Перу құрамасының шабуылшысы Паоло Герреро әлем чемпионатына қатысуы мүмкін.
2017 жылдың қазанында ол оң нәтижелі допинг-сынама тапсырды. ФИФА шабуылшыны бір жылға айыптады. Герреро мұнымен келіспей, істі қайта қарауды талап етті. Сөйтіп, айып мерзімін 6 айға дейін қысқартуға қол жеткізді.
Бірақ Cпорттық төрелік соты Бүкіләлемдік антидопинг агенттігінің (ВАДА) қарсы арызын қарастырып, айыпталу мерзімін 14 ай деп нақтылады. ВАДА әуелі 2 жылдық айып сұраған еді.
Жақында Герреро қайта арызданды. Швейцария федералдық соты оның айыбын тоқтата тұруға шешім қабылдады.
Паоло Герреро Перу құрамасында 2004 жылдан бері ойнап келеді. Содан бері ол 86 матч өткізіп, 32 гол соққан.
Әлем чемпионатының топтық турнирінде Перу құрамасы С тобында Франция, Дания және Австралия құрамаларымен кездеседі.