Биылғы мергендер бәсекесі де тартысқа толы болды. 29 турда қос доп соққан соң, «Қайраттың» мергені Адеринсола Есеола 18 голмен басқа қарсыластарынан ұзап кеткендей еді. Ендігі егес командаласы Мартон Еппелмен (16 доп) екеуара ғана болатындай көрінді. Тіпті 5 қазандағы «Қайрат» — «Ақтөбе» кездесуінде Еппел қақпаға тепкен допқа соңғы болып Есеола аяғын тигізіп, өз есебіне жазғанда, венгриялық шабуылшы қатты өкінгендей де көрінген. Бірақ 31 тур аясындағы «Астана» — «Ақтөбе» кездесуінде хорват вингері Марин Томасов «айды аспанға шығарды»: ол Равиль Нұрмұхаметов қорғаған қақпаға бірден төрт доп тоғытып, жиыны 19 голмен көш басына шығып кетті. Соңғы турда Есеола «Атырау» қақпасын дәл көздеп, Томасовпен теңесті. Демек, Томасов пен Есеола – премьер-лиганың биылғы бас мергендері. Дегенмен Есеола барлық добын ойын сәттерінде соққандықтан, «астаналық» бәсекелесінен бір саты алда болып есептелетіні анық. Томасов бір допты пенальтиден енгізді.

«Қайрат» командасы жыл мергендері жағынан бірінші орынға шықты. Осымен алтыншы рет «Қайраттың» футболшылары маусымның үздік мергені атанып отыр: 1999 жыл – Р.Ағабаев (24 гол); 2004 жыл – А.Тлехугов (22); 2015, 2016 және 2017 жылдар – Ж.Гоу (22, 22, және 24); 2019 жыл – А.Есеола (19). Бұған дейін «Ертістің» және «Тобылдың» шабуылшылары бес маусымда бас мерген атанған еді.

Ал екі футболшының үздік мерген атануы үшінші рет болып отыр. Алғаш рет 2004 жылы «тобылдық» Ұ.Бақаев пен «қайраттық» А.Тлехугов 22 доптан соғып, мәреге қатар жетіп еді:

  1. 2004 жыл. Ұ.Бақаев («Тобыл»)/А.Тлехугов («Қайрат») – 22
  2. 2009 жыл. М.Тілешев («Ақтөбе»)/В.Байрамов («Тобыл») – 20
  3. 2019 жыл. А.Есеола («Қайрат»)/М.Томасов («Астана») – 19

Осыған дейін тәуелсіз Қазақстанның 28 чемпионаты өтсе, соның он бесінде бас мергендер соққан доп саны жиырмаға жетпепті. Биыл Есеола мен Томасов та екінші ондыққа бір гол жетпей тоқтады: 1997 (Н.Мазбаев, «Тараз», 16 доп), 2002 (Е.Лунев, «Шахтер», 16), 2003 (А.Финонченко, «Шахтер», 18), 2006, 2007 (Ж.Ырысметов, «Алматы», 17 доптан), 2008 (А.Голбан, «Тобыл», 13), 2010, 2011, 2012 (Ұ.Бақаев, «Тобыл» және «Ертіс», 16, 18, 14), 2013 (И.Зенькович, «Шахтер»/«Ақжайық», 13), 2016 (Ф.Кетевоама, «Астана», 16), 2018 (М.Пизелли, «Ақтөбе», 18), 2019 (А.Есеола, «Қайрат»/М.Томасов, «Астана», 19 доптан) маусымдарда мергендер 20 голға жеткізе алмады. Соңғы онжылдықта премьер-лига мергендері бұл көрсеткішке жеті жыл жете алмапты.

Қазақстандық шабуылшылар мергендер көшінде үздік шықпағалы да он жылдан асты. Соңғы рет Мұрат Тілешев 2009 жылы «Ақтөбе» сапында бас мерген атанған еді.