мен Аланмен ұшақта бірге отыруға келіскенмін. Біз он жылдан бері доспыз. Бір кездері бір үйде тұрғанымыз да бар. Қайда барсақ та жұбымыз жазылмайтын еді. Бірақ ұшаққа мінгенде Алан соңғы үш орынды бір өзі алып, кең көсіліп ұйықтағанды ұнататын.

Ұшаққа отырған кезде Алан дағдылы орнына беттеді. Менің қасымда ешкім жоқ еді, Аланды бірге тамақтануға шақырдым. «Тышқан, бері кел» дедім. Ол ап-арық қой, аумаған тышқан!

«Тышқан-ей! Бері келсеңші. Музыка тыңдайық. Кел, бауырым!»

«Бармаймын. Ұйқым кеп тұр» деді Алан.

«Тышқан, кел енді!» деп мен де қояр болмадым. Ол ақыры келді.

Жарты сағаттан соң біз құладық.

Алан Рушел: Қалай аман қалғанымды еш түсіндіре алмаймын. Бұл – ғажайып. Колумбиядан Шапекоға оралғанымда, отбасым күтіп тұрды. Жан-жүйем түгел босап кетті.

Жаксон Фолльманн: Әкемнің маған душ қабылдауыма, диван отыруыма көмектескенін қаламадым. Отбасыммен бірге Сан-Паулуға жеткенімде, қатты ауырсынып орнымнан тұра алмағаным да есімде. «Сіздің жұмысыңызға шек келтіргім келмейді. Бірақ жүріп кетуіме көмектесетін бір айла болса, ол қанша ауыр болса да, маған айтыңыз. Шапекоға өз аяғыммен барғым келеді» дедім дәрігерге.

Өмірімнің ең бақытты сәттерінің бірі – ата-анамның алдында қайтадан өз аяғыммен жүре алған секундтарым.

Элио Нето: Балаларымды көргенде өзімді ұстап тұра алмадым. Егіз перзентім – ұлым мен қызым бар. Он жаста. Апаттан кейін жарым оларды Бразилияда әпкесінің үйіне тастап кетті. Колумбияда болған кезімде оларды көрген жоқпын. Мені Бразилияға әкеліп, балаларым мен жатқан ауруханаға келгенде, олар естен танып қала жаздады. Тым азып кеткен едім, тұла бойым түгел тыртық болатын. Олар маған елес көріп тұрғандай қарай берді.

«Балалар, әкелеріңді құшақтамайсыңдар ма сонда?» дедім мен.

Олар бір сөз айта алмай мені құшақтап тұрды.  Олар ұзақ жылады. Бес әлде он минут. Ештеңе айта алмады. Олар мені құшақтап алды да, айғайлап жіберді. Бұл жеңілдеудің даусы еді.

«Біздің әкеміздің жағдайы ауыр. Бірақ ол тірі. Ол бізбен бірге».

Мен қазаға ұшыраған достарымды ойладым, сосын өз балаларымды ойладым. Өмірімдегі жаным қатты толқыған сәт осы.

Алан Рушел: Жағдайдың қалай болғанын ойлап тереңдей бастағанымда өте қиын болды. Ақырындап жазыла бастағанымда, жақсы көрген аамдарымның жоқ екенін түсіндім. Мен қақпашымыз Даниломен, оның жары Летициямен, ұлы Лоренцомен етене едім. Данилоның қайтыс болғанын түсінгенде… жанымды қоярға жер таппай кеттім. Бұлай болуы мүмкін емес. Данило менің өмірімдегі ерекше азамат еді. Оны қазір күн сайын ойлаймын.

Жаксон Фолльманн: Біз қорқатын бір ғана нәрсе бар – адамдар біздің достарымызды ұмытып кетеді-ау… Қайтыс болған жандар нағыз батырлар еді.

Көп досыңды бірден жоғалту өте ауыр. Неге солай болды? Басқаша істеуге болар еді ғой.

Элио Нето: Ұшаққа ие компания жағармайды жиі үнемдейді екен. Деректерге көз сала отырып, біз мұндай қайғылы жағдайдың ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір болатынын түсіндік. Олар мұндай айланы бұрын басқа командаларды тасығанда да істепті. Олар аздап ақша үнемдегісі келген, ақырында қаншама адамның өмірін қиды. Қоғам әркез ұшқыш пен ол жіберген қатені айтады. Иә, ұшқыш қателесті. Бұл – факт. Бірақ менің ойымша, кінәлі адам көп. Мысалы, жағармайы толық құйылмаған ұшақтың әуеге көтерілуіне кім рұқсат берді? Олар ережені айналып өткен. Бұл үлкен қателік. Өйткені жағармайы толық құйылмаған ұшақтың ұшуына рұқсат беру мүмкін емес.

