Данияр Елеусінов кәсіпқойлар арасындағы төртінші жекпе-жегін әдемі жеңіспен аяқтады. АҚШ-тың Бостон қаласында өткен бокс кешінің андеркартында ол жергілікті боксшы Мэтт Догертимен жұдырықтасып, бірінші раундтың ортасында техникалық нокаутпен басым түсті. Бұл кездесу 6 раундқа жоспарланған еді. Елеусінов ә дегеннен жекпе-жек тізгінін қолға алып, қарсыласын бас көтертпей соққылады. Сағат тілі 2 минут, 33 секундты санағанда төреші араға түсіп, тоқтатуға белгі берді. Отандасымыздың екі рет бүйректен, бір рет иек астынан жасаған соққысы Догертиді сансыратып тастағаны сөзсіз еді.

Догерти кейіннен өз пікірін айтып, жекпе-жек нәтижесімен келіспейтінін білдірді. «Менің кездесулерімді қарап жүрген адамдар болса, қарсыласыма алдымен мүмкіндік беріп, мейлінше шаршатып алып барып төпелейтінімді білер еді. Төреші менің жолымды кесті. Ол тоқтата салысымен мен: «Бұл қалай, мен жалғастыруға дайынмын ғой», – деп едім, төреші: «Болды, бұдан әрі қажеті жоқ», – деді. Соңғы раундқа дейін қойғыласуға дайын едім», – деді ол.

Ал Елеусінов қарсыласының демалысы ауырлап кеткенін, жекпе-жек жалғаса берсе, жағдайын одан сайын қиындауы мүмкін екенін айтты. Енді Данияр келесі кездесуін 30 қарашада Монте-Карлода (Монако) өткізуге тиіс. Қарсыласы әлі анықталған жоқ. Бұл жолы ол бірінші ауыр салмақтағы Денис Лебедев (Ресей) – Майк Уилсон (АҚШ) жекпе-жегінің андеркартында өнер көрсетеді.

Отандасымыз кәсіпқойлар арасындағы 4 кездесуін де жеңіспен аяқтады. Ол екі рет – АҚШ-та, екі рет Ұлыбританияда шаршы алаңға шықты.

Бостонда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде WBO тұжырымы бойынша орта салмақта әлем чемпионы атағы сарапқа салынды. Бұл атақ британдық Биллли Джо Сондерске тиесілі еді. Алайда жақында ол допинг-сынамадан өте алмай», атағынан айырылды. Бос атаққа үміткерлер Деметриус Андраде (АҚШ) және Уолтер Каутондоква (Намибия) таласып, америкалық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Жекпе-жек барысында Андраде қарсыласын төрт рет нокдаунға түсірді.

Алдағы уақытта Д.Андраде Геннадий Головкинмен кездесуі өте мүмкін. Отандасымыз алдағы көктемде шаршы алаңға оралады. Сол кезде оның ендігі қарсыласы нақты белгілі болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here