Статспорт порталы Қазақстан мергендері туралы циклды материалдарын жалғастырады. 16 қазан күні сайтта «Мерген Елдос» атты мақала жариялап, Қазақстан құрамасының қорғаушысы Елдос Ахметовтың биылғы нәтижелілігі жөнінде әңгіме қозғаға едік. Бүгінгі сөз қарағандылық жас мерген Роман Муртазаев жайлы.
Биылғы Қазақстан премьер-лигасында чемпиондыққа таласқан «Астана» мен «Қайраттың» егесі ғана қызықты болған жоқ. Турнирдің бас мергені атағына ие болған Жерар Гоуға («Қайрат») «Ертістің» шабуылшысы Роман Муртазаев тегеурінді қарсылық көрсетті. Иә, біріншілік қорытындысында Гоудың Муртазаевтан 4 гол ұзап кеткені рас: Жерар – 22, Роман 18 гол соқты. Дегенмен Қарағандыда туып-өскен жас мергеннің бағы ашылмаған көп таланттың бірі болып кетпей, өзін жаңа командада жақсы жағынан көрсеткеніне ерекше сүйініштіміз. Өйткені, сөздің расы керек», соңғы жылдары қазақ футболында өзіміз баптап өсірген мергендер жоқтың қасы. Сондықтан Муртазаевтың биылғы бой көрсетуін ерекше оқиғаға балап отырмыз.
Роман Муртазаев қайдан шықты?
Ол – «Шахтердің» түлегі. Қарағандыда туып-өскен. Негізгі құрамға 2012 жылы, 19 жасқа таяғанда ақырындап шақырыла бастады. Ол кезде «Шахтердің» айы оңынан туып, екі жыл қатарынан ел чемпионы атанып, таңдаулы команда санатында жүрді. Кәсіпқой футболшы ретіндегі алғашқы маусымын Муртазаев кеншілердің жастар командасында өткізді. 26 матчта 17 гол соқты. Келесі жылы, «Шахтер» қазақ клубтары тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасының топтық турнирінде ойнаған кезде Роман Муртазаев негізгі құрамнан тұрақты түрде бой көрсете бастады. 2013 жылғы Қазақстан чемпионатының 7 турында, 24 сәуір күні ол «Шахтер» – «Тараз» кездесуінің 79 минутында Тоқтар Жаңғылышбайдың орнына алаңға шықты. Дегенмен алғашқы минуттардан құрамға іліну мәртебесін тағы біраз күтуіне тура келді. 18 турдағы «Шахтер» – «Тобыл» матчында ол ойынды толық өткерді. Содан бері біз Муртазаевқа қазақ футболының жаңа үміті ретінде қарай бастадық. Қазақстан жастар құрамасына да тұрақты шақырыла бастағаны осы кез.
«Шахтер» сапындағы 5 маусымда Муртазаев 14 гол соқты. Әрине, соншалықты бас шайқап таңданатындай көрсеткіш емес. Бірақ бұл кезде кеншілердің негізгі шабуылшылары А.Финонченко, С.Хижниченко, Э.Вишняков, М.Топчагич сияқты «қасқырлар» болатын. Муртазаев пен Жаңғылышбай солардың тасасынан көріне бермейтін еді. «Шахтерді» клуб тарихындағы ең биік белестерге жетелеген ресейлік маман В.Кумыков бірте-бірте жас шабуылшыларға сенімін күшейте берді. Бірақ Муртазаевты ол көбінесе жартылай қорғаныстың қос қапталында пайдалануды жөн көретін. Бұған, әрине, Романның екі аяғымен де бірдей соққы жұмсай алатыны себеп болды.
2015 жылы Муртазаев премьер-лигада 4 гол ғана соқты. Сондықтан оның бір жалт етіп көрініп, елеусіздеу жүре бергеніне жанкүйерлер де көз үйреткен-ді. Қазақ футболында спорттық жолы жақсы басталып, кейін сиырқұйымшақтанып кеткен таланттар онсыз да аз емес қой. Муртазаев та солардың бірі сияқты қала беретіндей көрінген.
Бірақ ол өткен жыл соңында «Ертіске» ауысып, 1 жылға келісім-шарт жасасты. Осы шешім оның мергендік тағдырына орасан өзгеріс әкелді. Бір қарағанда, Романның «пентакампеондар» сапына кетуі утопиялық шешім болып көрінді. Б.Фаль, О.Жалло, И.Еррера сияқты арысы – Оңтүстік Америка, берісі Африкадан келген мергендер негізгі құрамнан орын бұйыртпайтыны күмәнсіз сияқты еді. Бірақ «Ертістің» жаңа бапкері Д.Димитров Романның тынысын ашты. Ол жас футболшының шабуыл өтіне қойды. Роман енді артқа көп қарайламай, әріптестері шығарып берген пастарды голға айналдыру міндетіне білек сбана кірісті. Нәтижесінде, ол Павлодарда өткізген бір жыл ішінде 19 гол соқты. Яғни, «Шахтерде» 5 жыл бойы көрсеткен нәтижесін жаңартып, 5 гол асыра енгізді. 18 рет – ұлттық біріншілікте, 1 рет Қазақстан кубогында мергендік танытты.
