Ағайынды Александр жəне Михаил Кержаковтар осы уақытқа дейін бір команда құрамында алаңда қатар ойнап көрмепті.
Үлкені Александр 1982 жылы туған. 20 жасында əлем чемпионатында ойнап, осы күні Ресей құрамасының бас мергені (29 гол) атанып отыр. «Зенитте» (Санкт-Петербор) аты шығып, «Севильяда» УЕФА кубогын жеңіп алған, кейінгі жылдары көрсеткіші сəл нашарлай бастаған сақа шабуылшы. Ал одан 5 жас кіші Михаил өзінің қақпашы ретіндегі білігін танытуға көбірек күш жұмсады. Вячеслав Малафеевті негізгі құрамнан ығыстыру қиын болғасын, І лига командаларында шеберлігін шыңдауға мəжбүр болды. Еділ бойын жағалап, «Волга» мен «Волгарьда» уақыт өткізді. «Алания» мен «Анжиде» негізгі құрамнан орын тауып, былтыр «Зенитке» оралды. Бірақ енді Юрий Лодыгиннің ізбасары болып отыр. Негізгі құрамға сирек шығады.
Міне, жаңа маусымда Михаил тұңғыш рет алаңға шығып еді, ойын соңына қарай ағасы Александрмен бірге ойнау мәртебесіне қол жеткізді. Александр 76 минутта шабуылшы Артем Дзюбаны алмастырып, соңғы минуттарда Кришитоға тамаша пас жеткізіп берді.
А.Кержаков Ресей премьер-лигасында 329 матч өткізіп, 138 гол соғыпты. Ал М.Кержаков бауырымен «Зенит» құрамында бірге ойнағанша премьер-лигадағы 73 матчта қақпа қорғапты.