КСРО чемпиондары Ә.Айханов, А.Ғабсаттаров, А.Бұғыбаев неге халықаралық сындарға қатыспады. Даңқты балуанның қандай өкініші бар? М.Мамыровтың олимпиада чемпионы атануға мүмкіндігі болды ма? «Жас Алаш» газетінде 2003 жылдың 14 қазанында жарық көрген сұхбатымызды жаңғыртып отырмыз.
Мені жұрт «бейресми олимпиада чемпионы» дейді…
– Аманжол аға, бала күнгі балуандығыңыз бен күреске біржола бет бұрған кезіңізге көз жүгіртіп өтсек.
– Әбілсейіт Айханов екеуміз бір ауылда, бір көшеде өстік. Әбекең менен 6 жас үлкен. Ол кісі мектеп бітіріп Алматыға кетті. Атағын естіп жатамыз. Мен де күресті жақсы көрдім. Үлкендер үрестіріп қояды. Белдескеннің бәрін жеңіп жүрдім. Көшенің, ауылдың, колхоздың жеңімпазы болдым. Мектеп бітіргесін күреске біржола кетпек болып бел будым. Жиналып жатқанда әкем марқұм ағайындарды шақырып, үлкендердің батасымен шығарып салды. Қалтама 30 сом салып берді.
Әбілсейіт ағаның: «Алматыға келе қалсаң, маған кел. Стадионның қасында тұрамын», – дегені бар-ды. Алматыға келуін келгеніммен, Әбекеңнің үйін таба алмадым. Майра деген апайымыз бар еді, стадионның жанында сол кісіге кездесіп қалдым. Жайымды естіп, апай Әбекеңнің үйіне ертіп барды. Әбілсейіт аға ертеңіне маған өзі дайындалатын күрес залын көрсетті. Шын чемпиондарды көріп, өз көзіме өзім сенбей, таң-тамаша болдым да қалдым. КСРО чемпионы Аманкелді Ғабсаттаров жүр онда, Ахметжан Қазымбетов, қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері Қабден Байдосов, Атаев жүр! Бір кезде мені Ғабсаттаровқа қары белдесуге шығарды. Ол мені шыр айналдырып, олай да, былай да лақтырады. «Қуып шықпаса екен» деп қайта жүгіремін. Тағы лақтырып жібереді. Ауылда біздің ең оңтайлы әдісіміз болып саналатын жамбасқа салу, балақтан, белден ұстап лақтыру деген мүлде іске аспай қалды.
Үш-төрт күннен кейін Әбекең мені Горный Гигантта өткен село спортшыларының жарысына апарды. 9 балуанның арасында төртінші орын алдым. Сол жерде жүрген жаттықтырушылар қимылыма риза болып, өзара ақылдасып, бір ай жиынға қалдыруға келісті. Сосын кәсіптік-техникалық училищеге (ГПТУ-2) түстім. Училищеде Сергей Шахворостов деген бапкер грек-рим күресінен ғана секция жүргізеді екен. Амал жоқ, грек-риммен айналысуға тура келді. Өзім еркін күресті жақсы көремін. Ең айласы көп күрес түрі ғой. Бір жыл ішінде спорт шеберінің нормасын орындадым. Құрамаға қабылдандым.
1966 жылы Алматыдағы спорт сарайында КСРО чемпионаты өтті. Мен өз салмағымда (63 келі) үшінші орын алдым. Онда да ешкімге ұтылғам жоқ. Саусағым шығып кетіп, оны ағашпен қатыра байлап берді. «Жарыстан алып тастаймыз» дегендеріне көнбей, аяғына дейін күрестім. Екі балуанмен тең түсіп, басқасын жеңдім. Осы жарыстан кейін мені КСРО құрамасына шақырды.
1970 жылы КСРО чемпионы атандым. 1971 жылы бармадық. 1972 жылы күміс жүлдегер болдым, 1973 жылы қайтадан топ жардым. Сонда қараңыз, 1966-1973 жылдар аралығында мен ешкімнен жеңілгенім жоқ. Бірақ мені ешқайда апармады. 11 рет Қазақстан біріншілігін ұттым. 1 рет грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алдым. Неге екенін білмеймін, Қазақстаннан да шетелдерге шықпадым. Сонша жеңіп жүріп, кеңестер елі атынан бір де бір ұлы дүбірге қосылмағаным сол кездегі бапкерлердің ұятында қалар…
1975 жылы 31 жасымда Қазақстан біріншілігін тағы ұтып алғаннан кейін күресті доғардым. Бапкерлік жұмысқа ауыстым. Көп шәкіртім спорт шебері атанды. 1981-1989 жылдар аралығында Қазақ КСР құрамасының аға жаттықтырушысы болдым. 1989 жылы Қытаймен арадағы достыққа қол қойылған соң, Жақсылық Үшкемпіров екеуміз Үрімшіде екі жылға жуық жұмыс істеп келдік. Елге келгесін Сарқандта біраз жұмыс істедім. 1991 жылдан еркін күрес құрамасына қайта келдім. 1996 жылғы Атланта олимпиадасынан кейін дауыс беру арқылы Қазақсан құрамасының бас жаттықтырушысы болып сайландым. Олимпиадаларда менің шәкірттерім иеленген күміс (И.Байрамуков), қола (М.Мамыров) жүлделер, әлем біріншілігінде иеленген қола (М.Мамыров пен Г.Лалиев) жүлделер бар. Арманым – әлем, олимпиада чемпиондарын тәрбиелеу. Грек-рим күресінен олимпиада, әлем чемпиондары жетерлік. В.Резанцев, В.Бакулин, А.Назаренко, А.Быков, Ж.Үшкемпіров, Ш.Серіков, Д.Тұрлықанов, Ю.Мельниченко, Б.Байсейітов, М.Манукян… Ал бізде – жоқ…
– Осының себебі неде деп ойлайсыз?
