Өткен жылдың 17 қарашасында Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) Бейжің олимпиадасында жүлде алған және қатысқан 16 спортшының допинг-сынамасы қайта тексеру барысында оң нәтиже бергенін жария етті. Өкінішке қарай, оның ішінде біздің бірнеше отандасымыз да болды. ХОК оларға олимпиада медальдары мен дипломдарын тез арада қайтарып беруді талап етті. Жазаланғандар арасында грек-рим күресінен 60 келіде күміс жүлде алған әзербайжан балуаны Виталий Рагимов та болды. Артынша Рагимовтың күміс жүлдесі жартылай финалда онымен күрескен Нұрбақыт Теңізбаевқа табыс етілетіні айтылды. Сол медаль Нұрбақытқа берілді ме? Балуанның өзі бұл күтпеген жағдайды қалай бағалайды? Алматыда олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіровтің жүлдесі үшін өткен турнирге қонақ болып келген Нұрбақытқа жолығып, осы сұрақтарды қойып үлгердік.
— Өткен жылдың күзіндегі бір сұхбатымызда өзіңді олимпиаданың күміс жүлдегері деп сезіне алмай жүргеніңді айтып едің. Қазір қалай, сол сезім өзгерді ме?
— Мен атаққұмар адам емеспін. Бірақ еңбек бағаланып жатса, оның несі жаман? «Менің медалім не болды?» деп ешкімнің артынан жүгірген емеспін, жүгірмеймін де. Қазір қандаймын, солай болып қала беремін. Сегіз-тоғыз жыл бұрын өтіп кеткен оқиғаның артынан қуып, «медалімнің бағасы артыпты» деп қуана қоймаймын.
— Бірнеше жылдан кейін шешімнің өзгеруі, кезінде жұрт ықыласына бөленген спортшының жүлдесінен айырылуы, ал кейбір спортшының бәсі жоғарылауы қалай қабылданады? Қарапайым жанкүйер не істемек: қуана ма, таңдана ма?
— Бұл – жалғыз менің басымдағы емес, әлем бойынша көтеріліп жатқан әңгіме. Біреудің қайғысына қуанып, біреудің қуанышына қайғыратын нәрсе емес. Спортшы ретінде әр нәрсенің әділдігі болу қажет деп санаймыз. Әділ жеткен жеңіс өте тәтті болады.
— Өзің әлеуметтік желі арқылы Бейжің күмісі Рагимовқа тиесілі екенін айттың. Рахимов та сенің азаматтық сөзіңе ырза болды. Бұл азаматтық үнің бе?
— Дүниежүзілік күрес федерациясының, Халықаралық олимпиялық комитеттің өз ережелері бар. Бұл ұйымдар қазір допингке қарсы қатты іс жүргізіп жатыр. Алысқа бармай-ақ қояйық, біздің екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильиннің медальдарын да қайтарып алды. Олардың заңына, шешіміне ешкім қарсы шықпайды. Өз жағдайымды айтайын. Халықаралық ұйымдардың шешіміне қарсылық білдіріп, «бұларың әділеттілік емес, мұнша жылдан кейін Рагимовтың медалін алып, маған беріп жатырсыңдар» десем, мені олар басымнан сипамайды. Олар солай шешті ме, солай болып қала береді.
— Рагимов жеке хабарласып, сенің жұрт алдында айтқан сөзіңе пікір білдірді ме?
— Жоқ, жеке сөйлескеніміз жоқ. Оған барып, «жүлде менікі ғой» демесім тағы белгілі. Өз ұстанымымды білдірдім, сол жеткілікті.


— Ресми түрде күміс медаль өзіңе берілді ме?
— Жоқ.
— Артқа шегініп, Бейжің олимпиадасының жартылай финалын еске алып көрейікші. Сол кезде Рагимовты жеңуге мүмкіндігің болды ма? Белдесуден кейін жіберіп алған сәттеріңді ойлап өкіндің бе?
— Шамамның жеткені сол болды, ұтылып қалдым. Басқа ештеңе айта алмаймын. Мықты спортшы өзінің мықтылығын көрсетті. Жеңілгеннен кейін «жеңілдім» деп айту керек. Одан менің беделім түсіп қалмайды. Дәл сол күні, дәл сол сәтте Виталий Рагимов менен басым болды, тарихи нәтиже сол ғана.
