«Астана» командасының көшбасшысы Фабио Ару күтпеген жерден UAE Team Emirates командасымен келісімшартқа қол қойды. Біздің команда Арумен келіссөз жүргізіліп жатқаны туралы бұған дейін бірнеше рет хабарлаған-ды. Келіссөздердің ауыр жүріп жатқанын, дегенмен бәрі сәтті аяқталуға жақын екенін айтып, жанкүйер көңілін орнына түсіргендей еді. Мына жаңалық, шынын айтқанда, ашық күнгі найзағайдай болып отыр.
— UAE Team Emirates командасының басшылығы мен демеушілері өздері мен біздің велоспорттағы ұмтылысымызды тоғыстыруға талпынып жатқанына қатты қуаныштымын. Маған сенім артқаны үшін алғысым шексіз. Сол сенімді ақтаймын деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін менімен бірге жұмыс істеп, спорттағы ғұмырымда із қалдырған, көмектескен жандардың бәріне алғыс білдіремін. Олар менің өсуіме қатты көмектесті, – деді Ару.
Шындығында, италиялық шабандоздың мұндай қадам жасайтынын ешкім күтпеген сияқты. Соңғы жылдары Ару «Астанада» «шексіз билікке» ие болды. 2017 жылдың басына дейін ол Винченцо Нибалидің көлеңкесінде жүрсе, осы маусымда талассыз көшбасшы болды. Бірақ осылай күтпеген жерден бұлт ете қалуға себеп табылғаны өкінішті-ақ.
Ару өз отандасы Нибалидей ашық бола алған жоқ. Нибали 2016 жылы «Астанадан» кететінін күнібұрын айтты. «Бахрейн Мерида» командасы өзіне сенім артып отырғанын, айналасына кіл мықты шабандоздарды жинап, жаңа маусымға тегеурінді команда болып қосылуға ниетті екенін жұртқа жариялады. Сондықтан «Астана» басшылығы сырттан супершабандоз іздеп әуре болмай, Аруға сенім арта бастады. Өткен жылы да, биыл да «Тур де Франс» велобәйгесінде Фабионы капитан деп жариялап, оған Нибалиді де, Фульсангты да, Лопесті де көмекке жұмылдырғаны бекер емес-ті. Өзі қатысқан алғашқы «Франция турында» Ару жанып кетті. Жарыс соңына екі кезең қалғанша үздік ондықта тұрып, соңғы таулы кезеңде барлығып қалды. Сонда да «Астана» одан үміт үзген жоқ. Биылғы «Тур де Франста» Ару біраз алға жылжыды, жарысты үздік бестікте аяқтады. Осылайша бірте-бірте мықтылар арасында тұлғаланып келе жатқан италиялық шабандоз «Астанадағы» 6 жылдан кейін бағын басқа тараптан іздемек.
«Астананың» бас менеджері Александр Винокуров та бұл шешімді тым ауыр қабылдағандай:
— Ару өз келісімшартын жариялауды сонша созғаны маған тіпті түсініксіз. Шынын айтқанда, осы әрекеті арқылы ол біздің команданы тығырыққа тіреп отыр. Арудың «Астанамен» келісімшарты бойынша егер ол осы шартты тағы ұзартатын болса, біз орнын сақтауға міндетті едік. Сондықтан өз бюджетіміздің мүмкіндігіне орай жоғары деңгейлі басқа шабандоздармен келісімшарт жасай алмайтын жағдайда болдық. Күні кешеге дейін ол не «иә», не «жоқ» деп айтпады. Мықтылармен келіссөздер түгел аяқталған осы кезде біз ақпарат құралдарынан Арудың басқа командаға ауысуға шешім қабылдағанын біліп отырмыз. Басқаша айтқанда, ол соңғы сәтке дейін «Астанадағы» орнын қызғыштай қорып отырды да, «генералдардың» трансферлік нарығы аяқталған кезде бізге еш таңдау қалдырмады. Сәл бұрын ғана Уран мен Кинтананы командамызға шақыру мүмкіндігі бар кезде біз Аруға сеніп, артық қимыл жасамаған едік, – дейді Винокуров.
«Астана» сапында Ару жаман болған жоқ. 2015 жылы ол «Вуэльтада» топ жарды. 2014 жылы «Джиро д’Италия» көпкүндігінде – үшінші, 2015 жылы екінші орын жеңіп алды.
Оның «Астанадан» кету себебін қазірден-ақ болжауға болады. Арудың келісімшартында оның қазіргі жалақысынан қай команда 20 пайыз артық ақша төлейтін болса, соған кетуге құқы бар екені көрсетілген. Ару соны пайдаланып отыр. Яғни Әмірліктің командасы италиялық шабандозды ақшаға қызықтырып отыр.
Ал «Астана» алдағы жылы өз ішіндегі мықтыларға сенім артпаса болмайды. Биыл бас командамыз жас шабандоз Евгений Гидичпен және канадалық Уго Улемен келісімшарт жасасты. Бірақ олардың ертең бірден от пен суға салмайтыны анық. Демек, Якоб Фульсанг, Алексей Луценко және Мигель Анхель Лопес сияқты шабандоздарға сенім артпаса, басқа жол жоқ.