Luis Suarez of FC Groningen (L), Alex of PSV (L) during the Dutch Eredivisie match between FC Groningen and PSV Eindhoven on December 10, 2006 at Groningen,Netherlands. (Photo by VI Images via Getty Images)

Луис Суарес өз өмірбаянының бұл тарауында Голландияға көшкен кездерін, агенттер арасындағы алаяқтық және сүйікті қызымен көптен күткен кездесуі туралы жазады.

Мен «Насьоналдың» жастар командасының бәрінде ойнап, түрлі соқпақтан өттім. Салғырттығымның кесірінен талай рет клубтан қуыла жаздадым. Уилсон Перес болмағанда басым ауған жаққа кетіп-ақ қалатын едім. Софидің арқасында өзіме берілген екінші мүмкіндікті жібермей, жинала бастадым. Нәтижесінде 16 жастағы мені команданың маусым алдындағы ойындарына шақыра бастады. Софиді көру үшін алғаш рет Испанияға барғанымда клубтан шақыру келген еді.

Уилсон мені бұрыннан білетін. Ол мені ойыншы ретінде де, қызымен кездесуге бару үшін ақша сұрап жүретін бозбала кейпінде де біледі. Оның ұлы да «Насьонал» академиясында ойнаған. Менен бірдеңе шығатынын сезді ме, әйтеуір, дұрыс жолға бағыттауға тырысты. Сол кезде команданы жаттықтыратын Сантьяго «Баск» Осталаза мені маусым алдында бір рет байқап көруге ниетті екенін Уилсон телефонмен хабарлады. Ал осынша ұзақ жолды артқа тастап келген менің дереу елге қайтпақ болғаныма Софи сене алар емес. «Қайту керек. «Насьоналдың» негізгі құрамында мен ақшаны көбірек табамын. Сол кезде саған келуге де мүмкіндігім арта түседі» дедім Софиға.

Үйге келген соң негізгі құраммен бар-жоғы үш күн жаттығып, жастар қатарына қайтып келдім. Алайда еңсем түскен жоқ. Не нәрсенің де оп-оңай бола салмайтынын түсіндім. Бір жылдан соң мені қайтадан негізгі құрамға шақырды да, бұл жолы мықтылар қатарында қалатын болдым. 2005 жылдың наурыз айында,  17 жасымда мен Либертадорес кубогы жолында алғаш рет алаңға шығып, 15 минут ойнадым. Тамыз айында ел чемпионаты басталып, небары бес минуттың ішінде гол соқтым. Сол матчты өзінің туған күнін атап өту үшін елге келген Софи да стадионнан тамашалады. Алғашқы маусымда мен «Насьоналдың» негізгі құрамындағы орнымды сақтап қалдым. Алайда «Гронинген» сатып алатындай мықты футболшы деңгейіне әлі жетпеген едім.

***

Алғашында шабуылға нүкте қойып, гол соғу маған оңай соқпады. Созып жүріп алатынмын. Тіпті алаңдағы жанкүйерлер ысқырып, мені мазақтайтын болды. Қисық аяқ деп атағандар да табылды. Ал кейбірі тіпті есек дей салды. Бапкеріміз Мартин Ласарте мені үнемі ақтап алып жүрді. Гол соқпасам да, алаңдағы жұмысымның көптігін алға тартты. Ол жанкүйерлерді сабырға шақырып, мені қайрай берді. «Атлетико Ривер Плейт»  командасына қарсы ойында алғашқы минуттан алаңға шықтым. Бізде гол соғатын 13 мүмкіндік болса, оның тоғызында мүлт кеткенімді қайтерсіз?!. Матч 0:0 есебімен аяқталды, алаңда әрі-бері жанұшыра жүгіргенмен, қақпада доп тулата алмаған мен бұл сәтсіздікке кінәлі болып шықтым.

Мұндай кездерде  гол соға алмасам да, гол соғатын мүмкіндіктерді тудырғанымның өзі жұбаныш еді. Шыны керек, ең соңына дейін күресіп, гол соғатын сәтті іздеу бойымда бар қасиет. Тағы бір серпілуге ерініп, гол соғатын мүмкіндіктен айырылу ойымда болған емес. Алаңдағы әрбір сәтсіздіктен соң ерекше жігерлене түсетін едім. Сол кездегі мені көрген жанкүйерлер ортаңқол ойыншы өсіп келе жатыр деп ойлаған шығар. «Сені мазақтап, сен доп алған сайын айғайлап, сенен ешқашан шабуылшы шықпайды деп ойлағанмын» деп ағынан жарылған жанкүйерлерді әлі күнге дейін кездестіріп тұрамын.

Тағдыршешті болған «Дефенсор Спортингке» қарсы ойында «Гронинген» скауттарының көз алдында керемет гол соқтым. Осыдан соң Еуропаға сапарым басталды. Иә, жаңа командама қосылып, келісімшартқа қол қоя салу оңай болған жоқ.

