(Бұл сыр-әңгіме қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтен 2009 жылдың көктемінде жазылып алынып еді. «Шәмші» журналында жарық көрді. Дегенмен оқырмандар санасында бір жаңғыртып алу үшін «Статспорт» порталына салып отырмын)
2008 жылдың қара күзінде қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов атажұртына келді. Батырды алқалаған, бір ауыз лебізін естуге асыққан жұртта есеп болған жоқ. Спортшының бір басына жетерлік барлық атақты иеленген Әлжан Мүсірбекұлына бір ғана нәрсе – атамекен ауасы жетіспей жүргенін осы сапар барысында бәріміз аңғардық. Әлжан аға Қазақтың туризм және спорт академиясында өткен кездесуде қазақша сөйлеп, көзіне жас алды, домбыра үнін беріле тыңдады. Мәскеуге туған елінен үлкен күш алып қайтқаны сөзсіз. Бүгінгі техника заманында Әлжан ағамызбен қайта дидарласу, сұхбаттасу қиынға түскен жоқ. Даңқты баскетболшымен арамызды енді ғаламтор жалғады.
Балалық шағым
Балалық шағымды еске алсам, мына бір жай санам жиі орала береді. Біз Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты, бұрынғы Бостандық ауданының Табақсай ауылында тұратынбыз. Үйіміз барақ еді. Әкем бірде жер учаскесін алды да, үй соға бастады. Біз Тамара әпкем екеуміз түсте әкемнің ауқатын апарып беретінбіз. Ол кезде шамасы 4 жастамын. Әкем түстеніп отырғанда үйдің іргетасына шығып, ішіне үңілгенімде, үй маған өте үлкен болып көрінген-ді. Сол там саманнан соғылса да, әлі күнге дейін бар. 60 жылдан асса да, бір кірпіші сетінеген жоқ. Қазір барсам, төбем тиіп қалады. Бір кездері маған ғаламат биік болып көрінген үйдің қаншалықты жатаған екенін, сонда да маған соншалықты ыстық екенін енді сезініп келемін. Ауылда әкем соққан басқа үйлер де әлі мызғымай тұр.
Бала күнімде мейірімді, еңбексүйгіш болған сияқтымын. Дегенмен ол кездегі балалардың жаман болуға хақы жоқ еді. Бәріміз ата-анамыздың бау-бақша өсіруіне көмектесетінбіз. Арам шөбін жұлатынбыз, түптейтінбіз. Сәл өскен соң мен әкемнің құрылыс жұмыстарына да көмектесе бастадым. Лай айдап, кірпіш құйдым, қабырға сыладым. Қысқасы, әкемнің нағыз көмекшісі болдым. Шешем Запорожье казагының қызы болғандықтан ба, түр-түсім әуелде қазақтан гөрі, орысқа көп келіңкіремейтін. Көргендер мені орыс баласы деп қалатын. Оларға қазақша жауап қайтарсам, «өй, мынаның төбесінің тесігі бар ғой» десіп мәз болатын. Ең қызығы, жасым ұлғая келе мен қазақтық қанымды қайта тапқандаймын. Қазіргі бет-жүзіме қараған адам менің азиат екенімді, онда да қазақ екенімді сөзсіз мойындайды.
Ата-тегім және ата-анам
Біздің әулет кейіннен Өзбекстанға қарап кеткен Бостандық ауданына аштық жылдары қоныс аударыпты. Әйтпесе негізгі ата-жұртымыз – Қызылорда өңірі. Кіші жүздің Жаппас руынанбыз. Сондықтан мені «өзбек» деп жүргендер қатты қателеседі. Өкінішке қарай, ата-бабаларым жайлы әкемнің айтқандары көп есімде қалмапты. Атам Жармұхамедтің сұңғақ, денелі болғанын білемін. Әкем Мүсірбек те ұзын бойлы адам еді. Нағашы атам ауылдың ұстасы болған екен. Шешем бірде әкесінің суретін көрсетті. Патша әскерінде борышын өтеп жүрген кезінде түскен суреті екен. Қасындағы полктастарынан бір бас жоғары тұр! Демек, менің сұңғақ болуыма екі жақтың да – әкемнің де, анамның да қаны «кінәлі».
Әкем Мүсірбек, анам Прасковья да өте еңбекқор еді. Бізді жақсы азамат етіп өсіру үшін не істемеді олар! Иә, ол бір қиын кездер еді. Сонда да біздер бақытты едік. Ата-анамыздың шексіз мейіріміне шомылып өскеніміз үшін бақыттымыз.
