Қазақтан шыққан үшінші әлем чемпионы – ватерполшы Нұрлан Меңдіғалиев. Ол 1982 жылдың 30 шілдесі мен 7 тамызы аралығында Эквадордың Гуаякиль қаласында су спорты түрлерінен өткен әлем чемпионатына қатысып, КСРО құрамасы сапында топ жарды. Қазір біздің бұл жеңіс туралы білетініміз жоқтың қасы. Жақында Нұрлан Жайбергенұлының байланыс нөмірін тауып, сұқбат құрудың сәті түсті.

Эквадорда өткен біріншілік – су добынан өткен төртінші әлем чемпионаты еді. Турнирдің өткізілу реті қазіргіден мүлде бөлек еді. Әуелі 16 команда төрт топқа бөлініп, әр топтың жеңімпазы мен екінші орын алған команда екінші топтық турнирге өтті. Бұл кезеңде бұрын өзара кездескен құрамалар қайта ойнамай, олардың бірінші топтық турнирдегі нәтижесі есепке алынды. Екінші топтық турнирде сегіз команда финалдық төрттікке беретін жолдаманы сарапқа салды. Финалға осы екі топтың екі үздік командалары шықты. Сөйтіп, финалдық кезеңде ең көп ұпай жинаған құрама әлем чемпионы атағына қол жеткізді. КСРО құрамасы бірінші топтық турнирде В тобында сынға түсіп, Австралияны – 11:8, АҚШ-ты – 8:5, Египетті 16:1 есептерімен тізе бүктірді. Екінші топтық кезеңге КСРО құрамасы  АҚШ-пен бірге шықты да, екі команданың өзара кездесуіндегі ұпай да есепке алынды. Басқа екі қарсыласын – А тобының жеңімпаздары Испания (8:7) мен Германияны (11:8) тізе бүктіріп, КСРО-лықтар финалдық кезеңге Германиямен бірге жолдама алды. Нидерландыны 7:5 есебімен жеңген соң, шешуші кездесу Венгриямен өтуге тиіс еді. Алайда мажарлар Германиямен 7:7 есебімен тең түсіп, кеңестіктердің жүгін жеңілдетті. Енді КСРО Венгриядан жеңілмесе жеткілікті еді. Бұл шаруаны Б.Попов шәкірттері абыроймен шешті (7:7).  Нұрлан Меңдіғалиев командаластары Владимир Акимов, Михаил Иванов, Александр Кабанов, Александр Клейменов, Сергей Котенко, Георгий Мшевениерадзе, Еркін Шагаев, Евгений Шаронов, Никола Смирнов, Алексей Вдовиндермен бірге әлем чемпионы атанды.  

– Нұрлан Жайбергенұлы, КСРО құрамасы сапында әлем чемпионы атанғаныңызға 40 жылға жуықтапты. Өкінішке қарай, қазіргі жас жанкүйерлер осы жеңіс туралы көп ештеңе біле бермейді. Ғаламторда да ақпарат тым аз, там-тұм ғана. Рұқсат етсеңіз, сұрақты алыстан бастайын. Сізді құрамаға бірінші кім шақырды? Сол кездегі үлкен жетістігіңіз қандай еді?

– Мен құрамаға 1980 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатынан кейін бірден алындым. Борис Попов мені орталық қорғаушы ретінде шақырды. Жастар құрамасынан төрт адам ұлттық құрамаға ауыстық. Бірақ 1981 жылы Лос-Анжелесте (АҚШ) өткен әлем кубогына сол төртеудің ішінен мен ғана бардым. Біз әлем кубогын жеңіп алдық, содан кейін Еуропа чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткіздік. Бұл сынға КСРО құрамасының негізгі үш ойыншысы – олимпиада чемпиондары қатыса алмаған еді. Евгений Гришин қолын сындырып алды, Георгий Мшвениерадзе ауырып қалды, тағы біреу есімді жоқ. 1982 жылы мен құраманың негізгі ойыншысына айналдым. Қорғаныста да, шабуылда да ойнадым. Кейде орталық шабуылшы міндетін де атқардым, бірақ мұндай ойындар өте жиі болған жоқ. Әйтпесе, қара жұмыс менің мойнымда болды. Қарсы қақпа алдында тез орын ауыстырып тұратын шабуылшы міндеті де тапсырылып тұратын.

