4 қыркүйек күні сайтымызға Қыдырбек Рысбекұлының «Қазақта қанша әлем чемпионы бар?» тақырыбындағы ойтүрткісін жариялап, жақында осы тізімге Қайрат Ералиев қосылғанын айтып едік. Мақала әлеуметтік желілерде де жақсы талқыланып жатыр. Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев бөліскен сілтемесінің астына Дәулет Сапарбеков есімді азамат: «Назым Қызайбай жоқ қой», – деп пікір қалдырыпты. Осы пікірді оқып, қатты қуандық. Өйткені Қыдырбек ағамыз да ойтүрткісінде: «Егер тізімнен қателік тауып, толықтырып жатсаңыздар, алғыстан басқа айтарым жоқ», – деген-ді. Дәулет бауырымыз тізімді толықтыруға тамаша мүмкіндік беріп отыр. Назым Қызайбай – олимпиялық спорт түрлері бойынша әлем чемпионатын 2 рет жеңіп алған небары үшінші саңлағымыз (біріншісі – Шәміл Серіков, екіншісі – Серік Сәпиев).
Ноябрь Кенжеғараев 2016 жылғы әлем чемпиондары Дина Жоламан мен Ләззат Күнгейбаеваны да еске салды. Мың алғыс айтамыз!
Астын сызып тағы да айтатын мәселе – бұл тізім олимпиялық спорт түрлері бойынша жасақталған. Әйтпесе, бір ғана самбо күресінен 1984 жылы топ жарған Қанат Байшолақовтан (48 келі) бастап, Бауыржан Садыханов (52 келі, 1992), Сәуле Ғабдуллина (56 келі, 1996), Азамат Мұқанов (2010), Асқар Шайхиев (48 келі, 1989), Асқат Шахаров (74 келі, 1999, 2004, 2005), Қоныс Жетпісов (52 келі, 2001), Ерболат Байбатыров (52 келі – 2008, 2009, 57 келі – 2010, 2011), Дәурен Жайнақов (57 келі, 2009), Бейімбет Қанжанов (52, 2015), Гауһар Тұрмаханова (52 келі, 2014) секілді 11 әлем чемпионы бар екен. Әскери самбодан әлем чемпионатын 3 рет жеңіп алған Арман Оспановты (68 келі – 2013, 2014, 2015), 2 рет дара шыққан Алмас Сүлейменовті (52 келі- 2014, 2015) де айтып өтуге тиіспіз. Олимпиялық санатқа енбейтін джиу-джитсудан (Елдос Қабденов, Дарқан Нартаев), кикбоксингтен (Асқар Можанов – 5 рет, Ержан Шегенов, Арнал Қанапиянов) әлем додасынан дара шыққан қандастарымыз да баршылық.
Дегенмен олимпиялық спорт түрлерінің бәсі жоғары. 4 жылдық циклда әлем чемпионаттарында көзге түскен мықтылардың еңбегі олимпиадаларда қорытылады. Сондықтан олимпиялық санатқа енетін жазғы – 31 (оның ішінде тағы 21 түрі бар), қысқы 7 (іштей тағы жіктеледі) спорт түрінен әлемде дара шыққан қандастарымыздың әлі аздау екенін мойындайық.
Ендеше, жаңарған тізім мынадай:
1. Шәміл Серіков, грек-рим күресі,1978-1979 ж.ж.
2. Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресі, 1981 ж.
3. Нұрлан Меңдіғалиев, су добы, 1982 ж.
4. Тимур Досымбетов, қазіргі бессайыс, 1982 ж.
5. Марат Сатыбалдиев, велоспорт, 1989 ж.
6. Дәулет Тұрлықанов, грек-рим күресі, 1989 ж.
7. Бақтияр Байсейітов, грек-рим күресі, 1998 ж.
8. Болат Жұмаділов, бокс, 1999 ж.
9. Серік Сәпиев, бокс, 2005, 2007 ж.
10. Ердос Жаңабергенов, бокс, 2005 ж.
11. Біржан Жақыпов, бокс, 2013 ж.
12. Мерей Ақшалов, бокс, 2013 ж.
13. Данияр Елеусінов, бокс, 2013 ж.
14. Жәнібек Әлімханұлы, бокс, 2013 ж.
15. Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетика, 2014 ж.
16. Назым Қызайбай, бокс, 2014, 2016 ж.
17. Елдос Сметов, дзюдо, 2015 ж.
18. Дина Жоламан, бокс, 2016 ж.
19. Ләззат Күнгейбаева, бокс, 2016 ж.
20. Қайрат Ералиев, бокс, 2017 ж.
Тағы да қайталап айтамыз: тізімге қосатын, ұмытылып жүрген мықтылар болса, түзету жасауға дайынбыз. Тіпті алдағы уақытта осы чемпиондардың әрқайсысы туралы материал ұйымдастыруға да мақұлмыз.
Өткірбек Хайдаровты жатқызуға болады ма?
Кажымукан атамыздын да курестен алем чемпионы деген атагы бар емес пе. калай ойлайсыздар. казирги грек рим куреси сол кездеги французша курес емеспе.
Галип Джапаров та алем чемпионы болган жок па
Біз ұлты қазақ азаматтарды іріктеп жатырмыз.
Арман Оспанов – жауынгерлік самбодан үш дүркін əлем чемпионы.