Қазақтан шыққан төртінші әлем чемпионы Тимур Досымбетов туралы көп біле бермейміз. Иә, ол өмірінің соңына дейін жұрт алдында жүрді, спорт саласында маңызды қызметтер атқарды. Бірақ 1982 жылы КСРО құрамасы сапында бессайыстан әлем чемпионы атанғаны туралы мәлімет тіпті аз. Оған дейін қазақ жастарынан балуандар Шәміл Серіков (1978 және 1979 жылдар) және Жақсылық Үшкемпіров (1981 жыл), ватерполшы Нұрлан Меңдіғалиев (1982 жылдың шілде-тамыз айлары) әлемдік сында топ жарды. Осы қатарға Т.Досымбетов сол 1982 жылдың қазан айында қосылды.

Алматыда өскен ұл

Тимур Қамалұлы Алматы қаласында 1957 жылдың 17 желтоқсанында дүниеге келді. Бала күнінен спортқа құмартты. Алғаш тоғыз жасында жаттығу залына келді. Әуелі жүзу спортымен, сосын бессайыспен шұғылданды. Бапкері Валерий Кашельскийдің айтуынша, Тимур бессайыспен он екі жасынан бастап айналыса бастаған. Ол 1974 жылдан бастап КСРО-ның әр деңгейдегі құрамаларында өнер көрсетті. 1975 жылы Қазақстан құрамасында Е.Бессонов, В.Сычев, В.Рожковтармен бірге сынға түсіп, ел чемпионы атағын жеңіп алды. 1976 жылы КСРО жастар ойындарында дәл осы командаластарымен бірге жеңімпаз атанды. 1979-1984 жылдар аралығында КСРО құрамасының намысын қорғады. КСРО халықтары спартакиадасында бірнеше рет жеңімпаз, жүлдегер атанды. 1982 жылы Таллинде өткен КСРО қысқы чемпионатында топ жарып, әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.

«Ол он бес жасында-ақ өте жақсы семсерлесетін, нысананы дәл көздейтін, жақсы жүзетін, асау атты жуасыта алатын. Ал жүгіру… Спорттың онша күрделі емес осы түрі оған техникалық спорт түрлерінен әлдеқайда қиын соқты. Тимур ойлы-қырлы жерлермен жүгіріп, табанды түрде жаттықты, сөйтіп, жүлдегерлер қатарында немесе кем дегенде алғашқы алтылықта болуға мүмкіндік беретін ұпай жинайтын болды. Көп құрдасына қарағанда Тимур ересектер категориясына сенімді өтіп, жарыстарға табыспен қатыса берді. Алматылық спортшы Москвада өткен олимпиадаға жолдама жеңіп алады деп көп адам үміттенген еді, бірақ іріктеу жарыстарында Тимур жүгіру кезінде тағы қапы қалды. Ал басқа жарыс түрлерінде олимпиадаға қатысуға үміттенгендердің ешқайсысынан кем өнер көрсеткен жоқ» деп жазды спорт шолушысы Орал Қаймирасов («Социалистік Қазақстан» газеті, 22 қаңтар, 1982 жыл).

Т.Досымбетов 2015 жылдың 3 желтоқсанында дүниеден өтті. Ол 1990 жылдан бастап елімізде олимпиялық қозғалыстың құрылуына, дамуына зор еңбек сіңірді. Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитетінің тұңғыш президенті болды. Қазіргі бессайысты және олимпиялық қозғалысты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Швейцарияның Лозанна қаласындағы қазіргі бессайыс Даңқ залына Тимур Қамалұлының есімі енгізілді.

Сәтсіздікті ұмыту үшін

Мәскеу олимпиадасында топ жарған КСРО құрамасы 1981 жылы Польшаның Зелена-Гура қаласында өткен әлем чемпионатында төртінші орын алып қалды. Мұны кеңестік спорт саласының басшылары өте ауыр қабылдады. Олимпиада чемпионы А.Старостин жеке есепте 5331 ұпаймен небары 7 орында қалды. Е.Липеев – 11, В. Рогов 20 нәтиже көрсетті. Сондықтан келесі жылы бас жаттықтырушы Глеб Крюков «басынан асыра секіруге» тиіс болды. Ол Старостин мен Липеевтің қасына КСРО қысқы чемпионатының жеңімпазы Тимур Досымбетовті қосты.

