Серік ҚАНТАЙ

Өскеменде волейболдан әйелдер арасында Азия клубтық чемпионаты аяқталды. «Алтай» өзі қатысқан үш чемпионатта да төртінші орын алды.

* «Алтай» жартылай финалда екінші жыл қатарынан Өскеменде жапон командасынан жеңілді. Былтыр «Хисамицу Спрингстен» – 2:3 (25:18, 17:25, 21:25, 25:22 – 102:106) есебімен, биыл «НЕК Ред Рокетс» клубынан 0:3 (20:25, 17:25, 26:28 – 63:78) есебімен ұтылды.

* Финалда ойнаған екі команда – «Суприм» (Тайланд) және «НЕК Ред Рокетс» (Жапония) – Азия клубтық чемпионатының соңғы жеңімпаздары. Тайландық командасы былтыр Өскемендегі чемпионатта «Хисамицу Спригс» командасын 3:1 есебімен жеңіп, чемпион атанса, 2016 жылы Филипинде «қызыл зымыран»  финалда қытайдың «Тяньцзинь Бохай Банк» ұжымын 3:0 жеңді.

* Өскемендегі екінші чемпионатта қатарынан «Алтай» ойыншылары орталық тосқауыл қою шебі бойынша үздік атанды. Былтыр Кристина Аниконова болса, биыл бұл атақ Наталья Шаршаковаға бұйырды.

Наталья Шаршакова: «Жарыс дәл осылай аяқталады деп күтпедік. Жүлдеден үмітті едік. Жеке өзіме үздік атағын беріп жатқандарына рақмет, бірақ менің еңбегімнің артында команда тұр. Міне, көрдіңіз ғой (оң қолын соңғы екі саусағымен қосып дәкемен орап алғанын көрсетіп). Сенсеңіз, осы жарақатпен бірінші ойыннан бері ойнап жүрмін. Ауырсындым, бірақ жақсы нәтиже көрсеткім келді. «Алтайда» тағы бір маусым өткізуге бел буып отырмын».

Көп жанкүйердің сауалына жауап. Үшінші орын үшін қытайдың «Цзянсу Чжунтянь Стил» клубымен ойында Ольга Дробышевская төртінші сетте жарақат алып, орнына ресейлік Людмила Хабибулина кірді. Ойын тәртібі бойынша, алаңда бір легионер жүруі шарт. Сондықтан Наталья Шаршакованың орнына Айнагүл Айжарықова алаңға шықты.

* Биыл «Алтай» сапында Өскемен волейбол мектебінің жалғыз түлегі ойнады. Ол – Кристина Аниконова.

* «Алтай» – ойыншылары жарақат жиі алатын және ұзақ мерзімге қатардан шығып қалатын волейболшылар тоғысқан команда. Былтыр – Коринна Ишимцева, биыл Алла Богдашкина мен Ольга Дробышевская жарақат алды.

* «Алтай» екі жыл чемпион болған «Рахаттың» (2004, 2007), екі рет күміс, екі мәрте қола алған «Жетісудың» Азия клубтық чемпионатындағы нәтижесін қайталай алмады. Неге? Олар өзі қатысқан үш чемпионатта жүлделі болды. Мәселен, «Рахат» 2001 жылы алғаш қатысты, 2002 жылы – күміс, ал 2004 жылы алтын алды (2003 жылы болған жоқ), ал «Жетісу» 2008 жылы қатысып, 2009 жылы 4-орын, 2010 жылы күміс медаль алды. 2010 жылғы күміс алған «Жетісудың» құрамындағы үш ойыншы биыл «Алтай» сапында ойнады. Олар – Коринна Ишимцева, Сана Анарқұлова және Ольга Дробышевская.

* «Алтай» жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінеді. Мәселен, үшінші орын үшін болған кездесулерде 2016 жылы Тайландтың «Бангкок глассынан» – 2:3, 2017 жылы қытайдың «Тяньцзинь Бохай Банкінен» – 1:3, биыл «Цзянсу Чжунтянь Стилден» 2:3 есептерімен жеңілді.

Команда капитаны Сана Анарқұлова: «Қола медаль үшін кездесу жүйкеге салмақ түсірген ауыр матч болды. Алғашқы екі кезең жеңіліп, одан кейінгі екі сетте жеңіске жету үлкен ерлік. Алайда төртінші сеттің аяғында біздің тәжірибелі ойыншымыз жарақат алып, қытай командасының жолы болды деп есептеймін». (Матч үздігі шынымен Ольга Дробышевская болды. Еншісінде – 17 ұпай).