Алматы қаласында бірінші орта салмақта WBA fedelatin, WBO intercontinental нұсқаларының чемпионы Қанат Ислам мен жеңіл салмақта WBA Super нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жанат Жақияновтың ашық жаттығуы өтті. Жиналған жұрттың қарасы өте көп болды. Чемпиондар жаттығу өткізіп қана қоймай, жастарға бокстың қыр-сырынан мағлұмат берді, суретке түсті, арнайы постерлерге қолтаңба жазып берді. Белгілі боксшыларға елдің ықыласы ерекше екенін аңғардық. Әріптесіміз Берік Сұлтан ұйымдастырған жаттығудан кейін екі боксшы журналистердің сұрақтарына жауап берді. Біз Жанат Жақияновты әңгімеге тарттық.
— Жанат, сені қазақ жанкүйерлері Уорренмен кездесуден кейін анық біле бастады. Көп жарнаманы қажет етпейсің, – дедік сөз басында.
— Ол жағын айта алмаймын, – деп жымиды чемпион. – Жаратылысым осы. Қарапайым ғана Жанатпын. Әрбір адамға барып, «мен тым қарапайыммын» демеймін ғой.
— Роши Уорренмен жекпе-жек өміріңді түбегейлі өзгерткен секілді.
— Шынында да солай. Дегенмен чемпиондыққа қол жеткізу бар да, соған сай болу бөлек әңгіме. Енді бір белесті қанағат тұтып қалып қоймай, келесі биіктерге қол созғым келеді.
— Алдағы үлкен жоспар қандай?
— Жеңіл салмақта WBC чемпионы Шинсуке Яманакамен жекпе-жек өткізгім келеді. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ оны да ұзақ күтіп жүре беруге болмайды. Сондықтан WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағымда қорғау мүмкіндігі туса, одан да бас тартпаймын.
— Осы атаққа қалай қол жеткізгеніңді бокс жанкүйерлері түрлі сайттардан да, теледидардан да көрді. Дегенмен өз аузыңнан естуге де асықпыз. Роши Уорренмен жекпе-жекке дайындық қалай болды?
— Рики Хаттонның жеке базасы Англияның Манчестер қаласының түбіндегі Хайт қалашығында. Осы жерде Уорренмен жекпе-жекке екі ай дайындық жасадым. Дайындық өте жоғары деңгейде өтті. Кездесуге бір апта қалғанда АҚШ-қа жол тартып, жаттығуды жалғастырдық. Хаттонның өзі де, бапкер Майк Джексон да Уорреннің күшті және әлсіз тұстарын үнемі ескертіп, әрбір сәтте қандай әрекет істеуіме дейін пысықтады.
— Дегенмен бірінші раундта бір емес, екі нокдаун алып қалдың. Бұл неден? Қарсыласың сенің әлсіз тұсыңды бірінші тапқаны ма?
— Уоррен өз жанкүйерлерінің алдында іске бірден атойлап кірісетіні онсыз да белгілі еді. Мен де соған дайын сияқты едім, бірақ Роши өзінің табиғи артықшылығын – қолының ұзындығын сәтті пайдаланып кетті. Денем қызып та үлгермеп еді. Екінші рет есеп ашылғанда, Уорреннің езуіне ойнап шыға келген күлкіні байқадым. «Қолға түстің, жеңіс менікі» дегенді ұқтыратын әжуә секілді көрінді бұл. Төреші санауын аяқтағанша бойымды тіктеп алып, іштей өз-өзіме серт бердім. «Құлаған жоқпын ғой, демек, ақырына дейін төбелесемін!» – дедім.
— Үзілісте бапкерлердің қандай ақыл айтқаны есіңде ме?
— Әрине. «Өз жұмысыңды істей бер, жақындап ұрыс салуға тырыс. Алыстан аңдыссаң, ол сенен жылдам. Айласына түсіп қаласың. Қарқыныңды сақта, соққысына соққымен жауап бер. Қорықпа, ұтасың» деп жігерлендірді. Осы сөздерді жадыма тұтып, енді жақын қашықтықтан ұрыс салуға көштім.
— Үшінші раундта қатты соққыңнан Уоррен ес жия алмай қалған сияқты еді. Төреші бәрібір есеп ашпады ғой…
— Жекпе-жектің Америкада өткенін ұмытпайық. Демек, жергілікті жанкүйерлер мен мамандар үшін мен кіммін? «Өз балаларынан» таяқ жеуге келген бөтен біреу ғанамын. Олар Уорреннің күмәнсіз басымдығын, былайша айтқанда, көрнекі төбелесін көруге келді. Мұндай жағдайда Уоррен теңселе қалса, төрешінің бармақ бүгіп, есеп ашпайтыны белгілі еді. Мен бұл жағдайға дайын болдым. Осы үшінші раундтан кейін өзіме сенімім арта түсті. Ең бастысы, алыстан жұмсаған соққыларынан жалтара қалып, жақын тұстан төпелейтініме қарсыласым дайын болмай шықты.
— Америкадағы алғашқы жекпе-жегің ғой, қиын болған жоқ па?
