Астанада дәстүрлі «Қазақстан барысы» турнирі жетінші рет өткізілді. Бұл жолғы жарыс ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесі аясында жоспарланып, шетелдік қонақтар назарына да ұсынылды. Бірден айтайық, жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Арман Шораев бастаған азаматтардың еңбегі жемісін бере бастағанына куә болдық.

Ең бастысы, биылғы дода елге жаңа «барыс» сыйлады. Ол – Еламан Ерғалиев.

Биылғы жарыстың басты ерекшелігі

Ұйымдастырушылар «Қазақстан барысын» дәстүрлі түрде Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде емес, «Барыс-Арена» мұз сарайында өткізуге тәуекел етіпті. А.Шораев ұзақ жыл серіктес болған велотрек басшылығына алғыс білдіріп, «Барыс-Аренаны» таңдау себебін түсіндірді. Біріншіден, «Барыс-Арена» хоккейге арналған. Жанкүйерлер ойынды дәл алаңның түбінен тамашалай алады. Екіншіден, «Барыс-Аренаның» сыйымдылығы мол. «Сарыарқаға» 9 мың жанкүйер сыятын болса, «Барыс-Арена» бір мезетте 12 мың адамды қабылдай алады. Танымалдығы жылдан-жылға артып келе жатқан «Қазақстан барысы» жобасының бұл жаңалығы көпшілік көңілінен шыққаны да сөзсіз.

Жастар көп, ардагерлер сапта

Биылғы жарысқа да дәстүр бойынша 34 балуан іріктелді. 14 облыстың және Алматы, Астана қалаларының іріктеу жарыстарынан екі-екіден сүзіліп шыққан саңлақтарынан бөлек, бұл жолы «Әскер барысы» додасының финалистері де жобаға жолдама алды. Осы шешімнің өте дұрыс болғанын жарыс әдемі дәлелдеп берді.

Елді елең еткізген алғашқы жаңалық үш дүркін «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаевтың биылғы додағы қатыспайтыны болды. Ұйымдастырушылар жоба жеңімпазының келесі жылғы сынға қатысу-қатыспау мәселесі өз еркінде екенін айтқан-ды. Тіпті өткен жылы үшінші рет  «Қазақстан барысы» атанған сәтінде де Ыстыбаевқа: «Үш рет «барыс» атансам, содан кейін қатыспаймын дегенсіз. Сол арманыңызға жеттіңіз. Келесі жылы қатысасыз ба?» – деген сұрақ қойылды. «Жастарға жол беру керек» дегенге ұқсас жалпылама, құлақсіңді жауап дайын болғанмен, бәрібір Бейбіттің қандай шешім қабылдайтыны белгісіз еді. Биылғы жарыс алдында Ыстыбаев өзінің қатыспайтынын ашық айтты. «Қатыссам, ұтып кететін секілдімін» деген жауабында тоқмейілсу бар секілді көрінгенмен, балуанның өзіне сенімділігін байқамау бәрібір мүмкін емес еді. Дегенмен Бейбіт қазір әрекетсіз жүрген жоқ. Ол 7-8 қыркүйекте Астанада өтетін «Әлем барысына» турниріне қызу дайындалып жатыр. «Бірінші жарыста «Әлем барысы» атағын кубалық Брайсон алып кеткені әлі жаныма батады. Биыл қалайда бұл атақты елде қалдыру күш саламыз», – деді ол сұхбат барысында.

Бір қызығы, биылғы сынға өткен жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жартылай финалына шыққан 4 балуанның үшеуі келген жоқ. Ыстыбаевтың жайын жоғарыда айттық. Ал өткен жылғы финалист Жұманазар Ерсұлтан (Оңтүстік Қазақстан облысы) биылғы іріктеуге мүлде қатыспапты. «Ауырған жоқпын, денсаулығым жақсы. Өзім сәл үзіліс жасайын деп шештім. Байқауымша, биыл «мухачтар» көп екен» деді жарысқа көрермен болып келген Жұманазар. «Мухачтар» дегені – жеңіл салмақтылар, яғни салмағы 90 келінің айналасындағы балуандар. Олар 160 келі таратын Жұманазарға шынында да «мухач» болып көрінетін болар, бірақ біз үшін кәдімгі атан жілік жігіттер ғой! Өткен жылғы қола белбеу иегері Айбол Айтбек биылғы сынға Жамбыл облысының іріктеу жарысынан топ жарып келген болса, былтыр одан үшінші орын үшін белдесуде ұтылған Дәулетхан Жақыпов тіпті тыс қалыпты. Жамбылдағы іріктеуде Дәулетхан үшінші орынмен шектелген.