Алдымен агентім Даниел Фонсеко және Хуан Альбин есімді тағы бір ойыншымен бірге Монтевидеодан Мадридке ұшып келдік. Альбин испаниялық «Хетафе» клубына ауысқалы жатыр еді. Біз Хуанның трансферіне қатысты келісім аяқталғанша Испанияда аялдай тұрамыз деп шештік. Бұл менің өмірімдегі ең ұзақ сапар болды. Өзіме қатысты қандай да бір нақты шешім болмаған соң, ұшақта көз ілген жоқпын. Ал кейін сарыла күту кезеңі басталды.

Барселонада «МакДональдсқа» жұмысқа тұрған Софи Мадридтегі мені көру үшін жұмысынан айырыла жаздады. Жарты жыл бойы жүздеспеген екеуміз бір-бірімізге тым жақын тұрсақ та, көрісе алмай зар болдық. Ол жұмысынан сұрану үшін бар күшін салса да, басшылық бас иземей қойды. Ал Софи әзер дегенде сұранып, маған келмек болғанда бірде-бір рейс болмай қалғаны шыдамымызды әбден тауысты. Күні бойы Мадридтегі қонақүйдің терезесінен тесіле қарап, клубтың өзіме қатысты не айтатынын аңдай алмай дал болған жұмыр басымда жүйкенің жұқарған кездері еді бұл. Әйтеуір, Амстердамға ұшатынымызды естігенде «Гронингенге» ауысатын сәт жақындағанын сезіп, бір серпіліп қалдым.

Мұндай кездерде тағдырың өзгелердің қолына екенін түсінесің. Уругвайда мені: «Барасың да, келісімшартқа қол қоясың» деп шығарып салды. Ештеңенің мәнісіне үңілмей келе салдым. Жалғыз үмітім «Гронинген» еді, ол да алыстап кеткендей… Түрлі мәселенің шеті көрінді. Келісімнің уақыты жақындаған сайын оған араласатын агенттер саны да артып, кедергілер көбейе түседі.  Сенімді өкілдерім агенттердің көп араласуына байланысты клубтың менен бас тартқанын айтты. Үшінші жақтағы белгісіз адамдардың барлығына команданың ақша төлегісі келмейтіні анық қой. Агенттерім бұл келісім аяқсыз қалып, клуб менен бас тартады деп ойласа керек.

— Луис, кетеміз…

— Кеткені несі, қайда?

Барлығы мені сабырға шақырып, «Хетафеге» ауысатын мүмкіндік бар екенін айтты. Альбиннің орнына менің өтіп кетуім мүмкін екен. Өйткені, команданың бас бапкері Бернд Шустер жаңа шабуылшы іздеп жүрген. Тіпті жақсы емес пе?! Әрине, бұл «Барселона» емес, әйтсе де Софимен бір елде тұратынымның өзі бақыт қой? Оның үстіне, Мадридке қайтатын болған соң, Софимен кездесудің де реті келер… Дәл осылай ойлай бергенімде бәрі қайтадан өзгеріп, «Хетафеге» барар жол жабылды. «Гронингенде» қалатын болдым.

Қайда барарымды, қайда қаларымды білмей, алты күнімді қонақүйде өткіздім. Үш күн Мадридтегі, үш күн Амстердамдағы отель бөлмелерінде өзімді қоярға жер таппай, өзімнің ештеңеге әсер ете алмайтынымды біліп аласұрдым. Теледидар қарап, сағаттың тықылына құлақ асуға тура келді. Тіл білмейтінім де одан әрі қинай түсті. Амстердамда жүргенде киімімді жуып, ішетін тамақ сұрауды қалай айту керектігін Софиден смс арқылы сұрап алдым. Ол алдымен ағылшын тілінде қалай сұрақ қою қажеттігін, кейін оны қалай айтатынымды жазып жіберді. «Yes, please» деудің орнына «Иес плис» деймін. Сүйіктімнің жазғанын дұрыс түсіндіре алмаған соң, қонақүйдегілер мені ұғудан қалды. Ақыры мейманхана қызметкерлеріне телефонымды беріп, ондағы Софидің жазғандарын оқытамын. Еш қауқарсыз едім. Оның үстіне, келісімнің орта жолдан үзіліп, барлығын Софиден алыс жерде нөлден бастайтыным да одан әрі үйрейлендіре түсті.

