Еуропа чемпионатына іріктеу. I тобы
5 тур. 6 қыркүйек
Кипр – Қазақстан – 1:1 (1:1)
Голдар: Сотириу, 39 – Щеткин, 2
Ескертулер: Мидисккис, 8, Янну, 15, Кусулос, 45+2, Лаифис, 90+4 – Малый, 51, Сүйімбаев, 85
Кипр: Панаи, Янну, Меркис (к), Ефрем (Кости, 73), Кириаку, Сотириу, Кусулос, Медисккис, Популис (Питтас, 90), Лаифис, Кастанос (Георгиу, 58)
Қазақстан: Непогодов, Ерланов, Малый, Марочкин, Вороговский, Тағыберген (Жуков, 82), Қуат, Перцух, Сүйімбаев, Исламхан (к) (Федин, 65), Щеткин (Әйімбетов, 87)
Төреші М.Гестраниус (Финляндия)
Никосия, GSP стадионы. 5639 көрермен
Бұл қос құраманың арасындағы үшінші кездесу еді. 2004 және 2017 жылдары өткен екі жолдастық кездесуде аралдықтар Қазақстан құрамасын 2:1 және 3:1 есептерімен жеңген-ді. Дегенмен Euro-2020 іріктеу кезеңінде отандастарымыз Кипр алдында күнібұрын тізесі дірілдемейтіні о бастан белгілі болды. Иә, топтағы Бельгияның мойны озық, оған Ресей ілесе шабатыны әуелден анық еді. «Шотландия үздік үштікке енсе, Қазақстан мен Кипр Сан-Мариноны артқа тастап, төртінші орынға таласады» деген пікір футбол мамандарының талайының аузынан шықты.
Дегенмен осы іріктеу кезеңінің алғашқы турында Шотландияны 3:0 есебімен ойсырата жеңген соң, көп адам Қазақстан жайлы пікірді абайлап айтатын болған. Кипрге жол тартқанда да, Афродита аралында біздің жігіттер тең ойынға, тіпті жеңіске лайық екенін термелегендер де аз болған жоқ. Қазақстан құрамасы сенімді ақтады. Есеп ашып, ойынды тең аяқтап, сырт алаңнан ұпай олжалап қайтты. Бұл күні өз алаңында Ресейге 1:2 есебімен жеңілген Шотландия төртінші орынға сырғып, Қазақстан үздік үштіктегі орнын нықтай түсті.
Бұл кездесудегі статистикалық мәліметтер мынадай:
а) Қазақстан құрамасы Кипрден алғаш ұпай жырып алды. Бұған дейін аралдықтар біздің құраманы екі рет жеңген еді;
ә) Қазақстан құрамасы он үшінші рет матчта есеп ашып, тең ойынға қанағат білдіріп отыр;
б) Қазақстан құрамасы сырт алаңда он тоғызыншы рет тең түсті. Осы кездесулердің он бірінде 1:1 есебі тіркелді;
в) Алексей Щеткин ұлттық құрама сапындағы екінші добын соқты. Бұған дейін ол 2015 жылдың 18 ақпанында Молдова құрамасының қақпасын таңбалап еді. Ең қызығы, сол матч та 1:1 есебімен тең аяқталып, Щеткин екінші таймның үшінші минутында есеп ашқан еді;
г) Щеткиннің бұл голы құрама тарихындағы ең жылдам голдың бірі болып тұр. Ол Кипр қақпасын 1:57 минутта таңбалады. Ал бұған дейінгі ең жылдам гол – 1997 жылғы Қазақстан – Пәкстан кездесуіндегі (3:0) Болат Есмағамбетов енгізген алғашқы доп болатын. Ол да екінші минутта қақпаға енді, алайда нақты уақыт көрсеткіші тіркелмеген;
ғ) Асқат Тағыберген құрама сапындағы 20-кездесуін өткізді. Ол 2014 жылдың маусым айындағы Венгрия – Қазақстан (3:0) кездесуіндегі құрама сапында тұңғыш рет ойнаған еді;
Іріктеу кезеңінің 6 турындағы Ресей – Қазақстан кездесуі кеше түнде Калининград қаласында өтті.
Бұдан кейін Қазақстан құрамасы екі кездесуді өз алаңымызда өткізеді. 10 қазан күні «Астана-Арена» стадионында – Кипрді, 13 қазанда Бельгияны қабылдайды.
Шотландия – Ресей – 1:2 (МакГинн, 11 – Дзюба, 40, О’Доннел, 59-өз қақпасына)
Сан-Марино – Бельгия – 0:4 (Батшуайи, 43-пенальтиден, 90+2, Мертенс, 57, Шадли, 63)