– КСРО құрамасы алғаш рет әлем чемпионатында 1975 жылы топ жарған еді. Одан кейін 1978 жылғы додада алтынға қолы жетпеді. Эквадорға аттанар алдында сіздерге партия басшылығы, спорт саласының басшылары ақыл айтып, тапсырма берді ме?

– Аса қатты ақыл айтқан жоқ. Өйткені құрама сол кезде әлемдегі ең мықты командалардың бірі еді. Қойылған басты талап – әлем чемпионатын жеңіп алу. Ол кезде маңызды жарыстар алдында Ленин мавзолейіне, Қызыл алаңға, Қарулы күштер мұражайына бару дәстүр еді. Біз де бардық. «Миымызды тазартты», дайындады.

– Қандай командалар әлем чемпионатының негізгі фавориті еді? Сіздер оларға арнайы дайындалдыңыздар ма?

– Фавориттер аз емес еді. Венгрия, Испания, Италия, Югославия алдыңғы қатарлы құрамалар саналатын. О бастан мынау мықты шығады деп айту қиын еді.

– Әлем чемпионаты Эквадордың Гуаякиль қаласында өтті. Эквадордың таулы аймақта орналасқан ел екенін білеміз. Әлемдік дода өткен уақытта оларда құрғақ маусым басталды. Осының бәрі дайындық кезінде ескерілді ме?

– Әрине, биіктік те, климат ерекшелігі де қаперге алынды. Әдетте біз жарыс басталуға бір апта қалғанда келетінбіз. Өйткені жергілікті ауа райына бой үйрету бесінші күні толық өтіп бітеді. Уақыт айырмашылығы өте зор еді. Сондықтан апта бұрын келіп, дайындықты бастап кеттік. Эквадор қарулы күштерінің әскери базасына, ұшу-қону жолағынан 600 метр жерге қоныстандық. Демалыс күндері ғана қалаға қыдыртты. Басты артықшылығымыз – су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатқан кешеннің қасында тұрдық. Басқа командалардың бәрі қалада тұрып жатты. Тамағымыз онша жақсы болған жоқ.

– Өзіңіз қатысқан тұңғыш әлемдік дода болғандықтан, дайындығыңыз өте жақсы болған болар?

– Қатты дайындалдық. Алайда жарыстың басталуына бір ай қалғанда, мен қатты уланып қалдым. Тіпті дәрігерлер сары ауру ма деп те қорықты. Содан жиырма күн бойы дұрыс жаттыға алмадым. КСРО құрамасының бапкерлері мен үшін арнайы жаттығу бағдарламасын жасады, сөйтіп, бабымды аздап болса да қалпына келтірдім. Дегенмен жарыс өте ауыр соққандықтан, әлемдік дода аяқталғанда қатты шаршадым.

– Жеребе КСРО құрамасына жақсы түсті деуге бола ма? Топтық турнирдегі қарсыластардан АҚШ құрамасын ғана мықты деп санауға болатын сияқты.

– Ол кезде АҚШ құрамасы атаққа таласа алатындай аса азулы команда емес еді. Орта деңгейлі, физикалық дайындығы жақсы, бұрынғы жүзгіштерден жасақталған құрама болатын. Мықты командалармен тең ойнап, әлсіз командалардан жеңіліп қалатын әдеті бар-ды. Жеребеге аса қатты алаңдағанымыз жоқ. Кіммен ойнасақ та бәрібір еді. Осы әлем чемпионатында бас жүлде алатынымызға сенімді болдық. 1981 жылғы Еуропа чемпионатының финалында Германиядан жеңіліп қалғанбыз. Тіпті сол ойында немістерге «аздап көмектесіп» те жібердік. Бірақ әлем чемпионатында қалайда жеңіске жетуді межелеп келдік.

– Екінші топтық турнирде Испания қатты қарсыласты. Есеп 8:7. Бұл ойында жеңіске қалай жеттіңіздер? Қандай ойын сәттері есіңізде?

