Өткен жексенбіде мерейлі «Джиро» мәреге жетті. Биыл даңқты көпкүндік 100-рет өткізілді. Италияның «етігі» теуіп жатқан Сицилия мен сәл әріректегі Сардиния аралдарынан басталып, биылғы дода дәстүрлі түрде Милан қаласындағы Дуомо ғибадатханасы маңында мәреге жетті. Ғасырлық жарыс осылайша мерейлі жылы «шетелдерге шашау шықпай», Италияның ішінде өтті. Бұл жарысты жеңіп алған велошабандоз есімі тарихқа мәңгі жазылатыны сөзсіз еді, сондықтан «алқызыл жейде» үшін талас та өте тартысты өтті.
Өкінішке қарай, «Астана» былтырғыдай олжа сала алмады. Өткен жылы «Астананың» серкесі Винченцо Нибали соңғы «достық кезеңі» алдында ғана «орикалық» Эстебан Чавесті басып озып, айдарынан жел ескен еді. Биыл «Джиро» басталмай жатып-ақ «Астана» қиындықтан көз ашпады.
Әуелі «Джирода» команда серкесі Фабио Ару болатыны бекітіліп еді. Былтырғы «Тур де Франста» үздік жетілікке еніп тұрып, соңғы кезеңдерде 13-орынға бірден сырғыған жас капитан енді есесін «Италия турында» қайтарса керек еді. Бірақ жаттығу барысында Ару қатты құлап, жарақаттанып қалды. «Астана» енді сынға Микеле Скарпониді капитан ретінде дайындай бастады. Бірақ Скарпони 21 сәуірде кездейсоқ жол апатынан қаза тапты… «Астана» тығырыққа тірелді. Дегенмен азаматтықты алға қойып, қазақстандық команда Скарпонидің «Джиродағы» реттік нөмірін өзгеріссіз қалдырды, яғни орнына ешкімді қосқан жоқ. Мұндай жағдайда команданың жоғары орындарға таласу қиындау еді.
Мерейлі «Джиро» басталғанда «Астана» сапынан Танел Кангерт оқшаулана бастады. Ол алғашқы жетілікке еркін еніп, бірте-бірте шын бабына ене бастады. Бірақ қырсық бір айналдырса шыр айналдырады екен. 15 кезеңде, 21 мамыр күні Кангерт жол ортасындағы белгіге соғылып, иығын сындырып алды. Оған Брешия қаласында жедел ота жасалды. 7 шабандозы ғана қалған «Астана» енді осы саппен көпкүндікті аяқтауға, лажы болса, бір кезеңді ұтып алуға әрекеттенді. Алайда ол да қол жетпес меже болып қала берді.
«Біз барымызды салдық. Соңғы екі кезеңде Санчес алға ұзағандар қатарында болды. Бильбао бір кезеңде мәреге төртінші болып жетті. Дегенмен бұл «Джиро» біздікі емес екені әу бастан-ақ белгілі болған-ды. Көшбасшысыз жүлделі орындарға таласу өте қиын. Спорт деген осындай. Біздің команда жеңуге, көшбасшының жейдесін киіп жүруге үйреніп қалып еді. Енді «Тур де Франс» пен «Вуэльтада» барымызды саламыз», – деді команданың бас менеджері Александр Винокуров.
Жеңімпаз соңғы кезеңде ғана анықталды. Арасында бір-екі рет көшбасшы жейдесін киіп, оны Найро Кинтанаға беріп қойған Том Дюмолен («Сануеб», Голландия) жеке жарыста негізгі қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, жеңіс тұғырына көтерілді. Кинтана («Мовистар») – екінші, Нибали («Бахрейн») үшінші сатыға табан тіреді. Миландағы жеңіс тұғырына «астаналық» Луис Леон Санчес те шықты. Оған Мортироло тауындағы өрге бірінші шыққаны үшін Скарпони атындағы арнайы жүлде табыс етілді.
Қазақстандықтардан бұл сында Андрей Зейц дәстүрлі түрде жақсы өнер көрсетті. Ол команда көшбасшыларына тынбай көмек берді. Ал «гранд-турға» тұңғыш рет қатысқан Жандос Бижігітов «Джиродан» көп нәрсе көңілге тоқығанын айтады. Екі жыл бұрын ғана «Vino 4ever» құрлықтық командасында дөңгелек айналдырып жүрген жігіт үлкен аламанды бірсыдырғы өткізді. «Келесі жылы бұл додаға үлкен үмітпен, басқа тапсырмамен оралғым келеді» деді ол.

Жарыс қорытындысы:
1. Том Дюмолен (Голландия, «Сануеб») – 90:34:54
2. Найро Кинтана (Колумбия, «Мовистар») – 0:31 секунд артта қалды
3. Винченцо Нибали (Италия, «Бахрейн-Мерида») – 0:40
…14. Дарио Катальдо (Италия, «Астана») – 24:40
…32. Йеспер Хансен (Дания, «Астана») – 1:36:32
…43. Луис Леон Санчес (Испания, «Астана») — 2:16:12
…63. Андрей Зейц (Қазақстан, «Астана») – 2:56:15
…66. Пельо Бильбао (Испания, «Астана») – 3:01:22
…83. Паоло Тиралонго (Италия, «Астана») – 3:28:53
…160. Жандос Бижігітов (Қазақстан, «Астана») – 5:26:28

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here