Жүлдегерлерден бөлек, өткен жылғы 20 балуан бұл жолғы тізімде жоқ. 14 балуан ғана ардагер санатында. Демек, «Қазақстан барысының» биылғы сапалық өзгерісі ерекше. 2016 жылы турнир шымылдығын 11 балуан жаңа ашса, биылғы дебютанттар саны – 12. Бұл – жаңару көрсеткіші 42-43 пайыз, яғни тең жарытысына жуық деген сөз. Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарынан келген балуандардың төртеуі де турнирге тұңғыш рет қатысып отыр. Әр жылдары «Қазақстан барысына» қатысып, араға үзіліс салып оралған тағы 4-5 балуан бар.

Осыған қарап отырып, белгілі бір дәрежеде «Қазақстан барысы» жобасын ұйымдастырушылар діттеген мақсаттарына жетіп келеді деуге болады. Жыл сайын жанкүйерлер жаңа есімдерге қанық болып қана қоймай, олардың әлеуметтік мәртебесі көтеріле түскеніне де куә болады. Мысалы, былтыр Айбол Айтбек есімін көп ешкім білмейтін еді, биыл оны фавориттің бірі деп қарастырғандар көп.

Соқыр жеребе «соғыстырды»

Балуандар көрерменннің көз алдында қоржыннан асық алып, рет санына қарай қарсыласын анықтайды. 34 балуанның төртеуі (1-2 және 33-34 нөмірді алғандар) алғашқы іріктеу кезеңіне қатысып, содан кейін алыптар сынына бел шеше кіріседі. Бұл жолы әуелі Шыңғыс Шоқпытов (Ақтөбе) – жарыс дебютанты Темірлан Көлбайды (Батыс Қазақстан), Александр Касачев (Алматы облысы) Жолдасбек Бектұрсыновты (Оңтүстік Қазақстан) жеңіп, келесі кезеңге шықты.

Міне, осы 1/16 финалда жеребе соқырлығын қатты байқатты. Естеріңізде болса, өткен жылы Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров, Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Дәулетхан Жақыпов сынды белді балуандар бір топқа түсіп, жартылай финалға кіл майданмен шығып еді. Биылғы жеребе бірден ақтөбеліктер мен алматылықтарды бетпе-бет келтірді.  Ш.Шоқпытов жерлесі Нұрбек Досмағамбетовпен тең ырғасып, қосымша уақытта ғана айласын асырса, биыл Алматы қаласының атынан сынға түскен танымал балуан Р.Әбдіразақов және бір алматылық Дәурен Нұралиновпен күресті. Дәурен бұған дейін «Қазақстан барысына» Шығыс Қазақстан облысының атынан қатысуға талпынып көрген еді, биыл Алматы қаласының Бостандық ауданы намысын қорғап, «барыстар» қатарына қосылды. Бірақ тартысты белдесуде тәжірибелі Әбдіразақовтың бағы жанды. Жанкүйерлер турнирдің мықтылары алғашқы кезеңдерде кездесетінін біліп, алақан ысқылап отырды. «Қазақстан барысына» бір жылдық үзілістен соң оралған Мұхит Тұрсынов (Шығыс Қазақстан) «Әскер барысы» Еламан Ерғалиевпен ә дегеннен жолығып, жарыстан шығып қалды. Былтырғы қола белбеу иегері А.Айтбек А.Касачевқа есе жіберді. Жас болса да, «Қазақстан барысы» жобасының ардагеріне (төртінші рет қатысып отыр) айналған Мейрамбек Жаңабай (Маңғыстау) Дарқан Бижановтан (Астана) жеңіліп жатып, артынша таза әдіске түсірді.

Бірден айтайық, биылғы жарыс деңгейі өте жоғары болды. Балуандардың бәрі ырғалып-жырғалып қосымша уақытты күтуді қойыпты. Салған жерден іске кірісіп, ең бастысы, тік тұрып лақтырудың неше үлгісін көрсетіп, жанкүйерлер ықыласына бөленді. Екі белдесу ғана қосымша уақытқа созылды.