– Бұл ойында ә дегеннен қолымыз жүрмеді. Гол соғатын талай мүмкіндікті қарсыластың мықты қорғанғанынан емес, өз қателігімізден пайдалана алмадық. Талай соққымыз қақпа бағанынан серпілді, қақпашымен бетпе-бет шығып тұрып соға алмаған сәттеріміз де көп болды. Аздап оғаштау ойын көрсеткеніміз рас. Дегенмен барымызды салып, жеңіске жеттік. Испандар бұл турнирде талай команданың жүйкесін жұқартты. Мануель Естиарте бастаған жас, жылдам қозғалатын команда еді.

– Одан кейін КСРО құрамасы ГФР-ді 11:8 есебімен жеңді. Осы жеңіс қана финалдық төрттікке жолы ашты емес пе?

– Біз оларға қарсы қатты дайындалдық. Еуропа чемпионатының финалындағы сәтсіздіктің қарымтасын қайтарғымыз келді. Ойын тағдыры үшінші кезеңде шешілді, бұл кезде біз төрт гол айырмасымен ұзап кеткен едік. Аса қатты майдан болған жоқ. Қорғаныста өте үлгілі ойнадық. Немістерге алға шығатын мүмкіндік берген жоқпыз. Академиялық мәнердегі ойын дер едім. Дәл осы Германияға қарсы кездесу менің жұлдызды сәтім деуге де болады. Үш гол соғып, қарсыластарды бір пенальтиге мәжбүрледім.

– Финалдық кезеңдегі жағдайды түсіндіре кетіңізші. Төрт команда ақтық сынға шықты, бірақ Германиямен сіздер екінші топтық турнирде ойнап қойдыңыздар. КСРО құрамасына үш ұпай чемпиондық атаққа жеткілікті ме еді, әлде Венгрия Германиямен тең ойнаған соң, сіздер сәл босаң ойнадыңыздар ма?

– Бұл чемпионат қазіргіден басқаша өтті. Ол кезде плей-офф жоқ болатын. Екінші топтық кезеңде бірінші орын алған команданың екінші орын алған командадан алған ұпайы ескерілетін. Біз финалдық кезеңнің алғашқы кездесуінде Нидерланды құрамасын 7:5 есебімен жеңдік. Ал мажарлар Германиямен тең ойнап қалды. Олардың тең ойнағаны бізге жақсы болды. Біз чемпион атану үшін ұтылмау жеткілікті еді. Шешуші кездесу болған соң, төрешілер де Венгрия құрамасына қатты көмектесті. Бұл Герендаш, Хоркаи, Будавари, Удварди секілді атақты мажар ватерполшыларының соңғы үлкен жарысы еді. Солар спорттан үлкен жүлдемен кетсе деген пиғыл аңғарылып қала берді. Бірақ біз оларға мүмкіндік бермедік. Ойын барысында үнемі бір-екі доп алда жүрдік. Венгрлер есепті теңестіріп, қуалап отыруға мәжбүр болды. Біздің командада ойыншылар айдыннан көп қуылды. Қорғанысқа баса көңіл бөлдік. Ол кезде су добының ережесі басқаша еді. Ол қазіргіден мүлде басқа ойын болатын.

– Сіздер Венгрия құрамасымен кездесуді Германия – Нидерланды ойынымен бір уақытты өткіздіңіздер ме?

– Ол ойын бұрынырақ өтті, біз содан кейін дереу айдынға шықтық. Соңғы кезеңде төрешілер қит етсе ысқырып, біздің санымызды үнемі азайтып отырды. Сондықтан өте мұқият ойнауға тура келді. Ол кезде үш қате ережесі бар еді. Біздің екі орталық қорғаушыда екі ескертуден бар еді. Солар үшінші ескерту алмас үшін үнемі ауысып ойнауға тура келді. Соған қарамастан, қорғаушыларымыз айдыннан қуылмай қалған жоқ. Төрт қорғаушының үшеуі үш қатесі үшін айыпталып оралды. Жиі қозғалатын жеңіл шабуылшыларды артқа жылжытып, қорғанысқа жұмылдыру мүлде болмайтын еді. Негізгі орталық қорғаушылардан мен ғана қалып, қиын жағдайда барынша салқынқанды ойын көрсетуге тиіс болдым. Мажарлар ірі-ірі, бойлары екі мерге жуық, салмақтары 120-130 келі тартатын кеуделі жігіттер еді. Төрешілерге алаңнан қууға бір де бір сылтау бермеу керек болды. Соңғы кезеңді біз екі доп айырмасымен бастадық. Сөйте тұрсақ та, тең ойынға әзер қол жеткіздік. Ойыннан кейін Венгрия құрамасы қарсылық білдіріп, арыз жазды. Бірақ қанағаттандырылған жоқ. Жеңістен кейін қатты шаршағанымызды бір-ақ сездік. Бізді ойын ғана емес, төрешілер де шаршатқан еді. Дегенмен дәл сол Гуакяиль қаласында кеудеме «Еңбек сіңірген спорт шебері» белгісі тағылғанда, барлық қиындықты ұмытқандай болдым.

