Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатын Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс және төрт қола жүлдемен қорытындылады. 81 келі салмақ дәрежесінде жаңаөзендік боксшы Бекзат Нұрдәулетов финалда өзбек Ділшатбек Рузметовті 5:0 есебімен жеңді.

Бекзат бұл турнирді бір деммен өткізді. Ол қарсыластарының бәрін дерлік нокдаунға түсірді. Төрт дүркін әлем чемпионы, Рио олимпиадасының жеңімпазы Хулио Сесар Ла Крустың (Куба) әлем чемпионаттарындағы он жылғы созылған үстемдігін де осы Бекзат бұзды. Жаңа чемпионның жеңіс жолы мынадай:

Бірінші айналым. Б.Нұрдәулетов – Хоң Ин Ги (Оңтүстік Корея) – 5:0

Екінші айналым. Б.Нұрдәулетов – Налек Корбай (Венесуэла) – 5:0

Үшінші айналым. Б.Нұрдәулетов – Кено Мачадо (Бразилия) – 4:1

Ширек финал. Б.Нұрдәулетов – Байрам Малкан (Түркия) – 4:0

Жартылай финал. Б.Нұрдәулетов – Хулио Сесар Ла Крус (Куба) – 4:1

Финал. Б.Нұрдәулетов – Ділшатбек Рузметов (Өзбекстан) – 5:0

Әдетте рейтингте жоғары орында тұрған боксшылар ірі додаларда екінші айналымнан сынға түседі. Демек, біздің Бекзат бұл әлем чемпионатына «ноунейм» болып қосылып, өз салмағындағы ең биік тұғырға көтерілді.

81 келіде Қазақстан құрамасында Бек Нұрмағамбеттің әлем чемпионатына бару мүмкіндігі жоғары еді. Нұрмағамбет биылғы Азия чемпионатында топ жарды. Бірақ жарақатын жазып үлгермегендіктен, Нұрдәулетовтің жолы ашылды.

Сегіз жігіттің алтауы жүлдегер

Қазақстан құрамасынан бұл додада Қайрат Ералиев (57 келі) және Зәкір Сафиуллин (60 келі) ғана жүлдеге ие бола алмады. Көңіл жұбатарлық нәрсе – екеуі де болашақ әлем чемпиондарынан жеңілді. Ералиев ширек финалда өзбекстандық Мирәзизбек Мырзахалиловпен тең дәрежеде айқасып жатып, қабағын жырып алды. Бес төрешінің төртеуінің қағазында өзбек боксшысы алда келе жатқандықтан, жеңіс соның қанжығасында кетті. Финалда Мырзахалилов кубалық Лазаро Альваресті төрешілердің шешімімен (3:2) жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Ал З.Сафиуллинді үшінші айналымда таза жеңген Энди Крус (Куба) қарсыласының бәрін 5:0 есебімен жеңді. Сөйтіп, екі дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

52 келі. Сәкен Бибосынов жартылай финалда Амит Пангалға (Үндістан) 2:3 есебімен есе жіберді. Қытайлық, тринидадтық және пуэрториколық төрешілер Амитті жақтап дауыс берді.  

69 келі. Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда ресейлік Андрей Замковойдан 0:5 есебімен жеңілді. Жүсіпов екінші рет әлемдік доданың қола жүлдегері атанды. 2017 жылы ол Гамбургте де (Германия) жартылай финалда сүрінген еді: Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Шахрам Ғиясовтан (Өзбекстан) 1:4 есебімен жеңілді.

75 келі. Тұрсынбай Құлахмет әлем чемпионатына барып қана қоймай, қола жүлде иеленіп қайтты. Бұл салмақтағы бірінші нөмірді Әбілхан Аманқұл жарақатына байланысты биылғы Азия чемпионатына да, әлемдік додаға да бара алмады. Тұрсынбай Азияда топ жарды, әлем чемпионатында жартылай финалда сүрінді. Әрине, филиппиндік Еумир Марсияльдан таза жеңілгені күтпеген жағдай болған секілді.

91 келі. Василий Левиттің жартылай финалдағы сәтсіздігі отандық қана емес, шетелдік жанкүйерлерді де қатты ашуландырды. Төреші эквадорлық Хулио Кастильоның қолын көтергенде, залда таңданбаған адам қалмаған шығар, сірә. Жаңа ереже бойынша, жекпе-жек қорытындысына қарсылықты шаршы алаңнан түспей беру қажет екен. Біздің бапкерлік құрамның сәл кешігіп берілген қарсылық нотасы осы себептен қабылданбады. Кейін Левиттің өзі тілеулес болған жанкүйерлердің бәріне алғыс білдіріп, әлеуметтік желіге жазба жариялады. 2016 жылғы Рио олимпиадасының финалында да Василийді төрешілер қолда тұрған жеңістен қақты. Мұның бәрі отандасымыздың олимпиададағы үлкен жеңісіне жол ашса, қанеки.

