Дина Тұрарқызы Испаниядан «Statsport.kz» үшін арнайы хабарлайды:

«Вуэльта» суперкөпкүндігінің 18-кезеңінде «Астана» командасының шабандозы Алексей Луценко мәре сызығын екінші болып қиды. Ол «Lotto Soudal» командасының өкілі Сандер Армиден 31 секунд ұтылды.
Бұл – отандасымыздың биылғы «Вуэльтадағы» екінші ірі табысы. Луценко 5 кезеңде топ жарып, гранд-турлардағы алғашқы жеңісін олжалаған еді.
Кезең аяқтала салысымен Алексейді сөзге тартып, жарыс жайлы пікірін білуге асықтық.
Бүгінгі кезең ешкімге де оңай тимесін біз жақсы білдік, – деді Луценко. – Пелотон 60 шақырым бойы алға ұзауға мүмкіндік бермеді. Бірақ мен топ басындағы орнымды жоғалтып алмауға тырыстым. Шабуылдардың жиырма шақты шабандоздың алға ұзап кетуіне мүмкіндік туды. Алдымызда үш бірдей тау бар, көтерілуден бөлек, төмен қарай құлдилаудың өзі кей сәттерде көп шабандозға оңай тиген жоқ.Соңғы он шақырымда сүзіліп шыққан бес-алты шабандоз ғана қалды. Барлығымыздың жағдайымыз бір. Әліміз азайып, шаршағандығымыз байқалады. Мүмкін, қажетінен артық күшімді жұмасаған болармын, бірақ мәреге небары алты жүз метр қалғанда аяғым жүрмей қойды. Дегенмен бүгінгі кезең нәтижесімен өзімнің  бабыма баға бере аламын. Себебі, әлем чемпионаты қарсаңында өз шамама аса назар аударуым маңызды.
– Әлем чемпинатына баратын болдың ғой?
– Иә, барамын. «Вуэльта» аяқталысымен дайындығымды жалғастырамын.
– «Вуэльтаның» бесінші кезеңінде жеңіске жеттің, бұл – сенің гранд-турдағы алғашқы жетістігің. Кәсіби велошабандоз ретінде шеберлігіңді арттыра түсуіңе бұл нәтиже қаншалықты әсер етті?
– Иә, әрине, гранд-турда жеңіске жету қай шабандозға болса да үлкен мәртебе.  Ал бұл жеңістің тек өзім үшін ғана емес, команда үшін де  маңызы зор. Ең алдымен әлем чемпионаты алдында шама-шарқымды байқадым. «Тур де Франстан» кейін екі апта таулы аймақта жаттығу өткіздім. Әзірге барлығы жоспарға сай өтіп жатыр.
– Бүгінгі кезең туралы не айтасың? Діттеген мақсатыңа неге жете алмадым деп ойлайсың?
– Кезең сөресіне бармас бұрын команда автобусында өткізген жиналыста жарыстың орта тұсына қарай пелотоннан алға ұзаған топ құрылып, олар барынша алға кетіп қалуға тырысатынын  болжаған болатынбыз. Жүз пайыз деп айта алмасам да, өзімізге берілген тапсырманы ойдағыдай орындап шықтық. Команда бүгінге дейін үш кезеңде жеңіске жетті. Көңілге қонымды нәтиже деп білемін.
– Сенің туған күнің маусымның нағыз қызған шағымен тұспа-тұс келеді. Бүгінгі туған күніңді де отбасыңнан жырақта тойлап жатырсың. Жақындарыңның қасында туған күніңде бірге қашан болдың?
– Мені бүгін ең алдымен команданың дәрігері құттықтады. Күнде таңертең ол шабандоздар ұйқыдан тұра салысымен жүрек қағысымызды, қан қысымын өлшеп, кешегі кезеңнен кейінгі денсаулығымызды тексереді. Сосын, әрине, досым Никита Стальнов. Мен онымен «Вуэльтада» бір бөлмеде жатамын. Одан кейін өз отбасым, жарым мен қызым құттықтады. Бүгін ғана он жылдан бері туған күнімді отбасымнан алыста тойлап жатқанымды ойладым. Жарыста, болмаса, оқу-жаттығу жиындарында жүремін. Көңілді мейрам болғанымен сәл мұңайып қалатыным да сондықтан болар.
– Ертеңгі кезең туралы не айтасың?
– Команданың екі бірдей шабандозы үздік ондықта. Сондықтан ертең барынша Фабио Ару мен  Лопестің жанынан табылатын шығармыз. Қарсыластардың шабуылына жауап беруге дайын болуымыз керек. Командалық есептегі үздік орнымызды да естен щығармаған жөн. Бұл нәтиженің де команда үшін маңызы зор.

Дина Тұрарқызы, Санто Торибио де Лиебанадан.