Біраз уақыт бұрын белгілі журналист, жазушы Қыдырбек Рысбекұлы Фейсбук парақшасында «Қазақта қанша әлем чемпионы бар?» деп ой тастап, қазақтан шыққан әлем чемпиондарын тізімдеп еді. Материалдың толық нұсқасы мынадай:
«Қадірлі бауырлар, олимпиадалық спорт түрлері бойынша алаш жігіттерінен шыққан дүние жүзінің чемпиондарын санап көрейік:
1. Шәміл Серіков, грек-рим күресі,1978-1979 ж.ж.
2. Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресі, 1981 ж.
3. Нұрлан Меңдіғалиев, су добы, 1982 ж.
4. Тимур Досымбетов, қазіргі бессайыс, 1982 ж.
5. Марат Сатыбалдиев, велоспорт, 1989 ж.
6. Дәулет Тұрлықанов, грек-рим күресі, 1989 ж.
7. Бақтияр Байсейітов, грек-рим күресі, 1998 ж.
8. Болат Жұмаділов, бокс, 1999 ж.
9. Серік Сәпиев, бокс, 2005,2007 ж.
10. Ердос Жаңабергенов, бокс, 2005 ж.
11. Біржан Жақыпов, бокс, 2013 ж.
12. Мерей Ақшалов, бокс, 2013 ж.
13. Данияр Елеусінов, бокс, 2013 ж.
14. Жәнібек Әлімханұлы, бокс, 2013 ж.
15. Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетика, 2014 ж.
16. Елдос Сметов, дзюдо, 2015 ж.
Азаттық алғанымызға ширек ғасыр болды. Бар жеткен биігіміз осы. Аз ба, көп пе? Өздеріңіз сараптай беріңіздер. Егер тізімнен қателік тауып, толықтырып жатсаңыздар, алғыстан басқа айтарым жоқ».

Күні кеше бұл тізімді боксшы Қайрат Ералиев толықтырды. Ол тарих жылнамасына қазақтан шыққан 17-әлем чемпионы болып енді. 

1999-2013 жылдар аралығында тек бокстан әлем чемпиондары шығыпты. Жасұлан Қыдырбаев пен Елдос Сметов қана кейінгі жылдары бұл тізімді байытып, қазақ балаларының спорттағы жаңа көкжиегін ашыпты.

Қыдырбек ағамыздың жазбасында «олимпиадалық спорт түрлері бойынша» дегенге назар аударыңыздар. Әйтпесе самбодан А.Шайхиев, Қ.Жетпісов, А.Шахаров, т.б. әлемді бағындырған жігіттер бар. Ережесіз жекпе-жектен, кәсіпқой бокстан да әлем чемпионы атанған саңлақтарымыз жоқ емес. Дегенмен ел спортының әлеуеті олимпиялық санатқа кіретін спорт түрлерінің жетістігімен көбірек өлшенеді.