Бұл – сөзсіз, тамаша нәтиже. Өйткені 2011 жылдан бері қазақ футболының өз мектебінде тәрбиеленген бір де бір футболшы 15 гол соғып көрген жоқ. Оны айтасыз, 2009 жылдан бері қазақстандық мергендердің ешбірі Қазақстан премьер-лигасының бас мергені болған емес. Сол жылы «Ақтөбенің» шабуылшысы Мұрат Тілешев «тобылдық» легионер Владимир Байрамовпен бірдей гол соғып (20), бас мергені атағын иеленген еді. Одан кейінгі жылдары С.Хижниченко ғана (2011 жыл, 16 гол) легионерлермен бір жыл егесті, одан әрі ауыр жарақаты салдарынан нәтижесін төмендетіп алды. Сонда соңғы 8 жылда біз өзбек Ұлықбек Бақаевтың (2010, 2011, 2012), беларусь Игорь Зеньковичтің (2013), орталықафрикалық Фокси Кетевоаманың (2014) және котдивуарлық Жерар Гоудың (2015, 2016) пермьер-лиганың бас мергені атағын жеңіп алғанына куә болып жүрміз.
Демек, биыл Р.Муртазаетың 18 гол енгізіп, Гоумен ерегеске жарауын көп жаңалықтың басы деп қарағанымыз жөн. Роман осы жылы Қазақстан құрамасына да шақырылып, 5 кездесуге қатысты. Барлығында екінші таймның соңына қарай ойынға қосылып, мергендік таныта алған жоқ. Дегенмен оның құрамадағы жұлдызды сәті алда деп сенеміз. Келесі маусымға Муртазаев сақа футболшы, кәнігі мерген ретінде қатысып, биылғы нәтижелілігінің кездейсоқ еместігін дәлелдеуге тиіс.
Мергеннің қызық деректері
Сөз гол мәселесіне тікелей қатысты болғандықтан, Муртазаевқа қатысты статистикалық мәліметтерге кезек берейік:
1. Р.Муртазаев үлкен футболдағы алғашқы голын 2012 жылдың 17 маусымында Алматының ЦСКА командасының қақпасына соқты. Қазақстан кубогының 1/8 финалы аясында өткен кездесуде ол алаңға негізгі құрамда шығып, 34 минутта есеп ашты. Бұл кездесуде «Шахтер» 3:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, Романның алғашқы голы өз командасына жеңіс сыйлады.
2. Қызықты деталь: Муртазаев Қазақстан премьер-лигасындағы тұңғыш добын халықаралық голынан кейін енгізді. 2013 жылдың 30 шілдесінде Чемпиондар лигасына іріктеудің ІІІ кезеңінде ол Албанияның «Скендербеу» командасының қақпасын 79 минутта дәл көздеп, есепті 2:0-ге жеткізді. Ал ұлттық біріншіліктегі тұңғыш голын арада 4 күн өткен соң, 3 тамызда «Ақжайық» қақпасына соқты. Ең қызығы, Муртазаев бұл матчта бірден дубль жасады.
3. 6 жыл ішінде Муртазаев 33 гол соқты. Соның 14-ін – «Шахтер» сапында, 19-ын «Ертіс» құрамында енгізді. Жоғары деңгейлі голдар санатына біз Романның Қазақстан жастар құрамасы сапында соққан голдарын енгізгеніміз жоқ.
4. Муртазаев соққыларынан 17 команда және 23 қақпашы гол жіберіп алған. Ең көп голды «Ордабасы» мен «Жетісу» (төрт доптан) жіберсе, қақпашылар ішінде Романнан көп «таяқ жегені» – Самат Отарбаев (3 гол).
5. Қақпашылар Муртазаевтан 31-45 минуттар аралығында мейлінше сақ болғаны жөн. Осы уақыт аралығында ол 10 рет мергендік танытыпты. Есесіне, жас мерген ойынның алғашқы минуттарында (1-15 минуттар) әлі бір де бір рет көзге түспеген. Демек, ойынға мейлінше баяу кірігетін болғаны ғой.
6. Павлодардың Орталық стадионы биыл Романға құт болды. Бұл аренада ол 12 рет қарсыластарды қапы қалдырды. Муртазаев үшін екінші құтты стадион – «Шахтер» (Қарағанды). Бұл алаңда Романның 6 соққы қарсы қақпаларға дарыпты.
7. Роман 10 ойында есеп ашқан, 10 рет жеңіс голын соққан. Барлық 33 голына қатысты алғанда, оның пайдалы голдарының көрсеткіші – 30,3 пайыз.
8. Муртазаев мамыр айында белсенеді. Көктемнің соңғы айында ол 6 рет көзге түсіпті. Содан кейінгі нәтижелі айлар – сәуір, маусым және шілде (5 голдан).
9. Роман 3 рет дубль жасады, 3 голды пенальтиден соқты, 1 рет айып добын сәтті орындады. Биыл Роман тепкен 2 пенальтиді қақпашылар қайтарды (Ж.Бабаханов, «Оқжетпес» және А.Бекбаев, «Ордабасы»).
10. Муртазаев өзінің екінші голын қалай соққаны туралы мәлімет жоқ. Басқа 32 голының дерегі мынадай: 22-сін – оң аяқпен, 7-ін – сол аяқпен, 3-ін баспен енгізген. Оң аяғымен соққан голының біреуі – өкшемен («Астана» қақпасына).
11. Бірінші таймда – 15, екінші таймда 18 гол авторы атанған.
Роман Муртазаев 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Астананың» намысын қорғайды. Ол елордалық командамен 3 жылға шарт жасасты. Жаңа клуб жас мергеннің тынысын аша түседі деп сенеміз.
Бізге мерген футболшы керек. Роман биылғы биігін келесі жылы ұстап қана қоймай, одан да жоғары өрлесе, күткеніміз орындалар, сірә.