Сол кезде «не «Гронингенге» ауысамын, не бәріне нүкте қоямын» деп шештім.  Болжауымша, «Насьональ» мені жаңа агентіме сатып жіберген. Ендігі қожайыным сол. Сондықтан «Гронингенмен» келісімге нүкте қойылмай қалса, елге барып «Насьоналда» доп тебуім де неғайбыл. Ал агентім мені қандай да бір клубқа қосуға тырыса ма? Егер 60 мың еуроға бола тараптар келісімге келмесе, не істейтінімді білмеймін. Қолдан келер шара жоқ, тағдырым өзгелердің қолында тұрды. Тек Амстердамнан елдің солтүстігіндегі Гронингенге қарай бет алғанда ғана трансферге ештеңенің кедергі болмайтынын түсіндім. Қандай рахат сезім еді бұл!

2006 жылдың шілдесінде «Гронингенге» ауыстым да, Софи үшін естен кетпес сый жасадым. Ол – Испанияда, мен – Голландиядамын. Бұл ара қашықтықты қысқарту керек болды. Келісімшартқа қол қойғаныма он күн өткен соң демалыс күндерін пайдаланып, Софиге тартып кеттім. Оның анасы мен әпкесі Уругвайдағы туыстарына кеткен еді. Екеуіне телефон шалып:

— Сіздердің қыздарыңыз менімен бірге Голландияға кетеді, — дедім.

— Олай болса, қызыма қарап қой, — деді анасы.

Шамасы, менің шынымен бекінгенімді анасы байқамаған сияқты. Өзімнің қаншалықты тәуекелге бет бұрғанымды толықтай түсінбесем де, әуежайға келгенде Софиге менімен бірге кетуді ұсындым.

— Дәл қазір ұшып кетейікші. Дәл қазір.

— Есің дұрыс па? Мен қалай ұшам? Әлі 16 жастамын. Билетім де жоқ. Әкем алып бере ме?

— Кеттім. Өзім сатып аламын билетті…

Ол әуежайдан әкесіне телефон шалып, Сальтомен (мені туған қалам Сальтоның құрметіне «Сальта» деп атайтын) бірге Гронингенге кететінін айтты.

Әкесінің: «Жарайды, қашан келесің?» — деген сөздері тұтқадан естіліп жатты. Бірақ ол оралған жоқ. Жоспар бойынша келесі аптада Софи Барселонаға қайтуға тиіс еді, алайда ол мәңгілікке менің қасымда қалды. Менімен бірге ұшаққа отырғанда Софидің сөмкесі де, киімі де болған жоқ. Бір аптадан соң ғана Барселонаға барып, киімдерін жинап әкелді. Иә, бұл үлкен тәуекел еді. Бағымызға қарай, бәрі сәтті аяқталды. Бастысы, біз біргеміз! Үнемі қимай қоштасудан шаршағанымыз сонша, әуежайда бұдан әрі шыдаудың мүмкін емес екенін түсіндік.

* * *

Голландияда футбол туралы көкжиегім кеңейе түсті. Бұл ең жақсы өмірлік тәжірибе еді. «Гронинген» менің өмірлік тәжірибемнің ұшар басында тұрды.

Уругвайда саған ешкім баса назар салып, қадағаламайды. Не жеп, не ішіп жатқаныңда да ешкімнің шаруасы жоқ. Голландияға келгенде мен толық едім. 5-6 келі артық салмағым болды.

Өзім әлі күнге дейін әлемдегі ең үздік бапкерлердің бірі деп есептейтін Рон Янс: «Сенің салмағың 83 келіден аспауы керек. Бір грамм артық салмағың болса, командадан кетесің», — деп талап қойды.

Диета туралы білерім көп емес, сондықтан қалай салмақ тастау қажеттігін клубтағылардан сұрастыру керек болды. Алдымен кока-коладан бас тартуым қажет. Коланың ағзаға қаншалықты қатты әсер ететінін мүлде білмеппін. Софи тек су ішу керектігін айтқан соң, су ғана ішіп жүрдім.

Келесі рет салмақ өлшегенде таразы 83,4 келіні көрсетті. Рон бапкер менің қаншалықты тырысқанымды байқап, артық 400 грамды кешіретінін айтты.

Сол сәтте қолымнан бәрі де келетінін түсіндім. Ешкімнің жетегіне ермей-ақ, алдыма қойған мақсатыма жете алатынымды сездім. Бар болғаны, тәртіпті сақтау керек. 

Голландияға келгенде арамызда тамақ пісіретін ешкім болған жоқ. Біздің ең жақсы досымыз Рональд Макдональд қана тіскебасар дайындай алатын. Стейк жасау үшін электрогриль сатып алдым. Үйдің іші қашанда көк түтін болып жататын. Сол кезде мен үшін стейктен дәмді тағам жоқтай көрінетін. Құдайым-ау, қалай жегенмін оны?!