Спортқа келуім жайлы
Жалпы мен әу баста «спортшы боламын» деп ойлағаным жоқ. Тіпті мектеп қабырғасында баскетболмен айналысып көрген де емеспін. Орта мектепті бітірген соң, екі жылға жуық Шыршық қаласындағы «Өзбекхиммаш» зауытында тегістеуші болып жұмыс істедім. Зауыттың спорт нұсқаушысы Роман Салетдинов бір күні сөзге тартып, баскетболға қаншалықты ықыласты екенімді сұрады. Әуелде бұл сөзге мән бермедім. Бірақ Роман өте табанды екен, қоймай үгіттеп, көндірді. Күні бойы станокта тік тұрып жұмыс істеймін де, кешкісін залға келемін. Қатты шаршасам да, екі сағатымды жаттығуға арнаймын. Сөйтіп жүргенде бір күні екі саусағымды станокқа кестіріп алдым. «Бәрі бітті» деп ойладым. Баскетбол добын жаңа ұстап жүрген кезім болғандықтан, кейін жазылып, қатарға қосылғанда саусақтарымның шолақтығы көп кедергі келтірмеді. Тіпті анадан солай туғандай ойнай беретін болдым. Зауытта арнайы бетқалқасыз дәнекерлеу жұмысын жүргізіп, көзімді де нашарлатып алғанмын. Кейін алаңда арнайы линзамен ойнайтын болдым. Ол кездегі линзалар қазіргідей емес, қатты. Соқтығысқан кездерде түсіп қалып, серейген-серейген жігіттер төрттағандап линзаны іздеген кездеріміз бар. Кейін орашолақ көрінбес үшін линзаның төрт-бесеуін бір-ақ жасатып алатын болдым.
Салетдинов ақыры қоймай жүріп, менің Дене тәрбиесі институтына құжат тапсыруыма жол ашты. Сол үшін де Ромаға қазір мың мәрте рахмет айтамын! Қазір ойлап отырсам, өмірімнің осындай жақсы жолмен қалыптасуына көптеген ізгі жандар әсер еткен екен. Егер сол 1962-63 жылдары мен отбасы жағдайына орай Өзбекстан мемлекеттік дене тәрбиесі институтына бармасам, бәрін жоғалтқандай екенмін. Ол кезде әкем мен анам да ауырып қалған еді. Үлкен әпкем күйеуінен ажырасып, үйге кішкентай қызымен келіп отырған. Қарындасым мен інім мектепте оқитын. Үйде жұмыс істейтін жалғыз мен едім. «Оқуға бар, бірақ мен саған көмектесе алмаймын» деді әкем бірден. Қанша қиналсам да, Ташкентке оқуға кеттім. Күніне 1 сом шәкіртақыға оқыдым. Егер әкем сол кезде: «Оқуыңның жолы болсын, бармайсың!» – деген болса, қайтер едім? Зауытта қала берер едім ғой. Ондағы жаман әдеттерді бойыма сіңірмей тағы тұра алмауым мүмкін еді. Тегістеушінің жұмысы өте ауыр, оның үстіне жұмысшылардың көпшілігі ащы сумен дос болатын. Сондықтан да мен өзімді жолы болғашы адам санаймын. Құдайға шүкір!
Институтта бапкерлер спортқа кештеу келгенімді айтқанда, іштей өзімді қамшыладым. Қалайда өзгелерді қуып жетуге бел будым. Тіпті дәрістер арасындағы үлкен үзілісте де киімімді ауыстыра салып, жаттығуға кірісіп кететінмін. Борша-борша терлеп, сабаққа кіретінмін. Сабақтан соң командаластарыммен жаттығуым тағы бар. Бір күні осынша жаттығудан талып құладым. Организмді әбден қинап жібергенмін ғой. Тіпті жүрегім де сыр бере бастаған екен. Бапкерім мені санаторийге жіберуге мәжбүр болды.
Спорттағы жетістіктерім
1967 жылы КСРО чемпионатының бірінші тобында ойнайтын «СКА-Ташкент» командасына алындым. Содан әрі спорттағы жеңісті жолым басталды. КСРО құрамасына да қабылданып, сол жылы Еуропа чемпионы атандым. Бірақ ЦСКА-ның бас бапкері А.Гомельский мені өз командасына қоймай шақырды. Екі жыл бас тартумен жүрдім. Әрине, ол жылдары жүйеге қарсы тұру оңай емес еді. Сонда да Гомельскийдің өз дегеніне жету үшін солақай тәсілдің бәрін қолданып жатқанына қарсы болдым. Гомельский мені 1968 жылғы Рим олимпиадасына апармады. Ол жылдары КСРО құрамасының негізгі ойыншысы болмасам да, әр ойында барымды салуға дайын едім. Иә, мұндай көзбояушылықтан іштей сынып кетуге де болатын еді. Бірақ мен екілене жұмыс істей бастадым. «Ұлы» бапкерге өзімнің мықты екенімді қалайда дәлелдеуді басты мақсат етіп санадым. Бірде Гомельскийдің ұлы Александр: «Әке, сен Жармұхамедовты жарысқа алмаған кезде үнемі жеңіліп қайтасың», – депті. Шынында да солай. 1968, 1977 және 1980 жылдары солай болған…
Бірақ Гомельский бәрібір дегеніне жетті. 1969 жылы Ташкентке әскери комиссариаттың адамдары келіп, мені алып кетпек болды. Әскерге барсам, бірден Гомельскийдің қолын түсетінімді түсіндім де, киім ауыстыратын бөлменің терезесінен секіріп, қашып кеттім. Құжаттарымды тез ала салып, Алматыға тарттым. Бірақ Алматыда көп тұрақтап қала алмадым. «Локомотив» командасының басшылығы қазіргі Абылай хан даңғылындағы №5 үйден пәтер береміз деп, тіпті оның терезелерін де сыртынан көрсеткен-ді. Бірақ олар уәдесінде тұрмады. «Есік» қонақүйінде 6 ай күтіп, әйелімнің аяғы ауыр болған соң Ташкентке қайтуыма тура келді. Оның үстіне, Ригада өткен Бүкілодақтық спартакиадада Қазақстан құрамасы сапында ойнауыма өзбекстандықтар қарсы болды. Ақыры Қорғаныс министрінің орынбасары Соколовскийдің қолы қойылған бұйрық арқылы әскерге алындым. 1969 жылдың қарашасында ЦСКА-ға қосылдым. 1970 жылы Мәскеуден үй берді, отбасымды көшіріп алдым.
