Ержанның еңбегі жанды

Астанада дәстүрлі «Қазақстан барысы» турнирі аяқталды. Елдің әр өңірінен 37 спортшы қатысып, қазақ алыптарының ішіндегі ең мықты балуанды анықтады.

Бұл жолы ұйымдастырушылар финалистер қатарын кеңейтті. Жақында ғана Түркістан облысы құрылып, Шымкент өз алдына жеке әкімшілік орталық болып танылғаны белгілі. Осыған орай, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында іріктеуден өткен Бибарыс Әбдіғани мен Ерсұлтан Мұзаппаров енді жаңа облыстың өкілдері ретінде елордаға жол тартса, Шымкентте тез арада іріктеу өткізілді. Сөйтіп, алыптар қатарына Ержан Дүйсенбеков пен Әділжан Ыстыбаев еліміздің он жетінші өңірінің балуандары ретінде енді. Ал «Әскер барысы» іріктеуінде топ жарған Ерасыл Қажыбаев пен Әлібек Зекенов те жылдың негізгі турниріне жолдама алды. Әскерилердің турнирге қатысуынан «Қазақстан барысы» ұтпаса ұтылмайтынына жарыс соңында тағы көз жеткіздік.

Өткен жылы «Қазақстан барысы» турнирінің көрігін қыздырған 35 балуан ішінен тең жартысы биыл да «Барыс-Аренаға» келді. Ал әр жылдары жарысқа қатысып, дода рухын сезінгендердің біразы да өз аймақтарында іріктеуден өтіп, қайта бақ сынауға жол ашты. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Мұхит Тұрсынов осы жолы солтүстіктің атынан келіпті. Семей мемлекеттік спорт клубы Петропавл қаласына қоныс аударғандықтан, Мұхит енді «Қызылжар» клубының мүшесі ретінде жарыстарға шығып жүр екен. Ал 13 балуан тұңғыш рет «Қазақстан барысы» сынына келді. Өткен жылы 11 жаңа балуан кілемге шыққан-ды. Биылғы көрсеткіш одан да артық. Демек, жыл санап «Қазақстан барысының» сапалық құрамы да өзгеріп, жастар жақсы көзге түсіп келеді.

Додадан бір күн бұрын ұйымдастырушылар «Хан-Шатыр» ойын-сауық кешенінде жұрттың көз алдында балуандардың салмақ өлшеу рәсімін өткізді. Ең ауыр балуан «Әскер барысы» Е.Қажыбаев болып шықты. 24 жастағы балуан 151 келі тартты. Өткен жылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиев – 145, «Қазақстан барысының» барлық турниріне қатысқан Айбек Нұғымаров – 142, шымкенттік Е.Дүйсенбеков – 141, тұңғыш «барыс» Ұлан Рысқұл 137 келіні көрсетті. Жалпы, бұл сында ең жеңіл салмақты спортшы 90 келіден кем болмауға тиіс. Ал жоғары салмаққа шек қойылмайды.

Қатысушылар әдеттегідей халықтың көз алдында жеребеге қатысып, нөмір таңдады. Балуандар саны тақ болғандықтан, алғашқы бес жұп бірінші іріктеу кезеңі арқылы негізгі айналымда сынға түсу үшін таласты. Бұл кезеңде астаналық Айбат Сейтен – Алмас Жұмағалидан (Қостанай облысы), Мереке Тұрашев (Ақмола облысы) – Күнәлем Ержановтан (Маңғыстау облысы), Александр Касачев (Алматы облысы) – Мейрамбек Жаңабайдан (Маңғыстау облысы), Руслан Әбдіразақов (Алматы) – Ә.Ыстыбаевтан, Арман Махамбетов (Павлодар облысы) Темірлан Сапаровтан (Қостанай облысы) басым түсті. Осылайша, қостанайлықтар мен маңғыстаулықтар алғашқы кезеңнен-ақ сүрінді.

Бұдан ары жеребе кіл мықтыларды жиі-жиі жолықтырып отырды. Мысалы, былтырғы «Қазақстан барысында» көрермен көзайымына айналған атыраулық балуан Арман Қалиев бірден Ержан Шынкеевпен кілемге шықты. Қарағандылық алып салған жерден тықсырып, 1 минут, 12 секундта-ақ таза жеңіске жетті. Е.Қажыбаев Р.Әбдіразақовпен белдесті. Бір-біріне әбден лайық екі балуан ұзақ ырғасты. Соңғы минутта ұпай қанжығалап, «Әскер барысы» келесі кезеңге жолдама алды. Ал «Алматы барысы» Дәурен Нұралинов өткен жылғы күміс жүлдегер Ұ.Рысқұлды жеңіп кетті.

Жанкүйерлер бірінші айналымда М.Тұрашевтің, Мақсат Исақабыловтың (Қызылорда облысы), А.Махамбетовтің өнеріне ризалықпен қол соқты. «Әлем барысы» А.Нұғымаров қарсыластарын кезек жапырып, жартылай финалға еркін жетті. Ол Алтынбек Аусағитовты (Солтүстік Қазақстан облысы), А.Сейтенді, Д.Нұралиновты жеңді. Ал жарысқа зор дайындықпен келген А.Касачев екінші айналымда М.Исақабыловтан басымдық танытып тұрып, өзі таза әдіске түсіп қалды.