– Елде сіздерді қалай қарсы алды?

– Біз өте ұзақ ұштық. Арнайы ұшақ бөлінсе де, біз барарда 32 сағатта жеттік. Оның 24 сағаты – таза ұшу еді. Қайтарда ұзақ ұшқанымызға онша мән бере қоймасақ та, сапарымыз тағы 32-34 сағатқа созылды. Мәскеудің Шереметьево әуежайына қондық. Ел-жұрт гүлмен қарсы алды. Мәскеуден тыс тұратындықтан, сәл демалып алып, Сергей Котенко екеуміз дереу Алматыға ұшып кеттік.

– Содан кейін екі дүркін Еуропа чемпионы атандыңыз. 1984 жылғы олимпиадаға қатыспай қалғандарыңызда сіздердің еш кінәларыңыз жоқ екені белгілі. Дегенмен 1988 жылғы Сеул олимпиадасына дейін құрамада болып, олимпиада жүлдесін жеңіп алуды мақсат тұтқан секілді көрінесіз.

– Біз 1984 жылғы олимпиадада топ жаратын едік. Өйткені лайық қарсылас жоқ еді. Біздің олимпиадаға қатыспайтынымыз америкалықтарға және басқа командаларға да оңтайлы болды. Ел басшылығы олимпиадаға бойкот жариялағанмен, бұл шешім бізге өте ауыр тиді. Екі-үш жыл бойы бір де бір ойында жеңілмеген команда едік. Тіпті жолдастық кездесулерде де. Ал 1988 жылы Сеулде біз олимпиадаға дейін бәрін жеңдік. Команда басшылығы бабымызды өте жақсы деп есептеп, олимпиада қарсаңында өте көп жаттықтырды. Олимпиадаға шаршаңқырап келдік. Бапкер қатесі болмағанда, Сеул додасын жеңіп алар едік. Есімде, 1983 жылы Лос-Анжелесте өткен әлем кубогына да қатты шаршаңқырап қатыстық. Үшінші турда біз сегіз команданың ішінде жетінші болып тұрдық. Бір жеңіп, бір рет тең ойнап, испандардан жеңілдік. Осыны көріп, команда басшылығы бабымызды «төмендетуге» бағытталған жаттығууларды алып тастады. Мысалы, 1500 метрге жүзуді қысқартты. Содан кейін тынысымыз ашылды. Кейінгі төрт ойынды бір деммен өткізіп, бірінші орын алдық. Өте ауыр жарыс болды. Физикалық, моральдық күшті көп жұмсадық, кейін де қалпымызға келу үшін бұрынғыдан да көп уақыт керек болды. 1988 жылы да осы қате қайталанды.

– Қазір қайда жүрсіз?

– Қазір спорттан алыстап кеттім. Қазақстан су добы федерациясы менің қызметімнен бас тартты. Тәжірибеңізді, білігіңізді қажетсінбейміз деді. Мүлде түсініспеген секілдіміз. 2010 жылы политехникалық университетті мұнай-газ кен орындарын зерттеу мамандығы бойынша бітірдім. Төрт жыл Қашағанда тәжірибелік-өндірістік жұмыстар істедім. Ақырындап спортта алған жарақаттарым сыр бере бастады. Қолыма, аяғыма ота жасаттым. Омыртқамды емдеттім. Ұзақ уақыт емделдім.Әзірше боспын деуге болады.

– Көп рахмет!

Сұқбаттасқан Есей Жеңісұлы

caravan.kz фотосы

(«Жас Алаш» газеті, №39, 22.05.2018)