+91 келі. Қамшыбек Қоңқабаев екінші рет әлемнің вице-чемпионы атағына қол жеткізді. 2017 жылы ол әзербайжан Магомедрасул Меджидовқа жол берсе, биыл еделгі қарсыласы Баһадүр Жалоловтан (Өзбекстан) 0:5 есебімен жеңілді. Әрине, Қамшыбек қарсыласына толық есе жіберді дей алмаймыз. Жалолов турнирдің ең үздік боксшысы атанды.

Өзбекстан – көшбасшы

2016 жылғы Рио олимпиадасында Өзбекстан құрамасы үш алтын иеленіп, тарихта бірінші рет жалпы есепте бірінші орын алып еді. Арада бір жыл өткен соң, Гамбургтегі әлемдік додада көршілеріміз бір алтын (Ш.Ғиясов), үш күміс, екі қоламен жалпы есепте екінші болды. Биылғы чемпионатта өзбекстандық боксшылар үш салмақ дәрежесінде (Шахобиддин Зайыров, 52 келі; Мирәзизбек Мырзахалилов, 57 келі; Баһадүр Жалолов, +91 келі) топ жарды, бір күміс, бір қола иеленді.  

Екінші орында – Ресей құрамасы. Өз елінде Андрей Замковой (69 келі), Глеб Бакши (75 келі) және Мүсілім Гаджимагомедов (91 келі) әлем чемпионы атанды. Жартылай финалға қарсылық нотасы арқылы өткен Максим Бабанин (+91 келі) қоламен шектелді.

Қазақстан құрамасы үшінші орынға ие болды. 2017 жылғы әлем чемпионатында да біздің құрама үздік үштікті түйіндеген еді. Бірақ Гамбург төрінде бір алтын, екі күміс, үш қола алған болсақ, биыл күмістің саны бірге кем.

Тарихта – үздік бестіктеміз

Әлем чемпионаттарының тарихында Қазақстан құрамасы үздік бестікті түйіндеп тұр. Биыл бір ғана алтын жүлде иеленген Куба құрамасы 1974 жылдан бері жиыны 138 медаль (77 алтын, 35 күміс, 26 қола) жеңіп алса, екінші орындағы Ресейден 26 чемпион, 21 күміс жүлдегер, 22 қола жүлдегер, барлығы 69 медаль иегері шығыпты. Үшінші орындағы АҚШ құрамасы соңғы жылдары әуесқой бокста аса жоғары көрсеткішке ие емес. Америкалықтар 16 алтын, 11 күміс, 19 қола (барлығы 46 медаль) жүлдемен үздік үштіктен орын тепкен. Төртінші орындағы КСРО құрамасы (15, 11, 17, барлығы 43 медаль) енді көрсеткішін ешқашан жаңарта алмайды. Сондықтан алдағы екі-үш әлемдік додада осы орынды Қазақстан иеленіп жатса құба-құп.

Қазақстан құрамасы әлемдік сындарға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыттан бері біздің былғары қолап шеберлері 12 алтын жеңіп алды. Болат Жұмаділов (1999 жыл), Геннадий Головкин, Галиб Жафаров (2003 жыл), Серік Сәпиев, Ердос Жаңабергенов (2005 жыл), Серік Сәпиев (2007 жыл), Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы (2013 жыл), Қайрат Ералиев (2017 жыл) әлем чемпионаттарында топ жарды. Биыл олардың сапына Бекзат Нұрдәулетов қосылды. Бұдан бөлек, қазақ боксшыларының еншісінде әлем чемпионаттарының 13 күмісі және 21 қола жүлдесі бар.

Пікір

Тұрсынғали Еділов, бапкер:

Бекзат Ла Крусты жазалады

«Әлем чемпионатындағы қазақ боксшыларының өнері екіұдай сезімде қалдырды. Бір есептен, жалпы есептегі үшінші орын жаман емес. Бірақ құрамадағы буын алмасу процесін соза берудің қажеті жоқ. Алда – Токио олимпиадасы. Іріктеу жарыстары өтетін уақыт алыс емес. Құрама ардагерлері олимпиада жүгін көтере ала ма, олардың орнына лайықты ізбасарлар бар ма- осы сұрақ бәрімізді терең ойландырса керек. Ал чемпион атанған Бекзат Нұрдәулетовтің өнері маған ұнады. Ол біздің Әділбек Ниязымбетовті үш ірі турнирдің финалында жеңген Хулио Ла Крусты еркін еңсерді. Ла Крус әдетіне басып, қолын төмен түсіріп, мазаққа көшпек болып еді, қазақ боксшысының тура соққысы тәубесіне түсірді. Қамшыбек Қоңқабаев қарсыласының сол қолының соққысына дайын болмай шықты. Ол сериялы соққылар жасауға тиіс еді».