Мен зерттеуді өте адал адамдар жүргізуін Құдайдан сұрадым. Не болғанын анықтаса деп едім. Кінәлі адамдардың бәрі қатесі үшін жауап беруге тиіс. Ұшқыш ажал құшты, бірақ әділет деген сол деуге болмайды ғой.

Адамның сараңдығынан… Інжілде: «Ақшаға құмарлық – барлық жамандық атаулының бастауы» деген сөз бар.

Жаксон Фолльманн: Болған жағдайға әлі күнге сенбеймін. Достарым алыс сапарға кеткен сияқты, жақында оралатын сияқты. Нето, Алан үшеуміз осы туралы көп сөйлесеміз. Бәрі жақсы болады. Біз әлі бәріміз жиналып, бір команда болып ойнаймыз.

Алан Рушел: Бірнеше ай бұрын Нето екеуміз приставка ойнадық. Достарымыз бұрын осыны қалай жан салып ойнайтынын еске алдық. «Сержо Маноел қалай ойнайтын еді, есіңде ме?»

Нето: «Досым, сол жігіттердің бәрі осында сияқты», — деді.

Көңіл-күйіміз қатты түсіп кетті. Мұндай сәттерде ештеңені кері қайтара алмайтыныңды түсінесің. Жаның ауырады.

Элио Нето: Тіпті өле қалсам да, жақсы жерге баратынымды білемін. Осынша оқиғадан кейін Құдай мені жақсы жерге жібереді. Қазір қасымызда жоқ жолдастарымыздың бәріне қазір Құдай көмектесіп жатыр.

Жаксон Фолльманн: Апаттан бері бір жыл өтті. Сіз біздің қалай аман қалғанымыздың жауабын табал алмаған шығарсыз. Мен жауап іздеуді қойдым. Бес айдан кейін Алан «Шапекоэенсеге» оралды. Нето жаттығуды бастадым. Бұл керемет қой!

Мен ше? Мен, иә, аяқтан айырылдым. Бірақ мен жүре аламын. Алға басамын. Бақытты өмір сүремін. Сіз бәріне үмітпен, жақсы оймен қарасаңыз, қалай күлімсіреуді ұмытып қалмасаңыз, бәрі жақсы болады. Мен өмірге махаббатымды жоғалтқаным жоқ. Ұшақ құлағаннан кейін де. Балалық шағымнан-ақ күліп оянатынмын. Мен қақпашы болғысы келетін кішкентай бала едім. Шүкір, 12 жыл бойы осы арманым іске асты. Мен Құдайдың ықыласын алдым. Қазір бүгінмен өмір сүремін. Ертеңгі күн – Жаратушынікі.

Алан Рушел: Апат мені әрбір сәт туралы ойлануға үйретті. Он минуттан кейін не болатынын білмеймін. Бірақ бірдеңе істегіңіз келсе, өмірді осы қазір сүріңіз. Ертеңгі күн не әкелетінін сіз білмейсіз.

Элио Нето: Ұшардан бір күн бұрын біз финалдан кейін Шапекоға оралып келе жатқанымыз түсіме кірді. Адамның бәрі көшеде: «Біз чемпионбыз!» — деп айғайға басып жүр екен деймін. Олардың бәрі бақытты еді. Айнала махаббатқа толы еді. Мен автобус үстінде тұрып, бүкіл қаланы аралап жүргенімізді елестеттім.

Үйге ораларда Колумбиядан Бразилияға ұшуға тура келді. Жерге қонған кезімізде жылап жібердім. Еңсем ауырлап кетті. Біз ұшақтан шықтық. Әуежайда көп адам күтіп алды. Біз ауруханаға бет алдық, онда да күткен адамдар есепсіз еді. Барлық жерде махаббат шегінен асып жатты.

Осындай сәттер өмірді өзгертеді. Мәңгіге. Бірақ менің санам әлі баяғыша. Мен әлі де әлемнен тек жақсылық көремін. Апат маған кішкентай нәрсенің өзін қадірлеуді үйретті.

Ауруханада жаялық (подгузник) пайдалануға тура келді. Бір ай бойы жуына алмадым. Денеме судың тигенін сезінген кезде жылап жібере жаздадым.

Апаттан кейін бірінші рет допқа аяғым тигенде, өзімді бала сезіндім.

Менің өлуім керек еді. Мен соңғы сөздерімді де айтқанмын. Құдай маған екінші мүмкіндік берді. Мен Жаратушыны есімде ұстап, о дүниелік болған барлық достарымды жадымнан шығармау үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін.

 

(«Шапекоэнсенің» финалдағы қарсыласы — «Атлетико Насьональ» командасы Оңтүстік Америка футбол конфедерациясына «Шапекоэенсені» Оңтүстік Америка кубогының жеңімпазы деп тануды ұсынды. Бұл ұсыныс қабыл алынды)