Қазіргі бессайыстан 1982 жылғы әлем чемпионаты Италия астанасы Рим қаласында 4-9 қазан аралығында өтті. Оған 21 елден 58 спортшы қатысты. Олимпиада чемпиондары А.Старостин мен Я.Печактың (Польша), Монреаль олимпиадасының күміс жүлдегері Я.Бартудың (Чехословкаия), 1979 жылғы әлем чемпионы Р.Ниманның (АҚШ) келуі де жарысқа қосымша бедел үстегені сөзсіз еді. Осы мықтылар арасында қазақ ұлы Тимур Досымбетов те өзінің шеберлігін паш етуге тиіс болатын.

Алғашқы сын – конкур

Атпен түсінісе өнер көрсету қашанда оңай емес. Әлем чемпионаты алдында Италия олимпиялық құрамасының бұрынғы мүшесі Сержио Албанезе қырық атқа кезек мініп, төрт сағат бойы шоу көрсеткенде, конкур сыны оңай болатындай көрініп еді. Жарыс жол 600 метр, 15 кедергі, оның ішінде қосар және үштік жүйелер де болды.

Досымбетов «Кадиллак» есімді атқа мініп өнер көрсетті. Ол мейлінше жинақы, ұқыпты жүріп өтуге тырысты. Бірінші және екінші кедергілерде бөренелерді құлатып алғанмен, одан кейін қателескен жоқ. Ол бірінші сында КСРО қоржынына 1040 ұпай қосты. Бұл өте жақсы көрсеткіш еді. Өйткені ең жоғары 110 ұпайды 4 спортшы ғана иеленді, 6 спортшы тіпті соқыр ұпай жинай алған жоқ. Қамалұлының командаласы Липеев – 898, Старостин 948 ұпайға қол жеткізді. Алғашқы сынның қорытындысы бойынша Венгрия құрамасы (Пайор, Часари, Мижер) 3130 ұпаймен көш бастады. КСРО құрамасы 2828 ұпаймен бесінші орында тұрды.

Семсерлесуде де саңлақтар қатарында

Екінші жарыс түрі – семсерлесу Спорт сарайынан «Хилтон» қонақ үйінің залына көшірілді. КСРО құрамасы бірінші жарыс нөмірін алып, бір жолда өнер көрсетті. Алайда алғашқы кездесуде Досымбетов-Старостин-Липеев үштігі ГФР құрамасына 2:7 есебімен есе жіберіп қойды. Одан кейін Финляндияны жеңгенмен, АҚШ-қа қайрат көрсете алмады – 3:6. Бұдан ары шегінерге жер жоқ еді. Өйткені семсерлесу ережесі бойынша жеңіс өз ұпайыңды көбейтіп қана қоймайды, қарсыластың ұпайын да азайтады. Америкалықтардан жеңілген соң кеңестік спортшылар ер қайратына мінді. Кейінгі 15 кездесудің бәрінде жеңіске жетті. Құрамы мықты болып есептелетін Венгрия (7:2), Швеция (8:1), Италия (5:4), Франция (5:4), Польша (5:3) құрамаларын жерге қаратты. Т.Досымбетов 38 жеңіске жетіп, 962 ұпай иеленді. Старостинге – 924, Липеевте  905 ұпай бұйырды. Семсерлесу сынында КСРО құрамасы екінші нәтиже көрсетті. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша бір саты алға жылжып, төртінші орынға көтерілді.

Жүзуде – өз деңгейінде

Бессайыстың үшінші бағдарламасында спортшылар 200 метрге еркін әдіспен жүзеді, түсініктірек айтқанда, малтиды. Досымбетов бұл қашықтықты 3 минут, 36,6 секундта жүзіп өтті. Командаласы Старостиннен 9,9 секунд нашарлау болса да, екі спортшы үшін бұл жеке рекорд еді. Липеев өзінің бір жыл бұрынғы нәтижесін 0,2 секундқа жаңартты – 3:27,7 минут.

