Өткен жылы Фейсбук әлеуметтік желісінде белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы «Қазақтан шыққан қанша әлем чемпионы бар?» деп ортаға сауал тастап, оқырмандарға үлкен қозғау салып еді. Бұл бастама спорттың өткені мен бүгінін, статистикасын жақсы көретін біздің қолайымызға да қатты жақты. Бастамаға үлесімізді қосып, жеке сайтымызда да (statsport.kz) арнайы бөлім аштық. Басты талап – олимпиялық санатқа енетін спорт түрлерінен әлем чемпионы атанған қазақ спортшыларын тану, олардың жеңіс жолына үңілу. 1978 жылы алғаш рет Шәміл Серіков әлем чемпионатында топ жарғалы бері 19 қазақ спортшысы дүниежүзілік додаларда дара шығыпты. «Жас Алаш» газетінің спорт тақырыбындағы игі дәстүрін сақтай отырып, алдағы уақытта осы жеңістердің уысымызға қалай түскенін саралаймыз. Өкінішке қарай, қазақ спорт журналистикасына «шашасына шаң жұқтырмады», «маңдайы жарқырап дара келді», т.б. теңеулер мен эпитеттер етене болып кеткен. Ал нақты мәлімет жоқтың қасы. Сондықтан қазақ спортшыларының әлемдік сындардағы нақты көрсеткішін мұрағаттардан аршуға тура келеді.
Алғашқы кезек – алғашқы жеңіс туралы!
Олимпиялық спорт түрлері бойынша қазақ спортшылары арасынан тұңғыш рет әлем чемпионы атағын 1978 жылы, осыдан 40 жыл бұрын грек-рим балуаны Шәміл Серіков жеңіп алды! Ол Мексика астанасы Мехикода өткен додада дарабоз атанды.
Осы жеңіске ерекше тағдыр иесі Серіков қалай жетті?
Түрлі мұрағаттарды ақтара отырып, біраз нәрсеге көз жеткізген секілдіміз.
Шәміл ұлттық құрамаға қалай қабылданды?
Геннадий Сапунов, грек-рим күресінен КСРО құрамасының бапкері (1970-1979), аға бапкері (1979-1990): «Мен Шәмілді ұлттық құрамаға сонау 1974 жылы, Серіков оқушылар арасында күресіп жүргеннен-ақ «ойша» қоса бастағанмын. Сол кездің өзінде ол кілемдегі еркін қимылымен, тәсілдерінің көптігімен тәнті етті. Содан кейін үнемі Шәмілдің спорттағы ғұмырын қадағалап жүрдім».
Қанша талантты болса да, Ш.Серіков КСРО ұлттық құрамасына бірден мүше болған жоқ. Ол ересектер арасындағы турнирге тұңғыш рет 1977 жылы қатысты. Алматылық жас жігіт Ташкентте өткен Одақ біріншілігінде алғашқы белдесуде олимпиада чемпионы, ульяновтық Владимир Константиновқа тап келіп қалды. Бірден сәтсіздікке ұшырады. 1978 жылы көктемде Серіков Иван Поддубный мемориалының финалына шықты. Қарсыласы – баяғы Константинов. Екі мықты кезек ұпай алып, соңғы минутқа дейін ырғасты. Ақырғы секундтар саналып жатқанда Шәміл екі ұпайға лайық әдіс жасап үлгерді де, 6:4 есебімен жеңіп кетті. Сол жылы Запорожьеде өткен КСРО чемпионатында Серіков алты қарсыласының бесеуін таза жеңіп, біреуін ұпай санымен ұтып, чемпион тұғырына көтерілді. Жауырыны жер иіскегендердің ішінде Константинов та бар еді (есеп – 11:3). Осыдан кейін Серіковке КСРО құрамасының есігі ашылды. 1984 жылы ақпан айында Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетіне берген сұхбатында даңқты балуан бұл сәтті былай деп еске алыпты: «Ел құрамасына қабылдану маған оңай болған жоқ. Ол кезде 57 келі салмақта ульяновтық В.Константинов, Еуропа чемпионы, кировтық В.Погудин сияқты саңлақтар болды. Маған әсіресе Виталий Константиновты ұту қиынға соқты. Үнемі жолымды бөгеп келген оны Минскіде И.Поддубныйды еске түсіруге арналған халықаралық турнирде жеңіп, құрамаға қабылдандым».
Шәміл додаға қалай дайындалды?
В.Болдыревтің дерегіне сүйенсек, Шәміл мен бапкері А.Жарков Мехикода өтетін әлем біріншілігіне «Алматау» туристік базасында дайындықты бастаған. Жарков Мехиконың теңіз деңгейінен биік орналасқанын есте ұстап, шәкіртінің қандай да тосын сыйларға дайын болуын қатты қадағалады. Бұдан кейін құрама балуандары оқу-жаттығу жиындарын Карпат және Кавказ тауларында (Цахкадзорда) өткізді.
