Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, сәуір айының соңғы онкүндігінде Азияда спорттың көптеген түрі бойынша құрлық біріншіліктері өтеді. Бүгін боксшылар жарысты бастайды, ал зілтеміршілер мен жеңіл атлеттер 20 сәуірден кейін додаға түседі.
Күрес түрлері бойынша Азия чемпионаты 23-28 сәуір аралығында Қытайдың Сиян қаласында өтеді. Жақында ұлттық құрама бапкерлері осы сынға қатысатын балуандар тізімін жариялады:
Грек-рим күресі. 55 келі – Қорлан Жақанша, 60 келі – Мейрамбек Айнағұлов, 63 келі – Құдайберген Тұрсынов, 67 келі – Мейіржан Шермаханбет, 72 келі – Демеу Жадыраев, 77 келі – Темірлан Шадукаев, 82 келі – Мақсат Ережепов, 87 келі – Азамат Құстыбаев, 97 келі – Әлімхан Сыздықов, 130 келі – Дамир Күзембаев. Бас бапкер – Нұрым Дүйсенов.
Өткен жылғы Азия чемпионатында (Бішкек, Қырғызия) біздің классик балуандар екі алтын (А.Кебісбаев, А.Ділмұхамедов), бір күміс (Д.Жадыраев), төрт қола жүлде (Қ.Жақанша, М.Айнағұлов, М.Ережепов, Е.Ысқақов) иеленген еді. Биыл Жақанша, Жадыраев, Айнағұлов, Ысқақов нәтижелерін жақсартуға тырысады.
Еркін күрес. 57 келі – Мейрамбек Қартбай, 61 келі – Бауыржан Төребек, 65 келі – Дәулет Ниязбеков, 70 келі – Нұрқожа Қайпанов, 74 келі – Данияр Қайсанов, 79 келі – Ғалымжан Өсербаев, 86 келі – Әділет Дауланбаев, 92 келі – Ералы Әбдірашев, 97 келі – Әлішер Ерғали, 125 келі – Олег Болтин. Бас бапкер – Әсет Серікбаев.
Былтырғы құрлық додасында Д.Ниязбеков пен Н.Санаев чемпион атанған еді. Санаев бұл жолы қатыспайды. Ә.Дауланбаев өткен жылғы күмісін – алтынға, Д.Қайсанов қоласын одан да жақсы жүлдеге айырбастауға мүмкіндігі бар. Ал Бішкек кілемінен қола арқалап қайтқан Ж.Ысмайылов, М.Әшіров, А.Дәулетбеков Сиян біріншілігіне бармайды.
Әйелдер күресі. 50 келі – Валентина Исламова, 53 келі – Татьяна Ахметова, 55 келі – Марина Седнева, 57 келі – Эмма Тисина, 59 келі – Мәдина Бақбергенова, 62 келі – Аяулым Қасымова, 65 келі – Айна Теміртасова, 68 келі – Ирина Казюлина, 72 келі – Жәмила Бақбергенова, 76 келі – Гүлмарал Еркебаева. Бас бапкер – Нұрлан Аманқосов.
Бұл сынға Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова қатыспайды. Ол өткен жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған еді. Сондай-ақ тағы бір қола жүлдегер Жұлдыз Ешімова да тізімде жоқ. 68 келіде күрескен И.Казюлина өткен жылы жартылай финалда қытайлық Чин Жудан жеңіліп еді. Биыл көрсеткішін жақсарта түсуге мүмкіндігі бар.
Күрес түрлерінен биылғы әлем чемпионаты 14-22 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан (Қазақстан) қаласында өтеді. Токио олимпиадасының жолдамасы да осы сыннан бастап таратылады. Әлем чемпионатының қорытындысында алғашқы алты орынға ие болған балуандар бірден Токио додасына жолдама алады. Одан кейін 2020 жылдың наурыз және сәуір айларында өтетін құрлық чемпионаттарында тағы сегіз жолдама сарапқа салынады. Соңғы екі жолдама алдағы жылдың сәуірінің соңы мен мамырының басында әлемдік іріктеу турнирі қорытындысында беріледі. Әр салмақта 16 жолдама сарапқа салынып, олимпиадаға барлығы 288 балуан қатыса алады. Айта кетейік, жолдамалар нақты спортшыларға емес, жолдама жеңіп алынған салмақ дәрежелеріне беріледі.