Өзбекстан астанасында бокстан Азия чемпионаты мәреге жетті. Бұл жолы қазақ жанкүйерлері ширек финалдан бастап тікелей эфирде тамашалағандықтан ба, жарысқа ықылас алабөтен болды. Түпкі нәтиже ешкімді қанағаттандырмағаны рас. Бірақ әрбір жаңа олимпиялық кезеңде құраманың жаңаратыны, өзгеретіні заңдылық. Ендеше қазақ боксының жеңіскер дәстүрін жаңа буын жалғастыра ала ма – Азия біріншілігі осы сұраққа ішінара жауап бергендей болды.

Кім келді, кім кетті?

Рио олимпиадасы қазақ боксшылары үшін табысты аяқталды. Данияр Елеусіновтің алтыны, Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левиттің күмісі, Иван Дычконың қоласы қоржынымызды ғана емес, көңілімізді де тоқтады. Дегенмен олимпиададан кейін құраманың толық дерлік жаңаратыны белгілі болды. Елеусінов пен Дычко кәсіпқой боксқа бет бұрды, Жәнібек Әлімханұлы әлі нақты шешімін айтқан жоқ, Олжас Сәттібаев пен Ілияс Сүлейменов Бүкіләлемдік бокс сериясын (WBC) қолай көрді. Біржан Жақыпов қытайлық Зу Шимин бөгетінен кейін тағы бір құдайы көршінің кедергісінен (Хасанбай Досматов) аттап өте алмай, құрамадан бой тартты. Берік Әбдірахманов олимпиадада ең сәтсіз өнер көрсеткен боксшымыз саналып, спортты доғаратынын мәлім етті. Сонда құрамада ардагерлерден Қайрат Ералиев (56 келі), Абылайхан Жүсіпов (64 келі, қазір 69-ға ауысты), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) және Василий Левит (91 келі) ғана қалған болып шығады. Бірақ Ниязымбетов әлі белсенді жаттығуды бастаған жоқ, демек ол салмақта да ізбасарларды байқап көруге болады. Өткен жылдың қарашасында Павлодарда өткен ел чемпионатына маман біткен ерекше ықыласпен көз тіккені де содан. Кереку топырағы қазақ боксына барлық салмақта дерлік жаңа чемпионы сыйлады. Олардың ел атынан қатысатын алғашқы аламаны – Ташкенттегі Азия чемпионаты еді.

Ташкент – өзбек боксы хош кент

Негізі, биылғы құрлық додасы Индонезияда өтуге тиіс еді. Бірақ әлемді буып тұрған қаржы дағдарысы ең саны көп мұсылман елін де жағадан алып тұрғанға ұқсайды. Сөйтіп сары құрлық сыны өзбектерге бұйырды. Бұл хабар жете салып, кәнігі мамандар бас шайқады. Құрлықтың 2013 және 2015 жылдардағы додасында дес бермей келген қазақ құрамасын енді көршілер тұғырдан төмендететініне күмән аз еді. Риода 3 алтын, 2 күміс, 2 қола алған Өзбекстан сол табысының кездейсоқ еместігін дәлелдеуге кірісетіні анық көзге ұрып тұрды.

49 келіде Қазақстан намысын Ержан Жомарт қорғады. Оңтүстікқазақстандық боксшы былтырғы ел чемпионатының финалында Теміртас Жүсіповтен жеңілген. Теміртас қазір WBC жүгін көтеріп жүргендіктен, Жомартқа бұл халықаралық сын өте тамаша мүмкіндік еді. Отандасымыз 1/8 финалда тайпейлік Ли Хуң Таны еркін ұтқанмен, ширек финалда ежелгі қарсылас Хасанбай Досматовқа таза есе жіберді. Жалпы, ең жеңіл салмақта бізді көршілер аттатпай тұр. 2008 және 2012 жылғы олимпиадаларда Зу Шимин (Қытай) Біржан Жақыповты аяқтан шалса, 2016 жылы Досматов кесе-көлденең тұрды. Ал 2015 жылғы Азия чемпионатының финалында Т.Жүсіповті дәл осы Досматов ұтып кеткенін ескерсек, өзбек боксшысы 49 келідегі біздің үш үздікті де жерге қаратқанын байқаймыз. Демек, бұл салмаққа мейлінше жаңа тыныс керек. Ал Е.Жомарт Ташкент сынынан еңсесі түсіп қайтқан жалғыз боксшымыз болды. Ол әлем чемпионатына жолдама беретін қосалқы кездесуде индонезиялық Корнелис Вангудан 1:4 есебімен ұтылып қалды…

52 келіде О.Сәттібаев WCB-ге кетіп, І.Сүлейменов 56-ға ауысқасын, елдің жаңа чемпионы Азамат Исақұловқа (Маңғыстау) сенім арттық. Азия сынында ол әуелгі екі кездесуде Танес Онгюнта (Тайланд) пен Абдул Салам Қасымды (Малайзия) жолда қалдырып, жартылай финалда шаршы алаң иесі Жасурбек Латиповқа тап келді. Жекпе-жекте біздің боксшы қайтқан жоқ, тең жұдырықтасты. Алайда сын иесін састыру үшін анағұрлым басым болу қажет. 2:3 деген есеп қана көңілге медеу. Сөйтіп Исақұловтың қола жүлдесін заңды санауға ықыластымыз.