– Білмеймін, білмеймін. Кезінде неге бізді сыртқа шығармады? Мысалы, Әбілсейіт аға КСРО-ның екі дүркін чемпионы болды, ешқайда барған жоқ. Аманкелді Ғабсаттаров кеңестер елін екі рет ұтты, ешқайда барған жоқ. Мен екі рет чемпион болдым, қарға адым ұзағам жоқ. Неге? Жаңа айттым ғой, біздің әлемдік деңгейге шықпағанымыз – сол кездегі құрама бапкерлерінің ұятында. Барсақ, біз ешкімді жерге қаратпас едік. Қараңыз, алматылық Петр Суриков барды, Еуропа чемпионы атанып келді. Федор Баумбах бір халықаралық турнирден жеңіспен оралды, Еуропа чемпионатында қола иеленді. Біз барып тұрып ұта алмасақ, содан кейін кеудемізден итерсе, ештеңе демес едік. Әйтпесе біздің уақытта еркін күрестен КСРО чемпиондары грек-рим күресіне қарағанда көп болды. Біз әлемді, олимпиаданы ұта алар едік. Кезінде Әбілсейіт аға да, мен де олимпиада чемпиондарын талай рет жеңдік. Мен үш дүркін әлем чемпионы, олимпиада чемпионы Загалав Абдулбековті талай рет жеңдім. 5 рет әлем чемпионы болған Әли Әлиевті Ғабсаттаров ұтты. Сөйте тұра неге бармадық? Мен оны білмеймін. Жақсылық Үшкемпіровке Қонаев көмектеспегенде, ол да бара алмас еді, мысалы…
– Спорттағы ғұмырыңыздың солай аяқталғанына өкінесіз бе?
– Өкініш әр кезде болады ғой. Мені барлығы «бейрасми олимпиада чемпионы» дейді. Кездескеннің бәрін ұттым ғой. Олимпиада чемпионы болмағанна кейін олай деп айтқаны кімге керек? Дегенмен мен қазір қай жерге, әлемнің қай бұрышына барсам да кеудемді тік ұстап жүре аламын. Ешкімнен жеңілген жоқпын. Меніңше, діл солай Әбілсейіт аға да жүре алады, Аманкелді Ғабсаттаров та жүре алады.
– Сіздерге көпе-көрнеу қысым жасаған кездер болды ма?
– Жоқ. Айқын жеңіп тұрсаң кім мойындамайды? Қысым деген сол – біздің адымымызды ашпағаны. Жарайды, КСРО-дан жібермесін, Неге Қазақстанның атынан жарыстарға қатыса алмағаныма өзім таң қаламын.
– Ол кезде еркін күрестен Қазақ КСР құрамасының бас жаттықтырушысы кім еді?
– Петр Матущак…
Олар біздің өсуіміз үшін қажет болды
– Бапкерлікке ауысқан соң, өзіңіз жетпеген жеңістің есесін жаттықтырушылықтан қайыруды ойладыңыз ба?
– Мен кілем айналасындағы қулық-сұмдықтың бәрін көрдім. Шын ниетіммен күшті балуандар, әсіресе өзіміздің қаракөз бауырлар шықса деп ойладым. Еркін күрес құрамасына кавказдық жігіттердің көп келгені де біраз сөз болды. Иә, олар келді. Елмәди Жабрайылов Барселона олимпиадасының күміс жүлдегері болды. Басқа да жігіттер құрамаға тартылды. Менің ойымша, бір жағынан бұл жаман емес. Соларға қарап, солармен күресе жүріп, біздің жігіттер өсті. Бәсекелестік артты. «Біздің жігіттердің жолын жапты» деген сөздерді мен қателік деп санаймын. Алғашқы сәтте оларды құрамаға тарту қажеттілік болды. Біз мықтыларды өзімізге шақыру арқылы өз шәкірттреміздің өсуін көздедік. Әрі қарай бәрі өз орнына келеді. Мысалы, 60 келі салмақ дәрежесінде құрамаға Якутияның бір балуанын шақырдық. Ол алғашқыда шынында да ешкімді шыдатпай жүрді. Кейін оны Мұрат Мәмбетов жеңді, ол кетті. Әбіл Ибрагимов те кетті. Исмаил Бозиевті де біздің балуандар жеңіп алды, ол да кетті.