— Қола жүлде үшін белдесуде қарсыласың, қытай балуаны Шең Жиаң қанша дегенмен өз жанкүйерлері алдында өнер көрсетті. Бұл саған психологиялық тұрғыда ауыр болған жоқ па?
— Жеңген адам әрқашан мықты. Оны мойындауымыз керек. Сол белдесуде мен жеңіліп қалсам, сіз айтпақшы, психологиялық қысымды, жанкүйерлердің маған деген кері энергиясын сылтауратсам болар еді. Әр нәрсе өз уақытымен болады. Өз елінде кім болса да жеңгісі келеді. Бұйырғаны осы дейік. Сіз менің тік тұрып лақтырғанымды еске алып отырған шығарсыз. Иә, шынында да сол тәсілді жасауым үлкен тәуекел болды. Бірақ тәуекелге бармасақ, жүлде қайдан келеді?
— Төрт жылдан кейін Лондон олимпиадасына жолдаманы Алмат Кебісбаев ұтып алды. Бұл жайт өзіңе қалай әсер етті?
— Өкініш болған жоқ. Қайта қуандым. Артымда өсіп келе жатқан мықты балуандардың барына қуандым. Лондонда Алматтың сәл жолы болмады, бесінші орын алды. Қола медаль үшін жапон Рютаро Матсумотомен кездесіп, қосымша уақытта жеңілді. Алматтың тілеуін әлі де тілеп келемін. Алмат қана емес, басқа да бауырларымыз әлем чемпионатын, олимпаданы жеңіп алып жатса, олардан артық болмаса, кем қуанбайтынымызға сенімдімін. Қазақтың батыр ұлдары әлемді жауырынымен түсіріп жатса, оны ерлік демей не деуге болады?
— Спорттың жолына түскен, үлкен жеңістерге жеткен адам ретінде күрес кілемінде өткен ғұмырыңа көңілің тола ма?
— Армансыз адам болмайды ғой. Менің де әлем, олимпиада чемпионы болғым келді. Күрестен қол үзер сәтте соның бәрі орындала қойған жоқ. Шүкір, еңбегім еш кетпеді. Өзімнің спортта межелеген белестерімнің біразына шықтым. Иә, жүлдеден жүлде қоймай ұтқаным жоқ, бәрібір шүкір деуге болады. Мыңдаған, миллиондаған спортшы осыған жете алмай жүр ғой.
— Туған ауылыңды – Жаркент өңіріндегі Үшарал ауылын көзбен көрдік. Осындай шағын ауылдан шығып, Олимп биігінің бір шыңынан көрінудің жолы қандай? Жастар нені үлгі еткені жөн?
— Мен ғана емес, көптеген спортшы үлкен жеңістерді ең алғаш кішкентай ауылдарда бастады. Жақсылық ағамыз жүріп өткен жол да сондай. Көп таланттар ауылда жүр. Алғашқы бапкерім Жұмахан Тұрғанбеков күрестің әліппесін үйретті. Одан кейін «Дәулет-Жаркент» кәсіпқой спорт клубына ауыстым. Онда Құдайберген ағайдың қол астында үлкен мектептен өттім. Ол кезде бізде қазіргідей жағдай болған жоқ. Өзім малшының баласымын. Атқа мініп, көкпар тартып, бәйгеге шауып өстім. Спортқа табиғатым жақын еді. Ауыл балалары спортқа күнделікті өмір салтымен-ақ біртабан жақын. Сондай дарынды балаларды ерте бастан байқап, жақсы жолға салып отыруымыз қажет. Ең бастысы, жас балуан алдына үлкен мақсат қойып, соған талмай ұмтылса ғана жолы болады екен. Соған көзім жетті.


— Ал спорттан кейінгі өмір қалай болып жатыр? Жұрттың көз алдында жүріп, ықыласынан алыстап кетуі ауыр соққан жоқ па?