Жастың аты жас десек те, биыл ардагерлердің дайындығы ерекше екені де байқалып тұрды. Айбек Нұғымаров, Ұлан Рысқұл, Ержан Шынкеев, Асыл Барменов, Руслан Әбдіразақов, Александр Касачев секілді мықтылар алғашқы айналымна еркін өтіп, жарыс көрігін қыздыра түсті. Бізді бірінші топтағы атыраулық Арман Қалиев тәнті етті. Салмағы 90 келіден сәл ғана асатын балуан белдесуге бел шешіп кірісе алмағандай ыңғай танытып жүріп, аяқ асты дүр сілкінетін әдеті бар екен. Алғашқы қарсыласы Ғизат Халықовтан (Солтүстік Қазақстан) ұпай санымен жеңіліп жатып, Арман бас-аяғы бірер секунд ішінде қарсыласын жауырынымен түсірді. Екінші айналымда жамбылдық Абай Ерболұлынан да Арман жеңіліп жатып, таразы басын өзіне аудара алды. Ең бастысы, Арман биылғы дебютанттардың осал емес екенін дәлелдеді. Бірінші рет «барыстар» сапына еніп тұрып, бірден төртінші орын иеленіп кету деген аз олжа емес. Ширек финалда Арманның жолын астаналық Айбат Сейтен кес-кестемек еді. Бұл белдесуде де Қалиев әуелі Айбаттың илеуіне түсіп қалғандай көрінген. Кілем шетіне жақындай қалса-ақ босаңсығандай көрінетін атыраулық «барыстікі» алдамшы көрініс екен. Кенет ер қайратына міне қалып, Арман Айбатты тағы таза түсірді. Жартылай финалда ғана Арман болашақ «барыс» Е.Ерғалиевтен ұпай санымен ұтылды. Дегенмен бұл кездесуде де қара көбейтуші емес, соңына дейін таласатын мінезі барын танытты.

«Әскер барысы» шыңға шықты

Өткен жылы әскерилер арасындағы «барыс» атағын жеңіп алған Талғат Әміренов бірден А.Касачевтен жеңіліп, жолдан ерте шығып еді. Биылғы әскерилер мықты шықты. Әсіресе, Е.Ерғалиев. Бір жыл ішінде Еламанның сақайып, тәжірибе жинап қалғанын, ең бастысы, психологиялық тұрғыда күшейе түскенін көрдік. Балуандардың бәрі жарыс басталар сәтте біз отырған тұсқа келіп, көздерімен залды шолып, таныстарымен амандасып, қажет нәрсесін бақылап тұрды. Еламан да біраз уақыт сонда болып, сөз арасында биыл жеңіске барын салатынын айтып, аса сенімді кейіп байқатты. Өткен жылы ол ширек финалда А.Айтбектен жеңілгені есімізде. Биыл алғашқы белдесуден-ақ зор қарқын алып, қарсыластарын қоғадай жапырып отырды.

Жалпы, Еламан да – «Қазақстан барысы» жобасының тамаша жемісі. Ол бала күнінен қазақ күресін серік етіп, ұлттық өнердің жаңғырған кезеңдерінің бәріне куә болып келеді. Еламан 2011 жылы республикалық «Жас барыс» турнирінде топ жарды. Ол кезде бұғанасы қатпаған бала еді, араға алты жыл салып «Қазақстан барысы» атанып отыр. Жобаны ұйымдастырушыдардың бір миссиясы – жас балуандарға «Қазақстан барысын» әлеуметтік тепкішек ету идеясы осы Еламан арқылы нақты көрініс тапқанына көрермен ретінде біз де тәнтіміз. Кез келген жас балуаннан, «Жас барыстан» дара шыққан мықтылардан ертең сондай табыс күтіп жатсақ, жемістің көкесі сол емес пе?

