Тайланд астанасы Бангкок қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Бұл аламанға Қазақстан да мықты спортшыларын қосты. Жастар алғашқы қадамымен-ақ жанкүйерлерін қуантты.

62 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Анатолий Савельев алтыннан алқа тақты. Ол жұлқи көтеру бағдарламасында 127 келіні еңсеріп, көш бастаған-ды. Негізгі қарсыласы Юнбан Вей (Қытай) отандасымыздан 1 келі кем көтерді. Ал серпе көтеруде Савельев қара үзетіні белгілі еді. Ол 154 келі көтеріп, Вейден тағы 4 келі ұзап кетті. Қоссайыс нәтижесінде Анатолий 281 ұпаймен чемпион атанды. 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы додада Савельев осы салмақ дәрежесінде 8 орын алған еді. Онда ол 258 ұпай жинаған болатын. Биылғы көрсеткіші 22 ұпайға артық. Демек, отандасымыз жыл сайын шеберлігін арттырып келе жатыр. Вей бұл жолы да күміс жүлдені қанағат тұтты. Қола медаль 267 ұпайы бар Мұхаммед Сетиаванның (Индонезия) еншісінде кетті.

85 келідегі Артем Антропов та биыл үлкен секіріс жасады. Ол 2016 жылғы әлемдік додада 7 орын алған-ды. Биылғы сында Артем қоссайыстан 323 (138+185) ұпай жинап, алтын медаль иеленді. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 14 ұпайға артық. Антропов жұлқи көтеруде өткен жылғы көрсеткішіне +3 (135), серпе көтеруде +11 (174) келі қосып отыр. Бангкокта күміс жүлде алған поляк Бартоломей Адамус Антроповтан 5 ұпай (318) ұтылды. Қола медаль иесі – Мәді Папи (Иран, 304).

Алтын жүлдемізді  Ольга Пастухова да көбейтті. 75 келіде сынға түскен отандасымыз қоссайыста 211 (91+120) ұпай жинап, көш басында болды. Күміс жүлдегер Гүлназ Ахмадова (Өзбекстан) Пастуховадан 14 ұпай қалып қойды. Қола жүлдені Анжела Гутьеррес Лопес (Мексика) иеленді, оның еншісінде 196 ұпай бар. Ольга ақпан айында ғана 15 жасқа толды. Демек, Қазақстанда болашақ рекордшы өсіп келе жатыр деп үміттенуімізге болады.

Қазақстан қоржынына олжа салғандар қатарында Дарья Павлова да бар. Ол 63 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, күміс жүлде жеңіп алды. Дарьяның алдын қытай зілтеміршісі Лин Фаң орап кетті. Фаң қоссайыста 210 (93+117) үпай жинаса, біздің ауыр атлет одан 9 келі кем (90+111) көтерді.

Асылжан Бектай (77 келі) қола жүлде иеленді. Ол чемпион атанған Харрисон Маурустан (АҚШ) 26 келі қалып қойды. Маурус – 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлде алған спортшы. Бұл салмақта күміс жүлде ресейлік Александр Урвачевтің қанжығасында кетті.

Тағы бір қоланы қоржынымызға Карина Құзғанбаева салды. Ол 207 (94+113) ұпаймен Анжи Паласиостан (Эвкадор, 220) және Валерия Ривас Москерадан (Колумбия, 209) кейінгі тұғырдан қол бұлғады.

Осы жетістігінің арқасында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 2018 жылғы жасөспірімдер олимпиадасына толық жолдама иеленді. Бұл сында ел намысын 2 жігіт және 2 қыз қорғайды.

Жүлдеге ілінбеген қазақстандықтардың нәтижесі мынадай:

Ерасыл Ергенбай (56 келі) – 7 орын (220 ұпай)

Сайрамкеш Ақмолда (56 келі, В тобы) – 23 орын (200 ұпай)

Сайхан Тайсуев (62 келі, В тобы) – 17 орын (237 ұпай)

Еламан Сейітқазы (69 келі) – 8 орын (284 ұпай)

Максим Ню (69 келі, В тобы) – 14 орын (270 ұпай)

Диана Серебрякова (48 келі, В тобы) – 13 орын (149 ұпай)

Гүлдана Жүніс (58 келі, В тобы) – 18 орын (166 ұпай)

Махаббат Серікболқызы (58 келі, В тобы) – 23 орын (163 ұпай)

Мария Базаркина (75 келі) – 6 орын (188 ұпай)

Гүлжан Құмарбекова (+75 келі) – 8 орын (202 ұпай)

(«Жас Алаш», №28, 11.04.2017 ж)