«Советский спорт» газетінің 1978 жылғы 20 тамыздағы санында үш дүркін олимпиада чемпионы Александр Медведь кеңес балуандарын ауыр сынаққа дайын болуға шақырды. «1968 жылғы Мехико олимпиадасы мәңгі жадымда қалады. Өте қиын сын болып еді. Жүлде уысыма зор қиындықпен түсті. Тістеніп жүріп күрестім. Басым айналды, ауа жетпей тұншыға бердім, көзімнің алды – бұлдыр тұман еді. Ешкімге оңай болған жоқ. Басты қарсылас – биіктік болды. Ол күштің бәрін сарқып алды. Сондықтан құрама балуандары қиын сынға әзір болғаны жөн» деді Медведь.
Белгілі спорт қаламгері Несіп Жүнісбайұлы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде: «Маусым айының ортасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер кеңесінің шақыруымен өткен физкультура мен спортты дамыту жөніндегі республикалық активтің жиналысында Шәміл Мексикадан әлем чемпионы болып оралатынына уәде берген еді», – деп жазады. Демек, сол кезде Компартия спортшыларға барлық тетіктер арқылы әсер етуге тырысты.
Бұл кезде құрама жағдайы қандай еді?
1978 жылы Еуропа чемпионатында КСРО құрамасы жалпы есепте румын балуандарын алға жіберіп, екінші орынға түсіп қалды. Бұл жайт сол кездегі Одақтың спорт саласы басшыларына тым ауыр тиген сияқты. Олар әлемдік додада құрама мүшелері қалайда командалық үздік атануға тиіс екенін тапсырғаны анық. «Советский спорт» газетінің тілшісі Владимир Голубев 19 тамызда Мехикодан жолдаған мақаласында ықтимал сәтсіздіктің алдын алуға тырысқандай әсер қалдырады: «Запорожьеде өткен ел чемпионатында мамандар кейбір салмақ дәрежелерінде жоғары әлемдік атақтарға таласатын балуандар жоқ екенін атап өтті. Сондықтан бапкерлік кеңестің міндеті тым ауыр еді. Олар сенімді, майданға даяр команда жасақтауға тиіс болатын. Командада әлем чемпионатына бірінші рет қатысатын бес балуан бар» делінген сол мақалада. Одан әрі команда құрамын таныстыра келіп, Голубев «ел чемпионы Шәміл Серіков, Алматыдан» деп қана атап өтеді.
КСРО құрамасының аға жаттықтырушысы Шәміл Хисамутдинов дәл сол кездерде шәкірттері жайлы жұртқа не айтқаны беймәлім. Дегенмен Мехико додасы аяқталып, Одақ балуандары бірінші орын алып қайтқанда: «Шәміл Серіков – биылғы жылдың жаңа есімі. Бойы аласалау осы жігіт құраманың капитаны, олимпиада чемпионы Николай Балбошинге ұқсайды. Тура сондай мізбақпас, қорғанысы тастай берік балуан. Қарсыласының көзіне тура қарап, қалай қаласа, солай – оңға да, солға да лақтыра алады. Оның шабуылдарына төтеп беру тіпті мүмкін емес», – дейді Хисамутдинов. Ал әлем чемпионатынан кейін баяғы В.Голубев: «Шәміл Серіковті КСРО құрамасының жаттығуында анықтап көрдім. Қатты ұнады. Әлем чемпионатының барғандардың тізімінде елеусіз «Шәміл Серіков» деген аты-жөнді көрген әріптестерім «бұл кім өзі?» дегенді айтып қалып жүрді. Оларға: «Осы жылдың болашақ әлем чемпионы», – деп айтқанымнан қайтпадым. Серіков әлем чемпионы атанған жарыстан репортаж жазғанымды мақтан тұтамын» («Советский спорт» газеті, 30.09.1978 ж.), – дейді. «Жеңістің әкесі көп» деген де осы болар, сірә…
Шәміл қалай жеңіске жетті?
КСРО балуандары Мәскеуден Мехикоға жету үшін 18 сағат сарп етті. Олар мінген ұшақ әуелі Канаданың Гандер қаласында, сосын Гаванада (Куба) аяқ суытты.
Жарыс өтетін «Хуан де ла Баррера» спорт сарайы бұл кезде араның ұясындай қым-қуыт еді. Сол кездердегі газет репортаждарына үңіле отырып, Голубевтің мынадай қызық дерегіне жолықтық: «Сарайдың дәлізінде төсбелгі жинаушы балақайлардың ортасынан әзер өтесің. Бәрі «ченч» деп бір ауыз сөз ғана айтады. Өкінішке қарай, кілем айналасында да адамдар қаптап жүр. Ешкім ешкімді тоқтатпайды, қатысушыларға арнайы орын тіпті қарастырылмаған. Балуандар мен бапкерлер табылған жерге отыра кетеді. Көп жағдайда еденге тізе бүгеді. Баспасөз орталығында хаттамаларға қол жеткізу тіпті қиын, бас сұққан адам алып кете береді».