Бұл сында Христиан Сандов (ГФР) топ жарды (3:14,7). Командалық сында АҚШ (3756 ұпай), ГФР (3644), Венгрия (3640) алда тұрды. 3572 ұпай иеленген КСРО құрамасы италиялықтармен арадағы 184 ұпайды қысқартты.

Сұрмерген ұл сүрінген жоқ

Нысана көздеуде кеңестік спортшылар арасынан Липеев бірінші болып жарыс жолына шықты. Ол екі серияда тоғыздықты дәл көздегенмен, жинаған ұпай саны (194) көңілдегідей емес еді. Екінші кезекте ортаға шыққан Т.Досымбетов бір рет қана тоғыздыққа тигізді, кейінгі үшеуінде ондықты дәл көздеді. Сөйтіп, 199 ұпай иеленді. Старостин ала-құла атып, 197 ұпайға қанағат білдірді.

Досымбетов бұл сында ең жоғары – 199 ұпай алған үш спортшының бірі болды. Әлем чемпионаттары тарихында бірінші рет нысана көздеу бағдарламасының жеңімпазы оқ нысананың ортасынан қаншалықты сырттап тигенін есептеу арқылы анықталды. Жеңімпаз атанған П.Сантаненнің (Финляндия) тоғыздығы нысана ортасынан 70 мм сырттау тиіпті. Тимур Қамалұлының көрсеткіші – 84 мм, Р.Нимандікі 88 мм болды.

Осы бағдарлама қорытындысы бойынша КСРО құрамасы жалпы есепте бірінші орынға шығып, италиялықтардан – 3, венгрлерден 7 ұпай ғана алда тұрды.

Еңіс қоладан айырды

Соңғы бағдарлама – кросс. Бұл сында өкшелеген италиялықтарды артта қалдыру қиынның қиыны еді. Жеке сында Старостиннің – күміс, Досымбетовтың қола жүлде алатын мүмкіндігі бар-ды. Сондықтан отандастарымыз барын салуға тиіс екенін жақсы түсінді.

Жарыс жолы Боргезе вилласының айналасында саябақта еді. Алғашқы шақырымнан кейін жер сәл еңістеп, жылдамдықты арттыруға мүмкіндік берді. Алайда тәжірибелі бессайысшылар мұның тұзақ екенін жақсы түсінетін. Қарқынды қатты арттырып алса, ары қарай ентігіп қалатынын олар толық сезді. Бірақ Досымбетов еңісте екпінін тежей алмады ма, әлде басқа да жағдайлар әсер етті ме, әуелгі шақырымдарда жақсы жүгіргенмен, қорытындыда орташа нәтиже көрсетті. 13 минут, 27 секунд… Дәл осы сәтсіздік Тимур Қамалұлын жеке есепте төртінші орынға сырғытып жіберді.

Старостин қашықтықты 12 минут, 44 секундта жүгіріп өтіп, сегізінші орыннан екінші сатыға көтерілді. Липеев те жақсы жүгірді (12, 55 мин), 16 орыннан 12-ге шықты. Жеке сында италиялық Масала кроста 19-нәтиже ғана көрсетсе де, бес сын қорытындысы бойынша 5680 ұпай жинап, әлем чемпионы атанды.

Командалық сында КСРО құрамасы ешкімді тең келтірмеді. Досымбетов-Старостин-Липеев үштігі 16082 ұпай иеленіп, әлем чемпионы атағын иеленді. Венгрия – күміс, Италия қола медаль жеңіп алды.

Арманы қол жеткізбей…

«Жас қазақ» газетінде жұмыс істеп жүргенде, 2005 жылдың желтоқсан айында Тимур Қамалұлымен сұқбат жасаудың сәті түсті. Бұл кезде Досымбетов мырза Ұлттық олимпиялық комитеттің президенті еді. Алматы қаласының кандидатурасы 2014 жылғы Қысқы олимпиаданы өткізуге ұсынылып жатқан күндер болатын. Т.Қамалұлы осы бастаманың ел мен жер үшін қандай мәнге ие екенін тәптіштей түсіндірді, талдады. Бұл сұқбат «Алматы олимпиада астанасы атануға лайық» деген тақырыппен газеттің 16 желтоқсандағы санында жарияланды.

