Бесінші турдағы «Астана» – «Ордабасы» кездесуіне шымкенттіктер небары 15 футболшы ғана әкелді. Нәтижесінде африкалық Май Махлангу ғана алаңға шықпады, басқа 14 футболшы чемпиондармен терезесі тең өнер көрсетіп, астаналықтардың жеңіс добын пенальтиден жіберіп алды. Бұл ойында «Ордабасының» қазіргі көшбасшылары Сергей Малый, Дмитро Непогодов, Алексей Щеткин және Марат Быстров төбе көрсеткен жоқ. Биыл үздік үштіктен дәмесі бар «Ордабасы» тікелей бәсекелесіне қарсы неге жартыкеш құрам шығарды?

Мәселенің себебі бесенеден белгілі. Бұрын «Астанада» ойнаған немесе әлі де осы командаға тән болып саналатын футболшылар ауызша келісім бойынша елордалық клубқа қарсы алаңға шыға алмайды. 2016 жылы А.Щеткин «Ақтөбе» намысын қорғап жүргенде, 2017 жылы «Тобылда» доп тепкенде осындай жағдай болған. Ал Непогодов, Быстров және осы Щеткин әлі де «Астанаға» тиесілі. Өткен жылы да Непогодов пен Быстров «Тобыл» сапында чемпиондарға қарсы алаңға шықпай, орындарын В.Котляр, С.Бұсырманов сияқты ойыншыларға бір ойынға босатқан-ды.

«Ордабасының» қаржы директоры Б.Байсейітов осы мәселеге орай өз пікірін айтып қалды. «Ордабасыға» тән болған Таңат Нөсербаев өткен жылы «Тобылға» жалға берілді, бірақ бізге қарсы ойынға шықты. Ойынға шығып қана қоймай, «Ордабасының» қақпасына доп та соқты. Ендеше, алаңға нағыз мықтылар ешбір ауызша келісімдерге қарамастан шығуға тиіс», – деді ол.

Маманның алаңдауға негізі бар. Д.Непогодов алдыңғы төрт турда да шымкенттіктер қақпасын тас қып ұстап, бір де бір доп жібермеді. Малый мен Быстров – қорғаныс шебінің негізгі ойыншылары, ал Щеткин бразилиялық плеймейкер Жоау Паулумен жақсы тандем жасап үлгерді.

Демек, «Ордабасы» «Астанаға» қарсы ойын қарсаңында күнібұрын әлсіреп қалды. Әрине, Жоау Паулудың Мардан Төлебектің, Абдулай Диакатенің, Тимур Досмағамбетовтің тұмауратқанына елордалық ұжым кінәлі емес, алайда негізгі құрамның төрт ойыншысын әлдебір ауызша келісім арқылы алаңға шығармау деген – толыққанды үш ұпай алудың алғышарты емес пе?

«Астана» ФК фотосы