Мәулен
– Мәулен Мамыровтың 1996 жылғы Атланта олимпиадасындағы белдесулері туралы әркім әрқалай айтады. Қалай ойлайсыз, Мәуленнің сол олимпиадада топ жаруға мүмкіндігі болды ма?
– Болды. Жартылай финалда Мәулен 7 дүркін әлем чемпионы болгар Валентин Йордановпен кездесті. Йорданов әлемді 7 рет ұтса да, олимпиада алтынын жеңіп ала алмаған-ды. Барселонада қола иеленген. Мәулен тәсілге салып, оны қысып кеп жібергенде, өздеріңіз де көрген боларсыздар, Йорданов айқайлап, жерді соққылап жатып алды. Егер тоқтатпаса, Мәулен оны таза жығар еді немесе тағы екі ұпай алар еді. Ал ереже бойынша, балуанның біреуі айқайлап жерді соққыласа, белдесуді тоқтатып, жеңісті тәсіл қолданған балуанға беруге тиіс еді. Тіпті болмағанда екі ұпай беруі керек еді. Олай істемеді ғой…
– Не себепті?
– Мүмкін, әлемді 7 рет мойындатқан балуанға деген құрмет шығар… Олимпиада басталғаннан-ақ Йордановты чемпион жасау бәрінің мақсаты болды ғой. Кім біледі, сонша табысқа жеткен адамға көмектескен де дұрыс шығар…
– Бірақ Мамыровқа обал жасады ғой.
– Иә. Мәулен – біздің ұлттық батырымыз. Еркін күресте Қазақстанда ол сияқты табысқа жеткен ешкім жоқ, шынын айтқанда. Мәуленнің жөні бөлек. Үш жыл бойы оның білезігі сынғанын ешкім білмепті. Үш жыл бойы ол сынық қолмен күресіп жүріпті. Ота жасатып еді, дұрыс болмай шығып, қолы күп болып ісіп кетті. Алты айдан кейін тағы жасатты.
– Сидней олимпиадасы Мәуленге неге сәтсіз болды?
– Жалпы, мен Сидней олимпиадасындағы сәтсіздікті төрешілерден көремін. Мәулен бәрін жеңіп келе жатты. Ширек финалда беларусьтік Герман Контоевпен белдесуде төрешілер Мамыровты партерден тұрғызбай қойды. Ереже бойынша партерде 20-30 секундтан артық ұстамауға тиіс. Контоевті жеңсе, Мәулен дереу үздік төрттікке енер еді…
Ислам
– Ислам Байрамуков жайлы да сөз көп. Біреулер «Сидней олимпиадасы оның бағы болды» десе, біреулер оның оған децйін топ жарып, көзге түспегенін айтады.
– Бағы бары – бар. Әйтсе де Исламның еңбекқорлығы, мақсаткерлігі осы биікке жеткізгенін жоққа шығармауымыз керек. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген. Көп нәрсе жеребеге де байланысты. Әйтпесе екі балуанды жеңіп, екеуінен жеңіліп тұрып күміс жүлдегер болу мүмкін емес. Исламның бағы сол – жеребе бойынша ол бір айналымда демалды. Үш-үштен шағын топтарға бөлгенде Ислам әзербайжан Дәуіт Мәхәммәдовпен және кубалық Уилфред Моралеспен бір топқа түсті. Байрамуков Мәхәммәдовті 3:0 есебімен жеңді де, Моралестен 0:2 есебімен жеңілді. Ал Дәуіт Моралесті 3:0 есеімен ұтып кетті. Егер осы белдесуде Моралес бір ұпай алса, Исламның жолы жабылар еді. Өзара кезедсу қорытындысындағы есеп бойынша әзербайжан балуаны қалып қойды да, жарысты жалғастыруға біздің Ислам мүмкіндік алды. Осылайша, топтан озған соң Ислам демалды. Өзге топтардағы белдесулер аяқталғанда жарыс жолында төрт-ақ балуан қалды. Байрамуков жартылай финалда поляк Марек Гармулевичті 3:0 есебімен жеңді де, алтын жүлде үшін белдесуге жол ашты.
– Финалда оның ресейлік Сағит Мұртазалиевтен басым түсуге мүмкіндігі болды ма?
– Жоқ. Күштінің аты күшті ғой. Финалға дейін-ақ мықты балуанның біразы ұшып кетті. Оның бәрі Исламға кездеспегені үшін мен Құдайға да, бәріне рахмет айтамын. Кездессе, жағдай қиын болар еді…
(«Жас Алаш», №123. 14.10.2003 жыл)