Бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық үшінші орын иеленді. Алда – 5 алтын, 2 күміс олжалаған Куба, екінші – 1 алтын, 3 күміс, 2 қола жеңіп алған Өзбекстан. Біздің қоржында – 1 алтын, 2 күміс, 3 қола.

Бұл аз олжа емес. Әсіресе мамыр айында өткен Азия чемпионатынан кейін қазақ боксын «арулап көміп» қойғандар үшін қапысыз жауап. Ташкентте өзбек-әкәлар он салмақтың тоғызында топ жарып, қарсы келген қазақтың бәрін «қиратқанда», «қазақ боксының рухы Риодан кейін Атлант мұхитынан аспай қалыпты» дегендер көп болған. Тым көп еді.

Бапкердің сабыры

Бас бапкер Мырзағали Айтжановты Бакуге, Ислам ойындарына бара жатқан жерінен көріп қалып, сұрақтың астына алған кезімізде де саспаған. «Кімнің кім екенін уақыт көрсетеді» деп салқын жымиып еді. Біз бапкер мырзаның шектен шыққан сынға сырттай сыр бермегеніне сүйсінбесек те, бір білгені бар екеніне сенгенбіз. Әйтпесе Рио олимпиадасынан кейін құрама түгел дерлік жаңарды емес пе? 49, 52, 60, 64, 69, 75, 81, +91 келі салмақ дәрежелерінде қарашадағы ел чемпионатында топ жарған я көзге түскен жастарға сенім артылды. Ташкентке барып, талайсыз «жеңіліп» қайтқандар да солар еді. Тіпті 49 және 60 келіде әлем чемпионатына жолдаманы Жомарт пен Құрметов қосымша жекпе-жектерде ғана қол жеткізді. Жомарт мұнда да жеңіліп қалып, индонезиялық Корнелиус Вангудың бас тартуы себепті ғана дүние додасына жолдама алды емес пе? Осылай тұңғиыққа бір батып, бір шығып жүрген жігіттерді салқын ақылға салғандар асықпай күтті, ақылынан тілі ұзындар жерден алып, жерге салды.

Сондықтан да Гамбургте (Германия) өткен әлем чемпионатына үмітпен көз тіктік. Азамат Исақұлов (52 келі), Әділет Құрметов (60 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі) тең жағдайда қарсыластарынан жеңілгенде, боксымызға шынында да қара түн орнап келе жатқандай қорықтық. 81 келі салмақта жұдырықтасқан Ерік Әлжанов ширек финалда Бектемір Меликузиевке (Өзбекстан) майдан салып, төрешілердің шешімімен 2:3 болып ұтылғанда, күдіктен гөрі үміттің бой алып келе жатқанын байқадық. Ерік Бектемірден жеңілген жоқ. Тік тұрып айқасты. Үшінші раундта өзбектің белсенді бір-екі қимылы ғана таразы басын қарсы жаққа аударып жіберді. Басқа боксшыларымыз жұп жазбастан жартылай финалға жолдама алды. Осы жеңісті жолда Қайрат Ералиев ежелгі қарсыласы – Мұратжан Ахметәлиевті (Өзбекстан),Әбілхан Аманқұл әлем және олимпиада чемпионы Арлен Лопесті (Куба), Ержан Жомарт Еуропа чемпионы Василий Егоровты (Ресей) ығыстырды.

«Ойын» Гамбургте де жалғасты

Жартылай финалға Кубадан – 7, Қазақстан мен Өзбекстаннан 6 боксшыдан шыққасын-ақ бәрі баз қалпына келгендей болды. Бірақ жанкүйер көңілінде күдік қалды. Өзбек боксшыларының ешқайсысы финалға дейін кубалықтармен жолыққан жоқ. 60 келі салмақта Елнұр Әбдірайымов қана жартылай финалға жетсе, Лазаро Альвареспен қолғап түйістірер еді. Демек, мұның астарында үлкен ойын жатыр ғой. Гамбург шаршы алаңында да өзбек боксының мүддесі тым жіңішкеленіп, өте сәтті қорғалып тұр емес пе? Ендеше, финалға өзбектен 4 боксшы шығып, үшеуі Куба қабыландарынан жеңілгенінен не байқайсыз? «Өзбектер қазақтың алдына тағы шығып кетті» деп байбалам салған жөн бе, әлде өзбекстандықтардың турнирдегі жолына үңілген дұрыс па? Меніңше, бірдеңе деудің өзі қисынсыз. Онсыз да бәрі тайға таңба басқандай анық.