— Әр жерде, әр елде жекпе-жек өткізіп өткізіп үйренгенмін. Аса қатты ерекшелік жоқ. Біздің мойнымыздағы шаруа – жақсы өнер көрсету. Егер шаршы алаңға жанкүйер шуынан қорқып шықсақ, қарсыласқа өзіміз-ақ жол ашып берген болар едік.
— Осы кездесуге дейін біраз уақыт мүлде көрінбей кеттің. Сөйте тұра, атаққа таласатын нарқы жоғары кездесу өткізуге мүмкіндік алдың. Әлем чемпионы Роши Уоррен өз атағын көлденең көк аттымен сарапқа салмайтыны белгілі…
— Иә, дұрыс айтасыз. Осы жекпе-жек алдында бір жылдан астам уақыт жарақатымды емдедім. Соңғы рет жұрт алдына 2015 жылдың қараша айында шығып, уақытша чемпион Йонфрез Парехоны (Венесуэла) ұтқан болатынмын. Сол кездесуден кейін WBA рейтингінде көш басында тұрдым да, осы нұсқасының чемпионымен жұдырықтасу мүмкіндігіне жол аштым. Жарақатым жазылған соң Уорренмен келісімге келіп, ақыры Толедо қаласында (АҚШ) сіздер көрген жекпе-жек өтті.
— Рики Хаттон сияқты бұрынғы мықты боксшы, қазіргі белгілі промоутер жайдан-жай қазақ баласын қанатының астына алмайтыны анық. Сені қайдан тауып алды? Өзі ұсыныс жасады ма?
— 2011 жылы 5 мамырда Швейцарияда Бенжамин Петиуд есімді боксшымен Еуропа бокс одағының ашық титулы үшін кездесу өткіздім. Екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеттім. Жекпе-жектен кейін Рики Хаттонның командасы ұсыныс жасап, өздеріне шақырды. Мен бірден келістім. 2013 жылдан бері Хаттонның өзі жеке жаттықтыра бастады. Қазір ол менің жеке бапкерім және промоутерім.
— Астанада кездесу өткізетінің жайлы да сөз бар. Қашан болуы мүмкін?
— Жалпы, биылғы жылдың соңына дейін бір үлкен кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Егер, сөз басында айтқанымдай, Яманакамен келісе алсақ, біріккен атақтар үшін жұдырықтасуымыз мүмкін. Жекпе-жек уақыты әзірше қыркүйек айына тураланып тұр. Шынында да Астанада өтетін болса, қатты қуанар едім. Өз жанкүйерлерімнің көз алдында барымды көрсетсем, одан артық не бар? WBA нұсқасы бойынша қазір рейтингте бірінші орында бұрынғы қарсыласым Й.Парехо тұр, одан кейін доминикандық Хуан Карлос Пайано бар. Атағынан айырылған Роши Уоррен де қарымта жекпе-жектен аянып қалмас. Қысқаша айтқанда, енді маған қарсылас күтіп, әрекетсіз отыру тіпті мүмкін емес.
— Біраз уақыт демалатын сияқтысың. Бапкерлер арнайы жаттығу бағдарламасын жүктеп жіберді ме?
— «Жақсылап демал. Бабыңды жоғалтпа. Демалыстың өзін белсенді өткізуге тырыс» деп нықтап жіберді. Қазір күнделікті жаттығу өткіземін, футбол ойнаймын, жүземін. Қыста шаңғы тептім.
— Бокстағы үлкен атаққа жасың отыздан асқан соң қол жеткіздің. Осыған аздап өкінбейсің бе?
— Еш өкінбеймін. Әуесқой бокста жолым бола қоймағаны рас. Олимпиада, әлем чемпионаттарына қатыса алмадым. Дегенмен кәсіпқой боксқа бет бұрып, әлемде бірінші болғаныма шүкір деймін. Кәсіпқой бокс – болжауға қиын спорт түрі. Бернард Хопкинс елу жасында әлем чемпионы атанды, демек, мен де қартайып тұрғаным жоқ. Кім біледі, мүмкін, бір кездесуден кейін-ақ спорттан кетермін немесе қырықты орталағанша жұрттың алдында жүрермін. Бұйырғанын көреміз.
— Балаларың жолыңды қуғысы келе ме?
— Олар әлі кішкентай. Үлкенім – қыз, аты Нұрай. Ердос атты ұлым бар. Олар болашақта боксқа ықылас білдіріп жатса, шектемес едім. Әркімнің өз өмір жолы бар.
Жанат Ескендірұлы Жақиянов
1983 жылы 4 тамызда Петропавл қаласында туған.
Бойы 170 см, салмағы 53,5 келі
Лақап аты – ZZ
WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы
Кәсіпқойлар арасында 28 кездесу өткізіп, 27-сінде жеңіске жеткен. 18 жекпе-жекте қарсыластарын нокаутпен ұтқан.
1 кездесуде жеңілген (Сахиб Усаров, Ресей. 04.10.2008 ж)
(«Жас Алаш», №26, 04.04.2017)
Сол Усаровқа негізі жеңілмеген еді…