Сұқбат соңына қарай Тимур ағадан 1982 жылғы жеңісі туралы сұрадым. Ол жауап беріп жатып, әңгіме ауанын мүлде басқа тақырыпқа аударды. Римдегі сол жеңісі 1984 жылғы Лос-Анжелестегі табысқа ұласуға тиіс болғанын айта келіп, қатты өкініш білдірді. Иә, қырғи-қабақ соғыс сол кездегі мықты спортшылардың өміріне таңба салғанын осы жауаптан түсінуге болады. Олимпиада чемпионы атану Тимур Қамалұлының басты арманы еді. Амал не…

«Сіздің кезінде бессайыстан әлем чемпионы атанғаныңыздан жалпы хабардар болғанымызбен, сол жеңісіңіз жайлы көп біле бермейміз. Осы жайлы аз-кем айтып өтсеңіз. Олимпиадаға қатысып көрдіңіз бе?

Тимур Досымбетов: Мен бессайыстан 1982 жылы әлем чемпионы атандым. Ол кездегі басты қиындық – КСРО құрамасына іліну еді. Құрамаға ілінген соң, жетістікке жету өз қолымызда-тұғын. Өйткені бессайыстан сол кездегі КСРО құрамасы өте мықты еді. Анатолий Старостин, Евгений Липеев, мен үшеуміз Римде өткен әлем чемпионатына қатысып, топ жардық. Италиялықтарды, венгрлерді жолда қалдырдық. Бірақ спорттық ғұмырымда есімнен кетпейтін үлкен өкінішім бар. Мен КСРО құрамасына сол 1982 жылы қабылдандым. 1984 жылы Лос-Анжелесте кезекті жазғы олимпиялық ойындар өтетін еді. Біз оған қатты дайындалдық. Бірнеше оқу-жаттығу жиынынан кейін өзіміздің құрамаға енгенімізді білдік. Жарысқа қатысатын спорттық киімдерімізді де алдық. Олимпиадаға жиырма күн ғана қалғанда біздің олимпиадаға қатыспайтынымыз мәлім болды. 1980 жылы Мәскеуде өткен олимпиялық ойындарға капиталистік елдер бойкот жарияласа, араға төрт жыл салып, АҚШ-та өтетін олимпиадаға социалистік елдер қатыспауға келісті. Біз қатты өкіндік. Кеңес спортшыларының ең бір талантты буыны осылайша өз ғұмырларындағы үлкен додадан қағылды. «Олимпиада чемпионы болсақ, жүлдегер атансақ» деген арманымыз желге ұшты. Сол өкініш көкірегімді әлі күнге тырнайды. Менің ойымша, олимпиадаға бойкот жариялау – үлкен ақымақтық. Ол кезде кеңес спорты керемет қарқындап тұр еді. Лос-Анжелес олимпиадасына қатысқан болса, КСРО құрамасы командалық есепте сөзсіз бірінші орын алған болар еді.

– Ал сіз өзіңіз сол олимпиадаға қатыссаңыз, қандай да бір медаль жеңіп ала алар ма едіңіз?

Тимур Досымбетов: Медаль алар едік, тіпті алтынды да ешкімге бермес едік. Лос-Анжелес олимпиадасында топ жарған италиялық Даниеле Масаланың көрсеткіші сол кездегі біздің нәтижемізден көп төмен еді. 1984 жылы біз халықаралық жарыстардың ешқайсысында ұтылғанымыз жоқ. Олимпиадада аяқ асты бір сәтсіздік болмаса, біз сөзсіз чемпион болар едік»(«Жас қазақ», 16.12.2005 жыл).

Ғаламторды ақтарып отырып, Тимур Қамалұлы 1982 жылы Римде киген жеңімпаз жейдесінің суретін тауып алдым. Қандай керемет жәдігер десеңізші…

(«Жас Алаш», №31, 24.04.2018)