Қазақстан премьер-лигасы
23 тур. 11-12-13 тамыз

«Ақтөбе» – Астана – 0:3 (Зенькович, 33-автогол, Кабананга, 51, Граховац, 79)
«Қайсар» – «Тобол» – 1:0 (Джа Джедже, 55)
«Шахтёр» – «Ордабасы» – 2:1 (Габышев, 62, Сзоке, 80 – Нұрғалиев, 60)
«Оқжетпес» – «Қайрат» – 0:1 (Гоу, 33)
«Атырау» – «Ертіс» – 0:0
«Тараз» – «Ақжайық» – 0:1 (Шмидт, 72)

31 мамырда Алматыда «Қайраттан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылғаннан бері «Астана» мүлде жеңілген жоқ. Жеңілу былай тұрсын, одан кейінгі 8 кездесуде де қарсыластарын соқыр ұпайсыз қайтарды. Соңғы алты турда астаналықтар қарсыласының бәрін «құрғақтай» ұтып келе жатыр. Осы 6 кездесуде чемпиондар қарсыластар қақпасына 12 гол соғып, өз қақпасына жалғыз доп та жібермепті. Чемпиондар лигасының шешуші іріктеу ойындары алдында бұл көрсеткіш жанкүйерлер көңіліне үлкен медеу екені сөзсіз. «Астана» өзін өкшелеген «Қайраттан» 7 ұпай алда келеді.

Алматылықтар бұл турда «Оқжетпеске» қонаққа барып, 1:0 есебімен жеңіп қайтты. Сөйтіп «Астананың» 10 ұпайға ұзап кетуіне мүмкіндік бермеді. Испан маманы Карлос Феррер тізгінді қолға алғалы екі ойында да «Қайрат» жеңіске жеткенмен, әр жеңістің уысқа ауырлау түсіп жатқанын мойындауымыз керек. «Қайрат» енді «Астананы» ештеңеге алаңдамай-ақ қуа беруіне болады. Өйткені осы турда «Ордабасы» сырт алаңда «Шахтерге» есе жіберіп, алматылықтарды 9 ұпай ұзатып алды.

Шымкенттіктер бірінші болып есеп ашқан-ды. Дегенмен Саулюс Ширмалис келгелі есін жиған «Шахтер» екі минуттан кейін-ақ көрсеткішті теңестіріп, артынша жеңіс голын соғып та кетті. «Ордабасы» енді артынан демі естіліп келе жатқан «Ертісті» үшінші орынға жақындатпауға күш салатын болар.

Павлодарлықтар бұл турға Димитровсыз қатысты. Екі жыл «Ертістің» тізгінін ұстаған болгар маманы еліне кетті. Енді ол «Лудогорец» командасын жаттықтырады. Димитровтың орнын Сергей Климов уақытша басып тұр. Атыраудағы ойын голсыз өтті. Дегенмен осы жалғыз ұпай «Ертісті» «Ордабасыға» аз да болса жақындатты.

«Қайсар» бұл турда «Тобылды» өз алаңында жеңді. Қостанайлықтар бапкер ауыстырса да қимылдары үйлесер емес. Ресейлік Роберт Евдокимов келген соң «Тобыл» екі ойынды жеңіспен аяқтап («Ертіс» – 1:0, «Ақжайық» – 2:0), қола жүлдеге қадам жасағандай еді. Бірақ соңғы үш турда бұл командадан күй кетті. «Тобыл» үш қарсыласынан «құрғақ» ұтылды. Қосылғыштардың орны ауысқанмен, қосынды еш өзгермегеніне куә болып отырмыз.

«Ақжайық» күш алған «Таразды» сырт алаңда тоқтатып, бір саты көтерілді. Бірақ оралдықтар премьер-лигада қалу үшін әлі көп еңбек сіңіруге тиіс. Бұл команда соңғы жеңісіне 10-турда қол жеткізіп, содан кейінгі 12 ойында 3 рет қана тең ойнап еді.

«Ақтөбе» әлі қайраңдап жатыр. «Пентакампеондар» бұл турдан кейін турнир құрдымына тағы құлады.

Мергендер арасында Жуниор Кабананга мен Жерар Гоу егесі чемпионат ажарын кіргізіп отыр. Африкалық қос шабуылшы кезек гол соғып, бірін-бірі ұзатар емес. Осы турда да олар көзге түсті. Гоу соңғы екі жылда өзіне бәсекелес таба алмап еді, биыл қатарынан үшінші жыл бас мерген атана алар ма екен?