Қазақстан премьер-лигасы
26 тур. 16 қыркүйек

«Тобыл» — «Жетісу» — 2:2 (Квеквескири, 32, А.Нұрғалиев, 35 – Степанюк, 22, Жепаров, 80-пенальтиден)
«Ертіс» — «Қызылжар» — 0:1 (Мүлдинов, 7)
«Шахтер» — «Атырау» — 2:1 (Шафф, 39, Кояшевич, 85 – Обшивач, 9)
«Қайрат» — «Ақжайық» — 0:1 (Е.Нұрғалиев, 76)
«Астана» — «Қайсар» — 0:0
«Ордабасы» — «Ақтөбе» — 0:0

Ұлттар лигасындағы ойындар кезінде үзіліс алып, қайта жалғасқан премьер-лига кездесулері біраз мәселенің басын ашудың орнына, керісінше, жағдайды шиеленістіріп жіберген сияқты. «Астана» өз алаңында «Қайсарды» жеңе алмай, «Қайратқа» мүмкіндік берген секілді еді. Алматылықтар сыйға қарық болудың орнына, өз алаңында «Ақжайықтан» жеңіліп қалды. Қазір екі мықтының арасындағы айырмашылық төрт ұпайға жетті. Алдағы сегіз турда «Қайрат» «Астананың» сүрінуін ғана күтіп қоймай, өзі де тек жеңіске жетуге тиіс. Әйтпесе, чемпиондық атақ көзден бұл-бұл ұшпақ.

«Ертістің» премьер-лигадан өз тарихында тұңғыш рет түсіп қалу қаупі зоря түсті. Павлодарлықтар тікелей қарсыласынан жеңілді. Ойынның 7 минутында орталық қорғаушы Александр Кислицын «Қызылжардың» шабуылшысы Тимур Мүлдиновтың алдына доп салып берді. Ал «бразилиялық» Рафкат Аслан 27 минутта алаңнан қуылып, «Ертістің» жағдайын одан ары нашарлатты. Енді «Ертіс» сегіз ойынның бесеуін сырт алаңда өткізеді. Қазірдің өзінде ол «Қызылжар» мен «Шахтерден» — 4, «Атыраудан» 5 ұпай артта тұр. Болгар маманы Димитар Димитров та «пентакампеондарды» тығырықтан шығара алмайтын сияқты.

«Шахтер» жігерлі жеңіске жетіп, жағдайын сәл түзегендей болды. Дегенмен әлі де қауіп бұлты сейілген жоқ. «Ақжайық» пен «Қызылжар» үшін осы турдағы жеңістер аса бағалы екені сөзсіз.

Мергендер биыл соққан гол санын жиырмаға жеткізе алмайтын секілді. Маркос Пизелли («Ақтөбе») – 15, Адерсинсола Есеола («Қайрат» 14 доппен шектеліп тұр. Бұған дейінгі үш жылда котдивуарлық мерген Жерар Гоу «Қайрат» сапында 20 доптан артық соғып, көз үйреткен еді. Өкінішке қарай, қазақстандық мергендер көште жоққа тән. «Астана» сапына бірде ілініп, бірде ілінбей жүрген Алексей Щеткин 8 голмен алғашқы бестікте келеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here