56 келіде Қайрат Ералиев (Оңтүстік Қазақстан) 2015 жылғы нәтижесін қайталады. Бұл жолы ол жартылай финалда Жаң Жиауейден (Қытай) 2:3 есебімен жеңілді. Құрамада тұрақты орны бар болса да, соңғы жылдардағы нәтижесіне қарап отырып, Ералиевтің тоқырап қалғанын байқаймыз. Былтырғы ел чемпионатында ол, әрине, алтыннан алқа тақты, негізгі қарсыластарының бәрін ұтты. Бірақ халықаралық деңгейде үлкен олжа сала алмай жүр. Әлде Қайраттың ең биігі осы ма? Ойлану керек…
60 келіде ел чемпионы Әділет Құрметов (Шығыс Қазақстан) сынға түсті. Әлназирул Отманды (Малайзия) жолда қалдырған соң, ширек финалда Рио олимпиадасының қола жүлдегері Отгондалай Доржнямбуумен (Моңғолия) ашық айқасқа түсіп жатыр еді. Қабағынан қан сау ете қалды. Дәрігер рұқсат бермей, төрешілердің 1:4 деп белгілеген есебімен Әділет жүлдеден үміт үзуге мәжбүр болды. Бұл сында Құрметовтің бар шеберлігін көрдік дей алмаймыз. Дегенмен қосымша жекпе-жекте отандасымыздың Лай Чу Енді (Тайпей) еркін ұтып, әлемдік дода жолдамасын иеленгенін қанағат тұттық.

64 келіде оңтүстікқазақстандық Бекдәулет Ибрагимов жартылай финалға дейін сүрінбей (Обада әл-Касбех, Иордания – 5:0, Дининду Сапарамаду, Шри-Ланка – 5:0) келіп, Икболжан Холдаровтан (Өзбекстан) 1:4 есебімен ұтылды. «Ол қорғанысты көбірек ойлап кетті, мүмкіндік туып тұрса да соққы жұмсаудан тайсақтады» деп баға берді Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов. Демек, Ибрагимов алдағы уақытта жүйкесін күшейтуге тиіс.

69 келіде Абылайхан Жүсіпов күткеніміздей финалға шықты (Хироаки Кинио, Жапония – 5:0, Лю Уей, Қытай – 5:0, Тувшинбат Бямба, Моңғолия – 5:0). Алайда алтын үшін таласта ол Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Шахрам Ғиясовтен (Өзбекстан) таза ұтылды. Бірінші раундта қарағандылық боксшы бір рет нокдаун алып қалды. Әрине, ересектер боксы жастарға қарағанда ауырлау болар, дегенмен Жүсіпов енді үміт күттіруші емес, үмітті ақтаушы болғаны керек. Әйтпесе, кеш болады.

75 келіде де алдымызды өзбек ағайындар кесіп өтті. Әбілхан Аманқұл (Жамбыл) қытайлық Вен Инхаңды таза ұтып, ширек финалда сириялық Моуен Әзиз Абдалды І раундта-ақ төпелеп, алақанымызды ысқылатып еді. Алайда ширей финалда Исраил Мадримовқа қарсы бар білігін көрсете алмады. Сөйтіп қазақ-өзбек текетіресінде Аманқұл да таразы басын теңселтуге күші жеткен жоқ.

81 келіде маңғыстаулық Ерік Әлжанов финалға жетті (Еркін Әділбекұлы, Қырғызстан – 5:0, Ауайс Әли Хан, Пәкістан – 5:0, Нұряғды Нұряғдыев, Түрікменстан – 3:2). Финалда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Бектемір Меликузиевпен (Өзбекстан) тең айқасты. Әуелі Әлжанов тізгінді берік ұстағандай еді, екінші раундтың ортасынан ары Меликузиев еркінсіді. Отандасымызға халықаралық сындардың тәжірибесі жетпейтіні бірден байқалды. Дегенмен төрешілер шешімі де тым қатал болғандай. Олардың бесеуі де өзбек боксшысын жақтады. Енді Ерікке еш босаңсуға болмайды. Бұл салмақта Ниязымбетов пен Әлімханұлы белсенсе, Әлжанов қайтадан 75 келіге шегінуі мүмкін. Былтырғы ел чемпионатында Ерік 75 келінің күміс жүлдегері атанғанын ұмытпайық.

91 келіде қостанайлық Василий Левит барлық қарсыласын қалпақпен ұрып алды. Рио олимпиадасында алтынға бергісіз күміс алған серкеміз Ташкент сынында өзбек қарсыласын (Санжар Тұрсынов) ұтқан да, Азия чемпионы атағын бізден жалғыз иеленген де өзі болды. Левит зар күйінде тұр, осы жайт көңілімізді демейді.

+91 келіде Қамшыбек Қоңқабаев (Қызылорда) финалда Баһадүр Жалоловтан 0:4 есебімен ұтылды. Бұл салмақта Азияда жоғары деңгейлі боксшы тым аз, Дычко кеткен соң оның орнын толтыру біздің жігіттерге ауырлау болатын сыңайлы.

Қорыта айтқанда…

Қазақстан құрамасы жалпы есепте 2 орын (1 алтын, 3 күміс, 4 қола) иеленді. Өзбекстан құрамасында – 9 алтын. Отандастарымыз 8 салмақта шаршы алаң иелерімен бетпе-бет келіп, 7 рет ұтылды, 1 рет қана жеңді. Ойланатын жағдай… Әрине, күнібұрын байбалам салуға ешкім де құштар емес. Бірақ бүгінгі қателіктерді ертеңге түзеп бармасақ, кеш болады. Жаңа құрама алғашқы майданнан жақсы табыспен келді. Алда – Гамбургте (Германия) өтетін әлем чемпионаты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here