Жақында Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Роман Муртазаев «Астана» командасы сапында елуінші матчын өткізді. Осыған орай ол журналистке жауап бере келіп, өзін не нәрсе өкіндіреді деген сұраққа:
-Әрине, статистика!.. – депті.
Муртазаевтың бұлай дейтін реті бар. Ол үлкен футболға 2013 жылдан араласты. Алғашқы үш жыл бойы түрлі турнирлерде «Шахтер» сапында бестен асыра доп соқпаса, 2016 жылы «Ертіске» ауысып, Қазақстан премьер лигасының екінші бас мергені (18 гол) атанды, Қазақстан кубогы жолында тағы бір доп енгізіп, бір маусымдағы дәл соққыларының санын 19-ға жеткізді. 2017 жылдан бері Роман «Астана» намысын қорғап келеді. Сол жылы премьер-лигада 6 доп қана соға алса, өткен маусымда бұл көрсеткішін 11-ге (6 – премьер-лига, 2 – еурокубок, 3 – ұлттық құрама) жеткізді. Яғни өзінің жеке рекордына чемпиондар сапындағы екі маусымда да жақындай алған жоқ. Биыл Муртазаев әзірше премьер-лигада 4 доп қана соқты, жақында ұлттық құрама сапына шақырылмай да қалды. Ендеше, оның нәтижелілік көрсеткішіне өкінетіндей жөні де жоқ емес.
Ал Қазақстан ұлттық құрамасы мерген футболшыларға көптен бері зәру екенін бәріміз білеміз. Соңғы он жылдан бері қазақстандық ешбір футболшы премьер-лиганың бас мергені атағына қол жеткізіп көрген жоқ. Соңғы рет 2009 жылы Мұрат Тілешев («Ақтөбе») ресейлік Владимир Байрамовпен («Тобыл») бірге бас мерген атанды (20 гол), содан бері ешбір мергеніміз топ жарып көрген емес. Биыл да «қайраттық» Адеринсола Есеола (Украина) ешкімге жеткізбейтін сияқты. Ол қазір 11 доппен көш бастап келеді.
Дегенмен биылғы маусым қазақстандық мергендердің ояну уақыты болатын сияқты. Қазірдің өзінде бірнеше футболшы өз рекордтарын жаңартып үлгерді. Олар кімдер?
- Бауыржан Тұрысбек
Алматы футболының түлегі Б.Тұрысбек үлкен футболдағы қадамын 2011 жылы Қаскелеңнің «Сұңқар» командасы сапында бастады. Алғашқы добын да сол жылы Қазақстан кубогының ширек финалында «Ордабасы» қақпасына енгізді. Бірақ ол мерген шабуылшы санатына қосылу үшін ұзақ жолды артқа тастады. Жарты жыл Сербияда да («Раднички», Ниш) доп тепті. Шындығында, 2015 жылы «Жетісу» сапына ауысқанша, Бауыржан қазақ футболындағы талапты футболшылар санатында ғана жүрді. Талдықорғанда ол Душан Савичтің көлеңкесінде болса да, алғашқы маусымда – бес, 2016 жылы екі доп соқты да… «Қайратқа» жол тартты. Жалпы, бұған дейін Тұрысбектің бір маусымдағы нәтижелілік көрсеткіші 7 гол еді. 2017 жылы ол «Қайрат» сапында премьер-лигада 5 гол авторы атанды, 2 допты ұлттық құрама сапында Румыния мен Армения қақпасына тоғытты. Өткен жылы да «Тобыл» құрамында осы 7 гол қайталанды (4 – премьер-лига, 1 – ел кубогы, 1 – еурокубок, 1 – ұлттық құрама). Ал биылғы жыл орталанбай жатып, Бауыржан 8 рет дәл соққы жасап үлгерді (5 – премьер-лига, 3 – ел кубогы). Ол ұлттық құрамаға тұрақты шақырылып жүр. «Тобыл» жақында еурокубок сапарын бастайды. Демек, Тұрысбек өз рекордын жаңарта түсуге мүмкіндігі жетеді. Ең бастысы, ол енді екі дәл соққы жасаса, бірінші рет бір маусымдағы гол санын онға жеткізеді.
2.Абат Әйімбетов
«Ақтөбе» қарыздар құрсауынан құтыла алмай, тек жергілікті жас футболшыларға ғана сенім артуға мәжбүр болғанда, Әйімбетов команда көшбасшысы бола алатынын дәлелдеді. 2013 жылы маусымның соңғы турында «Ордабасы» қақпасына алтын гол соғып, «Ақтөбені» бесінші чемпиондығына жеткізген соң, Абат талантты футболшылар сапында аталып қана жүрді. Иә, әр жылдары «Ақтөбеде» Данилу Неку, Маркос Пизелли, Алексей Антонов сияқты шетелдік мергендер өнер көрсетіп, Әйімбетовке аса көп мүмкіндік берілмегені де шындық. Алты маусым ішінде ол небары 7 гол соқты… Ал биыл маусым ортасына дейін-ақ Абат жеті рет мергендік танытты. Премьер-лигада – 5, ел кубогында 2 доп енгізді. Жақында ұлттық құрамаға да шақырылды. Демек, жабу астында жүрген жүйрік енді бауырын жаза шабуы мүмкін. Биыл «Ақтөбе» премьер-лигада қалу міндетін дұрыс тындыра алса, Абаттың еңбегі ұшан-теңіз болатыны анық.
