БАТЭ — Астана — 2:2 (Гордейчук, 27, Стасевич, 89 — Максимович, 50, Твумаси, 76)
Еуропа лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде «Астана» Беларусь чемпионы БАТЭ-ні қос матч қорытындысында жеңіп, топтық турнирге шықты.
— «Астана» өзі еурокубоктарға қатысқан 4 жыл ішінде 3 рет плей-оффқа жетіп, 2 рет топтық турнирге жолдама алды. Мұндай көрсеткіш Қазақстанның басқа ешбір командасында жоқ.
— БАТЭ екінші рет Қазақстан клубтарына жол беріп отыр. 2013/2014 маусымында бұл команда Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Шахтерден» 0:1, 0:1 есептерімен ұтылған еді.
— «Астана» сырт алаңда бесінші рет тең ойнады. Өткен жылы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде қонақта — ХИК-пен (0:0), плей-оффта — АПОЭЛ-мен (1:1), лиганың топтық турнирінде «Галатасараймен» (1:1) жеңімпазды анықтай алмай тарқасса, биыл Чемпиондар лигасының ІІ іріктеу кезеңінде Вильнюсте «Жальгириспен» ұпай бөлісті. Бұл қатарға енді Борисовтегі матч та қосылып отыр.
— Неманья Максимович «Астана» сапында еурокубоктардағы екінші голын енгізді. Екеуі де — сырт алаңда. Екі гол да «Астанаға» топтық турнирге жол ашты. Өткен жылы ол Никосияда АПОЭЛ қақпасына қарымта (1:1) доп соғып, елордалықтарға Чемпиондар лигасының есігін ашса, биыл БАТЭ қақпасының кілтін тауып, «Астананы» Еуропа лигасының бəйгесіне қосты.
— Патрик Твумаси еурокубоктардағы «Астананың» бас мергені болып тұр. Ол өткен жылы «Марибор», ХИК, «Бенфика» жəне «Галатасарай» қақпаларына гол соқса, биыл БАТЭ қорғанысын бұзып, «Астана» үшін бесінші еурогол енгізді.
— Сергей Малый, Александр Мокин жəне Рохер Каньяс қазақстандық клубтар сапында екінші рет Еуропа лигасының топтық турниріне қатыспақ. 2013 жылы бұл үштік «Шахтер» намысын қорғап, отандық клубтың тұңғыш рет еурокубоктардың топтық турнирде ойнауына үлес қосты. Малый мен Каньяс топтағы 6 матчқа да қатысса, Мокин 5 ойында қақпаны қорғады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here