Финалға шыққан өзбектің төрт боксшының үшеуі Бостандық аралының жігіттерінен жеңілді. Шахрам Ғиясовтың есеп бойынша басымдығы Рониел Иглесиастан тым артық (5:0) болғанмен, шаршы алаңдағы жағдайдың басқаша болғанын жұрттың бәрі көрді.

Қайраттың мұқалмаған қайраты

2013 жылы Алматыда әлем чемпионаты өткенде біз төрт алтынның буына масайып жүріп, қола жүлдегер атанған Қайрат Ералиевті тіпті елемеп едік. Ол боксымыздағы «қола бала» дегендей ой одан кейін де тарқай қоймаған-ды. 2014 жылғы Азия ойындарында Қайрат қола жүлде алды. 2015 жылғы құрлық додасынан да қола тағынып қайтты. 2016 жылы Рио олимпиадасының беташар жекпе-жегінде әлем чемпионы (2013) Жавид Челебиевті тамаша жеңген соң, Ахметәлиевке жол берді. Биылғы Азия чемпионатының жартылай финалында қытайлық Жаң Жиауейге 2:3 есебімен есе жіберген соң да Ералиев тұғырдың үшінші сатысын меншіктеген. Сондықтан Гамбурге аттанғанда, Қайрат осынша қайрат көрсетеді деп көп ешкім ойлаған жоқ. Бас бапкер Айтжанов қана төл шәкіртінің алымына сенген секілді. Қайрат финалға дейінгі төрт қарсыласының ішінен (Флорес, Ахметәлиев, әл-Хаг, МакГрейл) сыралғы қарсыласы – Ахметәлиевке ғана бір ұпай берді, қалғанын күмәнсіз тұқыртты. Қашықтықты тамаша сезінетін білігімен, қолды-аяққа тұрмас жылдамдығымен, қандай соққыдан болса да сытылып кететін жырындылығымен Ералиев финалдағы қарсыласы Дюк Раганды (АҚШ) қорқытып қойғандай көрінді. Әйтпесе Раганыңыз да жер тарпып тұр екен. Әуелгі екі раундта қорқа жұдырықтаса жүріп, соңғысында серпілем дегенше Ералиев қажет ұпайдың бәрін жинап алды. 3:2 – Ералиев Қазақстан қоржынына әлем чемпионаттарындағы 11 алтын жүлдені салды.

Қанша қола алса да арман биігінен көз тайдырмаған Қайраттың жігеріне сүйсінеміз. Оның алтын жүлдесі бізге екі-үш есе құнды. Біріншіден, ол – ұлттық құрамада қалған санаулы көнекөз. Сондықтан боксымыздың бұрынғы биігін аласартпау міндеті ең алдымен Қайраттай «қарттарға» жүктеледі. Қайрат сол сенімді ақтады. Екіншіден, Қайраттың сырт жерде алтын иеленуі оның психологиялық мығымдығын әйгілейді. 2013 жылы Алматыда қола жүлде алған соң, яғни өз елінде бокс биігіне шыға алмаған соң, ол іштей мүжіліп кетуі де мүмкін еді. Жоқ, керісінше бокстан алар несібесі қоладан да салмақты екенін ол сонау алман жерінде дәлелдеді. Қазақ жігіттерінің рухы мықты, ішкі дүниесі берік екенін Ералиев керемет аңғартты. Үшіншіден, ол осы жолы өзін бір емес, екі рет жүлдеден қаққан – 2015 жылғы әлем чемпионатында, 2016 жылғы Рио олимпиадасында 1/8 финалдан қайтарған М.Ахметәлиевті жеңді. Бұл да біздің боксшының өткен күнмен өмір сүрмейтінін, кешегі күннің үрейін бүгін бастан кешірмейтінін аңғартса керек. «Балуанға оң мен солы бірдей» дегенді Қайрат спорттағы жеңіс жолымен дәлелдеді.

Бір ғана қаупіміз бар. Ералиевтің жасы 28-ден асты. Келесі олимпиадада ол 32 жасқа жақындайды. Тым қартайып қалмай ма? Бокстағы күні көкжиектен алаулай көтерілген кезде уақыт өз дегенін істеп жүрмей ме? Иә, әуесқой бокста 34 жасқа дейін олимпиада дуына түсуге болады. Қайрат осы мүмкіндікті сәтті пайдалануға тиіс.