Олимпиададағы жеңіс
1972 жылғы Мюнхен олимпиадасының қарсаңында құрамадағы менің орныма ешкім шүбә келтірмеді. Мені жұрттың бәрі ол кезде «Темір Жар» деп атайтын. Олимпиада финалына дейінгі ойындарымызды бірсыдырғы, тәуір өткіздік. Жартылай финалда Куба құрамасын ұттық. Алда – финал. Қарсыласымыз – бұған дейін олимпиадаларда 63 кездесу өткізіп, соның бәрінде жеңіске жеткен АҚШ құрамасы. Жалпы осы финал, оның тағдырын шешкен 3 секунд туралы сан рет айтылды да, жазылды да. Менің қосарым, мәселе толық шешілгенше, яғни, заңды жеңісіміз мойындалғанша біз ұйықтаған жоқпыз. Тек ертеңіне, түскі сағат 2-лер шамасында сүйінішті хабар жеткенде ғана өз-өзімізге келдік. Сосын тойладық!
1976 жылғы Монреаль олимпиадасында да дара шығуымызға мүмкіндік бар еді. Бірақ бізді Мюнхендегі жеңісіміздің елесі тұсаған сияқты. Сондай-ақ, команда көшбасшыларының 4 жасқа қартайғаны да өз әсерін тигізді. Ізімізді баса қоятын жастар ол кезде әлі өсіп-жетілмеген еді.
Отбасым, бауырларым
Өзбекстан дене тәрбиесі институтын бітірген соң, ТашМУ-дың журналистика факультетіне түстім. Университет командасымен жаттыға бастадым. Бір күні университеттің қыздар құрамасының жаттығуын көріп қалдым. 9-нөмірлі жейде киген қыз назарымды бірден аударды. Достардан сұрап едім, олар бұл қыздың Әндіжаннан, аты Лариса екенін, тарих факультетінің І курсында оқитынын айтты. Сосын өзім барып таныстым. Екеуміз 1968 жылы үйлендік. Владислав есімді үлкен ұлым 1969 жылы Ташкентте дүниеге келді. Сергей есімді екінші ұлым 1976 жылғы Монреаль олимпиадасы қарсаңында Мәскеуде туды. Екеуі де баскетболмен айналысты. Владислав қазір балалар мен жасөспірімдердің баскетбол мектебін басқарады, ал Сергей – 2008 жылдың шілдесінен бері ЦСКА-ның жастар командасының бапкері. Екеуі де өздерінің ата-тегін жақсы біледі.
Әпкем Тамара қазір – Өзбекстанда, қарындасым Райхан Қырғызстанда тұрады. Інім Ержан Ресейден, Малоярославльден қоныс тапты. Төртеуміз төрт тараптамыз десем де болады.
Аңсарым – Атамекенім
Алматыға екі рет қоныс тебуге мүмкіндігім болды. Екеуінде де менің еркімнен тыс жайларға орай осы бір тамаша қаладан кетуге мәжбүр болдым. Десе де Қазақстанда өмір сүруден қашып жүргенім жоқ. Жалпы атамекен туралы әңгіме қозғалса, көңілім алабұртып, көзіме жас тығылады. Еңбек демалысымды ала салып ешқайда бұрылмай, Табақсайға тартатын әдетім әлі күнге тыйылған жоқ. Тек заман ауысып, мемлекеттер өз алдына тәуелсіздік алғанда 10 жылдай елге бара алмадым. Ал 2008 жылдың қазан айында Алматыға Мүсілім Дайырбеков арнайы шақырғанда, ойланбай тартып бердім. Алматы әуежайына табаным тигенде, тұла бойымның қызғаны-ай! Отбасым да Алматыға келуіме қарсы емес. «Күндердің күні Алматыдан да несібе бұйырар» деген үмітпен ғұмыр кешіп жатырмын.
Жазып алған Есей ЖЕҢІСҰЛЫ