Еламан былтырғы сынға Қызылорда облысының атынан түсті. Ширек финалға жетті. Биыл Орталық әскери спорт клубының (ЦСКА) өкілі ретінде қатысу құқын иеленіп, сол мүмкіндігін бос жібермеді. Ерғалиев алғашқы айналымда 2014 жылғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсыновты жеңіп кетті. Одан кейін Нұрдәулет Жарылғаповты (Маңғыстау) таза әдіске түсірді. Ширек финалда белгілі балуан А.Барменовпен жолығып, бірден жартылай жеңіс ұпайын иеленді. Асыл санын жарақаттап алып, белдесуді аяқтай алмады. Жартылай финалда Еламан биылғы турнирдің жаңа есімі Арман Қалиевті де жақсы жеңді. Өзіне сенімді балуанның кілем үстіндегі жүрісі де, әдісті соңына дейін жасайтын ілкімділігі де жұртты ырза етті. Финалда қарсыласы Ұ.Рысқұлға бірден шабуылдап, жартылай жеңіс ұпайын алды, артынша таза жеңіске жетті. Сөйтіп, ол сол Ұланның, Бейбіт пен Айбектің және Мұхиттың жолын жалғап, турнир тарихындағы бесінші «Қазақстан барысы» атанды.

Мамыр айында Еламан Ерғалиев Бакуде өткен Ислам ойындарына дзюдодан қатысып, қола жүлде жеңіп алған еді. Демек, бесаспап балуан енді қай жарыстарда да олжа салуға дайын болып келе жатыр деуге болар. «Қазақстан барысына» қатысып қана қоймай, жеңіске жеткен балуан енді өзіне деген сенімді арттыра түсіп, атой салатынына күмән жоқ.

Биыл туған өлкесі – Алматы облысының атынан сынға түскен Ұлан Рысқұл да әл-әзір тұғырдан түспейтінін дәлелдеді. Ол ширек финалда өз інісі Руслан Әбдіразақовпен түсіп қалды. Бауырлар шын күресті. Русланды әдіске салып жіберіп, бірден төбедегі экранға тесілген Ұланның көзқарасынан барын салып тұрғанын байқау еш қиын емес еді. Ұлан жартылай финалда әккі қарсыласы А.Нұғымаровпен көп аңдысты. Дегенмен айласын асырды. Үш бүк ұпайын жамбас ұпайына алмастырып, жеңіске жетті. Естеріңізде болса, Айбек пен Ұлан өткен жылы алғашқы айналымдарда жолығып, онда да Рысқұлдың асығы алшысынан түсіп еді. Финалда Ұлан Еламанға бірден басымдық беріп қойған секілді. Дегенмен төрелігін мамандар айтар. Ұ.Рысқұлдың өз сөзімен айтсақ, «биылғы бұйырғаны күміс болып тұр». Әйтпесе, Ұлан, Руслан, Айбек қатарлы мықтылардың бәрі тең бас жүлдені көздеп келгені мәлім.

Қола белбеу үшін белдесуде А.Нұғымаров А.Қалиевті жеңді.

Жалпы, биылғы «Қазақстан барысы» турнирін жастық пен тәжірибенің тартысы десек те болғандай. Жартылай финалға шыққан төрт балуанның екеуі – әр жылдары «барыс» атанған саңлақтар болса, биылғы жеңімпаз Е.Ерғалиев 22 жаста ғана. Төртінші орынға көтерілген А.Қалиев, тіпті, турнирге тұңғыш рет қатысты.

Биыл жастық жеңді. Бірақ тәжірибелі балуандар да қатардан шыға қоймайтындарын дәлелдеді.

Төрешілер қапысыз қызмет етті

Биыл да бас төреші міндеті турнир ардагері, белгілі балуан Шалқар Жоламановқа тапсырылды. Шалқар бастаған төрешілер мінсіз қызмет атқарды. Турнир барысында екі рет қана бапкерлер ортаға қамшы лақтырды. Екі сәтте де бас төреші белдесуді небары 9-10 секундқа тоқтатып, дәл шешім айтты. Ешкім дауласқан жоқ. Жоба авторы А.Шораев турнир алдында төрешілер қызметінің мінсіз болуы үшін ұйымдастырушылар ерекше күш салып жатқанын айтып еді. Сөз бен іс қабысқанын осы жолы көрдік. Барлық азаматтарға сондықтан да айтар алғысымыз зор.

Кенен мен Жамбыл әні шырқалған, қазақтың биі биленген тамаша жарыс барысында қазақ күресінің болашақ спорттық киімі де көрермен талқысына салынды. Бірақ нақты шешім алдағы уақытта қабылданады. Осы ұлттық өнерімізді уақытпен бірге алға бастыруға тырысқан әрбір қадам жыл сайын жақсылыққа бастап келе жатыр.

«Әлем барысында» кездескенше, ендеше.

Сұлтан Сейітовтің фотолары