Софидің күнделікті тамақтану тәртібі болатын. Екеуміз бірге тұрған соң, мен де сол тәртіпке үйрене бастадым. Сондай-ақ, Софи заттарымды жинап кетуді де үйретті. Анаммен, әпкелеріммен тұрғасын үй тазалап, төсек жинап көрмегенмін ғой. Мен үшін бәрі жаңадан басталды. Голландияда бар жауапкершілік менің мойнымда еді. Екеуміз ас үй мен шаруашылық жұмыстарын бөліп алдық да, бірге есейдік.

Гронингендегі халық саны 200 мың адамға таяу. Оның ішінде 50 мыңы — студенттер. Барлығы велосипедпен жүретін. Біз де велосипед міне бастадық.

Айтпақшы, жалақы алған соң қанша қаржы салыққа кетіп, қанша ақша қолымызда қалатынын білу үшін біз дереу қаржылық сауаттылықты арттыру курсын да оқыдық. «Гронингенге» келіп, Еуропада екенімді сезінген соң, жалақыға қатысты проблемалар осымен біткен шығар деп ойлағанымды жасырып қайтемін. Әрине, 19 жастағы мен мұндағы жүйенің қандай екенін мүлде білмеймін. Сол себепті, бәрі ойдағыдай болады деген оймен жүре бердік. 

Келісімшарт бойынша келіссөз жүргізген жандар ара-арасында маған кейбір жайттарды хабарлап тұратын. Алайда мынау салық ұсталғаннан кейінгі, мынау салық ұсталғанға дейінгі қаржы деп ешкім түсіндірген жоқ. Мен бар ақша қалтама түседі деп ойлаппын. Ал мені….

Отбасымдағылар да мені Еуропаға кеткен соң бірден миллионер атанады деп ойласа керек. Гронингенді бетке алғанда олар ұлдарын Уругвайдың ең бай адамы деп санайтын. Жалақымның қанша екенін отбасы мүшелеріне де айтқан емеспін, олар бұл шешіміме құрметпен қарады. Алайда футболшылардың туыстарын маңайлап жүретін кейбір адамдар үшін бәрібір. Сенің қалай күресіп, жеңіске жету үшін қандай құрбандыққа барғаныңды жақындарың жақсы біледі. Алайда сен арқылы пайда табуды ғана ойлайтын жандарды бұл алаңдатқан емес.

Салыққа қатысты жағдайды маған Бруно Сильва толығымен түсіндіріп берді. Гронингендегі алғашқы айларда ол біздің нағыз құтқарушымыз болды десем, артық емес. Оның Уругвай құрамасы мен «Данубио» сапындағы ойындарын жақсы білемін. Біз Уругвай чемпионатын тамашалап, кейін отбасымызбен барбекю жасауға жиналатынбыз. Уругвайлық стейк табу қиын болғандықтан, «Гронинген» сапында ұзақ уақыт ойнаған Уго Алвес Веламеден бразилиялық ет сатып алдық. Академияда жұмыс істейтін Уго Софи екеумізге көмегін аямай, клубқа қатысты барлық істе бізге аудармашы қызметін атқарды.

Бруно клуб туралы білетінін жасырмай айтты. «Гронинген» — еурокубок додаларына соңғы 14 жылда алғаш рет шыққан ортаңқол команда еді. Клубтың 22 мың адамға арналған заманауи стадионы болды. Ал тұрақты қаржылық жағдай менің де жалақымды уақытылы алуыма септігін тигізді. Бруно мен Угоны кездестірген соң ісіміз оңға басты деп айта аламын. Отбасымыз бірге уақыт өткізіп, олар алаңда да, тұрмыстық жағдайларда да қолғабыс жасады. Өмірдің қаталдығын сезініп көрмеген біз сияқты сары ауыз балапандарға бұл екі азаматтың қолдауы әбден керек-ақ еді. Әрине, олар менің ең соңында атақты футболшы болатынымды болжаған да жоқ. Олар ешқандай арам ойсыз біздің өмірден өз жолымызды табуымызға көмектесті.  

Біз келген кезде жарақатын емдеп жүрген Бруно ойынға қатыспайтын. Ол «Гронингеннің» негізгі құрамында ойнайды. Кез келген уругвайлық секілді ол да мате ішкенді ұнататын еді. 18-19 жасымнан бастап әкеммен бірге мен де мате іше бастадым. Алайда Уругвайдан кеткен соң патриоттық сезімім одан әрі күшейе түсті.

Ол кезде Бруноның жасы 27-де болатын. Оның терең демалып алып:  «Мен енді көп ойнамаймын», — деп жиі қайталайтыны есімде.   Сол сәттерде оның жасына жету үшін әлі қанша уақыт бар деп қиялдайтынмын. Міне, мен де 27 жасқа келіп, сіздерге өз тарихымды баяндап отырмын.

Аударған Ақырыс Сейітқазы

Жалғасы. Әуелгі тарауларын мына сілтемелерден (1, 2, 3) тауып алуға болады.

Жалғасы бар.