Қазақстан премьер-лигасы

4 тур. 6-7 сәуір

«Тобыл» — «Ақтөбе» — 2:1 (Нұрғалиев, 34-пенальтиден, Федин, 81 – Жасанов, 89)

«Ертіс» — «Тараз» — 2:0 (Пикалкин, 18-өз қақпасына, Отарбаев, 69-өз қақпасына)

«Ордабасы» — «Жетісу» — 1:0 (Жоао Паулу, 73)

«Қайрат» — «Оқжетпес» — 4:1 (Есеола, 11, 27, Дугалич, 44, 81 – Жұмаханов, 2)

«Қайсар» — «Астана» — 0:0

«Атырау» — «Шахтер» — 0:0

Ел чемпионатының төртінші турында «Астана» алғаш рет ұпай жоғалтты. Нұрсұлтандықтар Қызылордада «Қайсар» қақпасының кілтін таба алмады. Бірақ 3 сәуір күні «Атыраумен» 18 тур матчын алдын ала өткізіп, үш ұпай еншілеп алған соң, «Астана» әлі де көш басында келеді. «Қайсар» алғашқы екі турда жеңілгенмен, ақырындап нәтижесін жақсарта бастады. Алайда қызылолрдалықтар төрт ойында небары бір гол соқты. Чемпиондарға қайрат көрсетсе де, «Қайсардың» бас бапкері С.Младенов өз шәкірттерінің көрсеткішіне көңіл тоғайта алмаса керек. Бұл командада Б.Пуношевац, И.Зенькович, М.Хайруллин сияқты танымал сұрмергендер ойнап жүргеніне қарамастан, әзірше шабуыл шебі көңілдегідей емес.

«Тобыл» «Ақтөбені» жеңіп, алғашқы төрт кездесуде ұпай жоғалтпаған үш команданың бірі болды. Қостанайлықтардың құрамы мықты футболшылардан жасақталғанына мына бір дерек-ақ дәлел болса керек: өткен төрт турда да «Тобыл» сапында алмастырылған футболшылар мергендік танытып келеді. Бұл жолы М.Федин ойынға екінші таймнан араласып, 81 минутта жеңіс добын енгізді. Оған дейінгі үш турда Б.Тұрысбек (екі рет), М.Гордейчук (екі рет), С.Себаи (бір рет) «джокерлік» гол соққан-ды. Ал капитан А.Нұрғалиев төрт ойында төрт гол көрсеткішімен чемпионаттың мергендер көшін бастап келеді. Құрамын жаңарта алмаған «Ақтөбенің» халі мүшкіл. «Пентакампеондар» қатарынан төрт ойында жеңілді. -12 ұпай оларға психологиялық соққы болып тұрған секілді.

«Ертіс» өз алаңында «Таразды» жеңді. Бұл кездесуде жамбылдықтар екі допты да өз қақпасына соғып алды. Қазақстан чемпионаттары тарихында соңғы он жыл бойы мұндай дерек тіркелген емес. Павлодарлықтар былтырғы аумалы-төкпелі маусымнан кейін әлі толық ес жия қоймағаны байқалады. Ал «Тараз» премьер-лигада тұрақтап қалуды олжа санайтыны анық.

«Ордабасы» қақпашысы Дмитро Непогодов чемпионат басталғалы әлі өз қақпасына доп енгізген жоқ. «Ордабасы» өткен турда «Оқжетпеспен» тең ойнағанда ғана ұпай жоғалтты, сөйтіп, көшбасшылар қатарынан төмендемей келеді. Непогодов өткен маусымның соңғы кездесуінде де қақпасын «құрғақ» ұстады. Демек, оның қазіргі көрсеткіші 419 минутқа жетті. Әрине, бұл көрсеткіш бойынша 2005-2006 жылдары қақпасына 921 минут бойы доп енгізбеген «қайраттық» Сергей Бойченконың реокрдын қайталау қиын болар. Дегенмен «Ордабасының» сөзі мен ісі бір жерден шығып жатқаны қуантады. Үшінші мегаполистіктер бұл жолы «Жетісуды» жеңді, үш ұпайды бразилиялық Жоао Паулу соққан доп әкелді. Бұл – оның биылғы маусымдағы үшінші голы.

«Қайрат» та ұпай жоғалтқан жоқ. Бірақ алматылықтардың ойын өрнегі мамандардың көңілінен шығып жатқан жоқ. Дегенмен бұл турда команда жігерлі жеңіске жетті, бас бапкер Г.Шпилевский негізгі құрамға жас ойыншыларды көбірек қосып, сәттә эксперименттер жасап жатыр. Ұзақ біріншілікте «Қайраттың» қадамы қаншалық жемісті болатынын маусым соңы көрсетер. Ал «Оқжетпестің» ойын өрнегі тәп-тәуір, бірақ ұпай жинау жағы қиындау.

«Шахтер» мен «Атырау» тағдырлас. Әлі нақты өрнек тапқан жоқ, әр ұпай қиналыспен келіп жатыр.