Қазақстан кубогы
Финал. 24 қараша

«Қайрат» (Алматы) – «Атырау» — 1:0 (Соколенко, 16)
4 минутта Исламхан («Қайрат») пенальти соға алмады (қақпашы).
«Қайрат»: Покатилов, Соколенко, Ахметов, Әліп, Кейлер, Сүйімбаев (Люхай, 73), Парагульгов (Кривенцев, 88), Жуков, Әбікен, Исламхан, Сәрсенов (Швырев, 90+3)
«Атырау»: Логиновский, Адениджи, Аблитаров, Кубик, Нейн, Обшивач, Сергиенко, Сикимич (Родионов, 84), Әбдірахманов (Жалмұқан, 63), Қалмұратов (Сапаров, 44), М.Хайруллин (к)
Ескерту алғандар: Кейлер, 41, Швырёв, 90+3 – Обшивач, 53, Сапаров, 83
Хайруллин ойын аяқталған соң алаңнан қуылды.
Төреші – Б.Қызылбаев
Астана. «Астана-Арена» стадионы. 4500 көрермен

«Қайрат» тоғызыншы рет Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Алматылықтар кубок финалына соңғы бес жылда бес рет шығып, 2016 жылы ғана «Астанаға» жол берді.

Бұл жолы «Қайрат» әуелгі кезеңнен-ақ кубок сындарында тек қазақстандық футболшылармен ойнады. Сырт алаңда «Оқжетпесті» хоккей есебімен тізе бүктірген соң, ширек финалда «Ордабасы» жолығып еді. Басқа-басқа, шымкенттіктер еурокубоктарға шығудың төте жолы ретінде кубокты қарастыратыны рас-ты. Алайда сырт алаңда негізгі құрамнан Покатилов, Әліп және Парагульгов қана қатысқан ойында «қайраттықтар» тең қырқысып, ойын соңындағы пенальтиде қарсыласын тізерлетіп кетті. Жартылай финалдық қос матчта да «Қайрат» сапында кіл қазақстандық футболшылар шығып (2:0, 1:3), алдымен – Арменияға («Арцах»), сосын Ресейге («Сочи») жол тартқан Акмаль Бақтияровтың сырт алаңда соққан добының арқасында финалға жолдама алды.

Финалға алматылықтар ұзақ дайындалды. Тіпті ел чемпионатының соңғы бес турын осы жеңіске құрбан етті десек те болады. Испан маманы Карлос Алос отставкаға кеткен соң, бас бапкер міндеті Андрей Карповичке жүктелді. Жас маман тек отандық футболшыларды ойнатып, чемпионатта екі рет тең ойнап, үш рет жеңілді. Күміс жүлде еншілесе де, «Қайрат» пен чемпион «Астана» арасындағы ұпай айырмашылығы 15-ке жетіп еді. Бұл да «Астананың» өзіндік рекорды болды.

Міне, шешуші күн келіп жеткенде «Қайраттың» жастары сансыраған жоқ. «Атырау» қақпашысы В.Логиновский төртінші минутта Исламхан тепкен пенальтиді тырп еткізбей ұстады. Бірақ алматылықтар 16 минутта бәрібір есеп ашты: Сүйімбаевтың әдемі пасын Соколенко тоқтатпай теуіп, жеңіс голын соқты. Ойын соңына дейін атырулықтар тынбай шабуылдағанмен, есеп өзгерген жоқ.

«Атырау» өткен жылы да ел кубогының финалында «Қайратқа» есе жіберіп еді. Енді бұл команда келесі жылы еурокубокта ойнау құқығын өз қолымен «Ордабасыға» табыстап отыр.

Осы ойыннан кейін «қайрат» командасы жаңа бапкерін табыстырды. «Динамода» (Минск) және Германия клубтарының жастар академиясында еңбек еткен Алексей Шпилевский команда тізгінін қолға алды. Оған Христос Пападопулос және Томми Яниген сияқты мамандар көмектеседі. Ал Андрей Карпович тоғыз жылдан бері ел кубогын иеленген алғашқы қазақстандық маман болып отыр.