Шынын айту керек, мұрағат деректерінде бірізділік жоқ. Оның үстіне, жарыстың өткізілу жүйесі қазіргідей емес, топтық сын болғандықтан, финалдық кезеңнің ара жігін айыру тіпті қиын. Мысалы, Шәміл финалда Паскуале Пассареллиді жеңді, бірақ Паскарелли тағы бір қарсыласына есе жібергендіктен, қорытынды кестеде қола жүлдегер болып тұр. Сондықтан Шәміл Серіковтің бұл додада кейбір деректердегідей алты емес, жеті белдесу өткізгенін, оның кейбірі туралы ақпараттың жоққа тән екенін мойындауға тура келеді.
Мехикода өткен әлем чемпионатына 33 елден 121 балуан қатысты. Рет саны бойынша бұл он сегізінші дүниежүзілік дода еді. Құрама бапкерлері жеребенің ә дегеннен жолдас болғанына көңіл тоғайтқан секілді. Сонымен, Шәмілдің жеңіс жолы мынадай:
Бірінші айналым. Лионель Перес (Куба) – жеңіс.
Екінші айналым. Йозеф Криста (ЧССР) – жеңіс.
Үшінші айналым. Херберт Нигш (Австрия) – таза жеңіс.
Төртінші айналым. Юдзи Асса (Жапония) – жеңіс.
Бесінші айналым. Юзеф Липень (Польша) – жеңіс.
Алтыншы айналым. Иван Фргич (Югославия) – жеңіс.
Финал. Паскуале Пассарелли (ГФР) – 28:9.
Бұл деректердің бәрі әлі де нақтылауды қажет етеді.
Шәмілдің өз пікірі: «Минскідегі Поддубный мемориалында халықаралық жарыстарда жеңуге болатынын алғаш сезіндім. Ал Мехикода басты қарсыласым – басқа емес, өзім болдым. Жүйкемді мықты ұстауға тырыстым. Өйткені осындай ірі жарыстарда бірінші рет өнер көрсетіп тұрмын ғой. Психологиялық салмақ бәрібір байқалмай қалған жоқ. Оның үстіне, жеке бапкерім Анатолий Жарков та қасымда юола алмады. Анатолий Петрович белдесуге керемет дайындап, ширықтырып жіберудің шебері ғой. Бір ғана нәрсеге өкінемін: осы әлемдік сында олимпиада чемпионы, финн Укколамен кілемге шыға алмадым. Ол алғашқы белдесулерде жеңіліп, жарыстан шығып қалды».
Мехикода өткен әлем чемпионатында КСРО құрамасы 6 алтын, 1 күміс, 3 қола иеленіп, жалпы есепте бірінші орын жеңіп алды.
Шәмілдің жеңісін қазақ халқы қалай тойлады?
Шәмілдің әлем чемпионы атанғанын «Лениншіл жас» газеті «Тұңғыш» (авторы – Н.Жүнісбайұлы) деп алатын материалмен әйгіледі. Онда Н.Жүнісбайұлы Шәмілдің қазақ жастарының арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы екенін ерекшелей көрсетіп, бұл республика спортының үлкен абыройы екенін атап өтті. «Наш счастливый день» («Советский спорт»), «Этот миг повторится» («Вечерний Алматы»), т.б. мақалалар жарыққа шығып, елге жақсы хабарды сүйіншілеп жатты.
Несіп аға тұңғыш чемпионды Алматы әуежайынан қарсы алушылар қатарында да болыпты. Бұл туралы белгілі қаламгер «Ұлынан айналайын!» деген материал жариялап, Мәскеу-Алматы бағытындағы 501 рейспен таңғы сағат 7-де Шәміл Серіковтің елге келіп жеткенін сүйіншіледі. Мехикодағы ерен табыс үшін Ш.Серіковке – КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, А.Жарковқа КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.
Шәміл әлем чемпионы атаған кезде отбасы Бірінші Алматыдағы Чебоксары көшесінде тұратын. Әкесі Кәрім вагон депосында – электр слесарі, ағасы Сәлім – №2752 автоколоннада жүргізуші, інісі Кәміл екінші сынып оқушысы еді. 12 жасар Шәмілді «Локомотив» стадионындағы балалар мектебіне апарып, күрес үйірмесіне жазған алғашқы бапкері Айбек Алдабергенов те, 1979 жылдан КСРО құрамасының бас бапкері Г.Сапунов та Шәмілдің келесі жылы тағы әлем чемпионы атанатынын, 1980 жылы Мәскеу олимпиадасында топ жаратынын, бірақ… 1989 жылы небары 33 жасында өмірден өтетінін тіпті білмеген еді… Тіпті, ешкім де білмеген-ді…
(«Жас Алаш», 27.03.2018)