Жастар жарады

Мырзағали Айтжанов құраманы толықтай жаңартқанда, негізінен былтырғы ел чемпионатының жеңімпаздарына сенім артқанын айтып өттік. Бірақ солардың ешқайсысы баяғы Головкин мен Жафаровтай бірден әлем чемпионатында олжа салар деп күтпегеніміз рас. Ташкенттегі Азия чемпионаты тілімізді тістей сөйлеуге мәжбүрлегендей де еді.

Жастар осы күдіктің бәрін жоққа шығарды. Жомарт Ержан  Азия додасындағы сәтсіздігінің кездейсоқтық екенін дәлелдеді. Құраманың осы салмақтағы таразысы Т.Жүсіпов пен Ж.Ержан жағына кезек ауып тұрғанда, Жомарт осы табысымен біраз мәселеге жауап тапты.

75 келіде жұдырықтасқан Әбілхан Аманқұл тіпті таң қалдырды. Ол Бүкіләлемдік бокс сериясының финалында өзің жеңген А.Лопестен қарымта қайырып қана қоймай, финалға дейін өте сәтті өнер көрсетті. Алтын үшін таласта О.Хижняк (Украина) біздің боксшыдан шынында да басым болды. Бірақ мұның бәрін 20 жастағы оғланымыздың тәжірибесіздігінен десек болады. Ж.Әлімханұлы 81 келіге ауысып, 75 келіде кімнің бірінші нөмірлі болатыны алдымыздан шыққанда, Әбілхан дер кезінде бой көрсетті. Ол енді Т.Құлахмет, Е.Әлжанов секілді жігіттермен бірге осы салмақтың ар-абыройы болатыны сөзсіз.

Ерік Әлжанов болса, өзінікі болып саналмайтын 81 келіде атойлады. Оның жеңілісінің себебін жоғарыда айтып өттік. Бар нәрсеге сабырмен қарайтын Ерік енді бірінші ауыр салмақта Ж.Әлімханұлы мен Ә.Ниязымбетовке лайықты бәсекелес бола алады.

Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда Ш.Ғиясовтан жеңілді. Қазақтың «алтын салмағына» Данияр Елеусінов оралуы мүмкін. Сондықтан Абылайхан мамандар жиі айта беретін «жастар боксынан ересектер боксына ауысу кезеңін» тез өткеріп, ер қайратына мінгені жөн.

Қамшыбек Қоңқабаев финалда ғана сәл босаңсыды. Ол бапкерлер тапсырмасын мүлтіксіз орындады. Тәжірибелі М.Мәжидовтың оң қолының жойқын соққысынан тез сытылып кетіп, бірнеше рет айналдыра ұрды. Бірақ бұл жолы Мәжидовтың асығы алшысынан түсті. Шынын айтқанда, Мұхтархан Ділдәбековтің дәуірінен кейін аса ауыр салмақта ылдым-жылдым қозғалатын, тактикалық ұстанымнан айнымайтын алыбымызды көріп тұрғанымыз осы. Қамшыбек әлі де сәл күш жинауға тиіс. Мәжидовтей алыппен қатар тұрғанда, біздің батыр сәл жіңішке көрінетіні де рас.

Василий Левит бұл жолы қола жүлдемен шектелді. Шектелді дейтініміздің жаны бар. Ол жартылай финалда Ерисланди Савоннан жеңілген жоқ. Өзі айтпақшы, «жеңдім десе де, жеңілді десе де, өз пікірі ішінде қалады». Левит те отызға таяды. Ол Рио олимпиадасында қазаққа 91 келінің жүлдесін тұңғыш сыйлап еді, енді әлем чемпионатында да олқы тұсымызды толтырды.

Қорыта айтқанда

Қазақ боксы буын алмасу кезеңін тәп-тәуір сәтті өткеріпті. Әрине, барған боксшының бәрі әлемдік додадан олжа салуға тиіс емес. Дегенмен 52, 60, 64 келі салмақтарда әлі де ізденуге тура келеді.

Гамбургте өткен әлем чемпионатында кубалық Хулио Сезар ла Крус – төртінші рет, Мұхамедрасул Мәжидов үшінші рет әлем чемпионы атанды. Куба құрамасы 1974 жылдан бергі әлем чемпионаттарында жеңіп алған алтын жүлделер санын 76-ға жеткізді. Екінші орындағы Ресейде – 23, бесінші орындағы Қазақстанда 11 алтын бар. Демек, Куба жуық арада ешкімге жеткізе қоймайды.

(«Жас Алаш», 05.09.2017 жыл)