3.Тоқтар Жанғылышбай
«Шахтерде» жақсы бастап, кейін Қазақстанның бірнеше командасын адақтап шыққан Жанғылышбайды да таланттар сапынан сызып тастаған едік. «Ақтөбе», «Қайрат», «Астана», «Қайсар»… Өткен жылы қызылордалықтар сапына Зенькович пен Пуношевац ауысқан соң, Тоқтар тіпті тоқтады. Маусымды небары 2 доппен аяқтады. Ал биыл «Ордабасыға» ауысты да, Жоао Паулумен үндесе қимылдап, өзінің мерген шабуылшы екенін есіне түсіргендей болды. Оның еншісінде қазір 6 дәл соққы бар. Бұған дейінгі ең жақсы көрсеткіші – 2017 жылы «Қайсар» сапында жинаған 4+1 (премьер-лига мен ел кубогы) ұпайы еді. Биыл маусым ортасына дейін-ақ бұл көрсеткіш жаңарды. Жанғылышбай шабуылдағы басты бәсекелесі Алексей Щеткиннің жарақат алған кезеңін сәтті пайдаланды. Төрт жыл үзілістен кейін ол ұлттық құрамаға қайта шақырылып, Бельгия мен Сан-Мариноға қарсы ойнады. Жақында «Ордабасы» Еуропа лигасының іріктеуін бастады. Жанғылышбай жарқылдайтын сәт алда дейік.
4.Максим Федин
Бұл футболшы да өзін тапқанша біраз ізденді. «Атырауда», «Оқжетпесте» бір маусымда екі доптан көп соққан жоқ. Өткен жылы «Тобылға» ауысқан соң, шабуыл шебінде көбірек ойнауға мүмкіндік алды. Былтыр еурокубоктарда қос доп соқты. Ал биыл қазірдің өзінде 6 доптың авторы атанып отыр. Ең бастысы, өзі қатысқан турнирдің бәрінде олжалы (премьер-лигада – 3, ел кубогында – 2, ұлттық құрамада – 1). Жақында Сан-Марино қақпасын дәл көздеп, құрамадағы статистикасына өзгеріс енгізді. Максимнен де күтеріміз көп. Биыл «Тобыл» чемпиондыққа таласар болса, Тұрысбек пен Федин команда ардагері Азат Нұрғалиевпен бірге еңбек сіңіруге дайын екені байқалады.
Осы аталған футболшылардан бөлек, биыл мергендігімен қуантып жүрген Елжас Алтынбековті («Жетісу», 4 доп), Юрий Перцухты («Астана», 3 доп) айтып өткен орынды. Екеуі де негізгі құрамнан жиі орын таба бермейді, бірақ титтей мүмкіндіктің өзін тиімді пайдаланып жүр.
Ардагер футболшылардан А.Нұрғалиевтің («Тобыл») қадамы қуантады. Ол – биыл әзірше 8 доптың (6 – премьер-лига, 2 – ел кубогы) авторы. Әрине, 2016 жылғы жеке рекордын (15 доп) қайталау қиын болар. Дегенмен алда қарсыластар қақпасынан 14 рет саңылау табатын болса, Азат үлкен футболдағы гол санын 100-ге жеткізеді.
Биыл нәтижесі өрлеп емес, төмендеп кеткен футболшылар да аз емес. 2017, 2018 жылдары 10 доптан кем соқпаған А.Щеткин («Ордабасы») биыл жалғыз доппен тоқтап тұр. «Ордабасы» сапында оттай жанған Еркебұлан Тұңғышбаев Алматыға келгелі бір де бір дәл соққы жасай алған жоқ. Ресей асқан Бақтияр Зайнутдинов («Ростов») әзірше негізгі құрамға ілінсе қуанып жүрміз. 2019 жылы ол бір ғана (құрама сапында) голмен көзге түсті. Өткен маусымда көкейімізге көп үміт ұялатқан Оралхан Өміртаев («Шахтер») легионерлер И.Пешич пен С.Зеневтің тасасынан шыға алар емес (бір ғана добы бар). Былтыр «Қызылжарды» алған сүйреген Тимур Мүлдинов (8 доп) «Ертіске» келгелі қақпаға доп тебуді ұмытты.
Бауыржан Исламхан екі ай бойы жарақатын емдеп, алаңға мүлде шықпады. Жақында Қазақстан құрамасы Сан-Мариноны 4:0 есебімен ойсырата жеңгенде, Исламхан ойын тізгінін берік ұстады. Алыстан соғып, есепті еселеді. Күні кеше «Оқжетпес» қақпасына доп соқты. Бұл – Бауыржанның үлкен футболдағы жетпісінші голы.
Қазақ футболына бедел әкелуге лайық әр футболшының көрсеткішін біз осылай үнемі қас қақпай қадағалап жүруге бейілміз.
(«Жас Алаш» газеті, 18.06.2019 жыл)