— Ешқандай да қиын болған жоқ. Өмірдің заңы сондай. Әркімнің пешенесіне жазылған тағдыр бар. Спортта жүрдік, азды-кем табыстарға жеттік. Қазір де бұл саладан түбегейлі алыстағанымыз жоқ. «Ел көзінен кетіп қалдым, ықылас жетпейді» дей алмаймын. Қазіргі күніме тәубә. Бала-шағам бар, заманымыз тыныш, еліміз көркейіп өсіп жатыр. Спортта да, басқа салаларда да ірі шаралар өтіп жатыр. Мысалы, кешегі универсиада қалай өтті! Күні ертең басталатын ЭКСПО көрмесі де әлем назарын аударып тұр. Шынында да болашаққа ұмтылған жасампаз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.
— Қазақты балуан ел деп есептейміз. Бірақ қазақ баласының күрестен олимпиада алтынын алмағанына үш мүшел толып қалыпты. Осыны балуандарымыздың өзі қалай қабылдайды?
— Иә, үш мүшел дегеніңіз де дұрыс. Бірақ 1996 жылы олимпиадада топ жарған Юрий Мельниченконы неге ұмытамыз? Ол да қазаққа алтын әперді ғой! Ал шындығында, бұл мәселе балуандар арасында да әңгіме болады. Біздің де жанымызға батады. Олимпиадаға ешкім «жеңілемін» деп бармайды. Бәрінің жеңгісі келеді. Ал күрес біздің елде ғана емес, әлемде керемет дамыған. Бір реті келмей жүрген шығар, дегенмен қазақ балуандарының жұлдызы жарқырайтын күн алыс емес шығар. Жақсы күндерден үміттенейік.
— Қазір өзің іс басында жүрсің. Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директорысың. Мемлекет балуандарға көмектесіп жатыр ма?
— Қазір барлық жағдай жасалып жатыр. Үлкен спорттық нысандар салынып, қажетті құрал-жабдықтар алынып жатыр. Балуандар жарыстардың бәрінен қалып жатқан жоқ. Тіпті ел ішінде де сыйақысы мол жарыстар көптеп ұйымдастырыла бастады. Дегенмен бізде ғана емес, әлемнің көптеген елінде спортқа, оның ішінде күреске ерекше назар аударылып келе жатыр ғой. Сондықтан бірден оңай бола салмайды. Спортқа қатыса салып, бір-екі жыл ішінде олимпиада чемпионы боламын деу тіпті артық. Спортшы еңбегі бес-он жыл ішінде жеміс беруі мүмкін. Жақсылық аға олимпиада алтынына 29 жасында қол жеткізді. Ал бізде 29 жасқа жетпей спортты қойып кететін балуандар көп. Жақсылық аға 30 жасында әлем чемпионы болуға бір мүмкіндік алды, соны сәтті пайдаланды. 31 жасында әлем кубогына жол ашылды, оны ұтып алды. Демек, адам өзінің жұлдызды сәті туатынына сенуге тиіс. Жететін жетістігі әркімнің өмірі өз қолында.
— Олимпиададағы жүлдеден бөлек, қай табысыңа ерекше көңіл тоғайтасың?
— Әрбір жетістігім өзім үшін бағалы. Бала кезімізде жарыстарға бардық, жеңдік. Өзіміз қуандық, ата-анамызды қуанттық, бапкерлерді қуанттық. Кейін үлкен жарыстарға шығып, жанкүйерлерімізді, елімізді қуанттық. Сондықтан әрбір медальді алалайтын, бөлетін реті жоқ. Бәрі ерекше, бәрі маңызды.
— Өзің де «бұлақтардың көзін ашып» жүрсің. Қазақбалуандарынан не күтеміз? Келесі олимпиадаларда арманымызды іске асыра ала ма?
— Қазіргі буын өте талантты. Олардан үлкен жеңіс күтуге болады. Күреске ықыласты жеткіншектер де, қлттық құрама балуандары да қазір бұл өнердің жаңа белеске көтеріліп келе жатқанын біледі. Сондықтан бәрі осы кезеңде қазақ күресінің тарихына өз есімдерін жазып қалдыруға ықыласты. Біз өз ниетімізбен, көмегімізбен соларға жол ашып отырсақ жеткілікті.

(«Жас Алаш» газеті, №41, 23.05.2017)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here