Қазақстандық кәсіпқой боксшылар жер-жерде жекпе-жектерін өткізіп, жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

Орта салмақтағы Мейірім Нұрсұлтанов өзінің кәсіпқой бокстағы алғашқы титулына қол жеткізді. Лас-Вегас (АҚШ) қаласында «Жоинт» ойын-сауық кешенінде өткен бокс кешінде Мейірім америкалық қарсыласы Жамар Фриманды айқын басымдықпен жеңді. Ол қарсыласын екінші раундта нокдаунға түсірді. Бұл жекпе жекте Солтүстік Америка бокс федерациясының (NABF) жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атағы сарапқа салынған еді. Нұрсұлтанов кәсіпқойлар арасындағы 9 кездесуінің бәрінде жеңіске жетіп отыр (8 нокаут).

Канаданың Монреаль қаласында өткен бокс кешінде Садриддин Ахметов мексикалық Хесус Хавьер Мендосаны небары 57-секундта нокаутпен жеңді. Бұл – Ахметовтың кәсіпқойлар шаршы алаңындағы төртінші кездесуі және төртінші нокауты. Енді Садриддин келесі кездесуін қараша айында өткізеді.

Осы кеште тағы бір отандасымыз Абылайхан Құсайынов та (жеңіл салмақ) ортаға шықты. Ол да мексикалық қарсыласы Хесус Лагунаны еркін жеңді. Құсайынов екінші раундтың соңғы секундтарында қарсыласын нокаутқа жіберді.

Жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде сынға түсетін Станислав Калицкий Екатеринбургте (Ресей) өткен бокс кешінде филиппиндік Джестон Аутидамен қолғап түйістіріп, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жетті. Алты раундтық жекпе-жекте отандасымыздың басымдығы еш күмән тудырған жоқ.

Ал соңғы кездесуінде бірнеше атағынан қатар айырылған Геннадий Головкин биыл шаршы алаңға шықпайды. Бұл туралы белгілі бокс шолушысы Ден Рафаэль оқырмандар сұрағына жауап бере отырып мәлім етті. Ал Головкиннен басым түскен Сауль Альварес алдағы желтоқсанда WBА нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын ерікті түрде қорғайтын болды. Оның қарсыласы – аталған нұсқа бойынша суперорта салмақтағы әлем чемпионы Рокки Филдинг. Бұл кездесу 15 желтоқсанда Нью-Йорктегі «Медисон Сквер Гарден» кешенінде өтеді.

Өткен жылдың 9 қыркүйегінде Астанада соңғы рет жұрт алдына шығып, одан кейін мүлде көрінбей кеткен Жанқош Тұраров жайлы соңғы кездері түрлі сөз гулеген-ді. Оның бокстан мүлде кететіні де айтылып қалды. Алайда боксшы бұл жел сөздердің бәрін жоққа шығарды. «Менің спорттағы ғұмырым біткен жоқ, жаңа басталды» деп жауап берді ол журналист сауалына. Соңғы кездесуінде Тұраров қолы сынса да, аргентиналық Бруно Леонардо Ромейді ұпай санымен жеңген еді. Ол кәсіпқой бокста 22 кездесу өткізіп, бәрінде басым болды, 15 кездесуде қарсыластарын естен тандырды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here