2017 жылы М.Тұрсынов пен Е.Ерғалиев алғашқы айналымда жолығып еді. Бұл жолы да соқыр жеребе екеуін бір-бірінен ұзатпаған екен. Мұхит Еламаннан тағы ұтылып, екінші кезеңде жарыстан шықты. Биылғы жарыстың ең жеңіл балуандарының бірі Е.Мұзаппаров ә дегеннен жұрт ықыласына бөленді. 2015 және 2016 жылдары «Еуразия барысы» турнирінде топ жарған оңтүстікқазақстандық балуан биылғы жарыс үшін арнайы салмақ қосып дайындалыпты. Қарсыластарынан жіңішке және аласалау көрінгеніне қарамастан, Ерсұлтан әр белдесу сайын керемет жігерін паш етіп, қарсыластарын тұқырта берді. Тараздық танымал балуан Айбол Айтбек, павлодарлық А.Махамбетов Ерсұлтанмен тең айқасқанмен, белдесудің соңғы минуттарында Мұзаппаров үнемі айласын асырып кетіп отырды.

Түркістандық жас балуан Б.Әбдіғани да көрермендер ықыласына бөленді. Ол әуелі ақтөбелік Әділет Мисинді жеңіп, 1/8 финалда қызылордалық Нұрым Сәлімгереевке тап келді. Екі балуан өте жоғары деңгейде күресті. Бірін-бірі ала алмай, қоян-қолтық белдесуге шықты. Бибарыс қарсыласын кілем ернеуінен асыра лақтырғанмен, өз аяғы шетке шығып кеткенін аңдамапты. Төреші Нұрымның қолын көтергенде, жас балуанның өкінгенін көрсеңіз… Биылғы қатысушылар арасында Бибарыс – ең жасы. Он тоғыздан енді асқан. Күні ертең-ақ қандай сынға да сақадай сай болып келетіні күмәнсіз.

Ширек финалда «Әскер барысының» былтырғы және биылғы екі жеңімпазы есте қаларлық белдесу өткізді. Еламан бір жамбас, бір бүк ұпайымен соңғы секундтарға дейін алда тұрды. Ерасыл қарсыласын қатарынан екі рет тепе-теңдігінен айырып, үш бүкті жамбас ұпайына айналдырды да, ары қарай шабуылдады. Төрешінің «Тоқта» деген командасымен бірге Қажыбаев тағы бір бүк алып үлгерді. Есеп тең! Қоян-қолтық белдесу! Екі алып кеуде түйістіріп, ұзақ аңдысып тұрып қалды. Төрешілер белсенді күреске шақырғанда, Қажыбаев ырғаған күйі Ерғалиевтің оң қолын шынтағымен қағып үлгерді. Сөйтіп, өткен жылғы «Қазақстан барысы» жарысты ширек финалдан аяқтады.

Жартылай финалда Нұғымаров пен Шынкеев жолықты. Өткен жылы екі балуанның жолы ширек финалда түйісіп, Айбек басымдық танытқан еді. Бұл жолы да ол 17 секунд қалғанша бір жамбас ұпайымен алда тұрды. Бірақ қарағандылық балуан бір қайнауын ішінде сақтаған екен. Айбектің оң қолын жібермеген күйі лақтырып, Ержан жартылай жеңіс ұпайын иеленіп кетті. Сөйтіп, финал жолдамасын қалтасына басты. Ал екінті тарапта ақтық белдесу жолдамасын Қажыбаев пен Мұзаппаров сарапқа салды. Ерасыл әуелде жеңіл қарсыласын ұршықтай үйіріп, бүк ұпайын жиілеткенмен, қолды-аяққа тұрмай қимылдаған, қарсыласын бес минуттың соңына қарай тәуір шаршатқан Ерсұлтан күш ала бастады. Әттең, уақыт жетіңкіремеді. Әйтпесе, турнирдің ең жеңіл балуаны әлі тың еді.

Финалға Ержан Шынкеев пен жарыс дебютанты Ерасыл Қажыбаев шықты. Бұл белдесуде тәжірибесі мол Шынкеев әу бастан-ақ басым күресіп, ысқырық шалынғанша қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Осылайша, 2013 жылы «Қазақстан барысында» күміс жүлде алған, өзі сегіз рет өткен турнирдің алтауына қатысқан Шынкеев 2018 жылғы «Қазақстан барысы» атанды. Е.Қажыбаев – күміс, А.Нұғымаров қола белбеу тағынды. Жанкештілікпен күресіп, 4 орынға табан тіреген Е.Мұзаппаровқа кәсіпкер Оралбек Ботбай темір тұлпар сыйлады.

Биылғы «Қазақстан барысы» осылайша жаңа жеңімпаздың есімін паш етті. Ұ.Рысқұл, Б.Ыстыбаев (3 рет), А.Нұғымаров, М.Тұрсын, Е.Ерғалиевтердің қатарына енді Ержан да қосылды. Еңбекқор, мақсаткер жігіт бұл атаққа әбден лайық екені күмәнсіз.

Техникалық нәтижелер:

Іріктеу кезеңі
Айбат Сейтен (Астана) – Алмас Жұмағали (Қостанай облысы) – ұпай санымен
Мереке Тұрашев (Ақмола облысы) – Күнәлем Ержанов (Маңғыстау облысы) – Тұрашев 17 секундта таза жеңді
Александр Касачев (Алматы облысы) – Мейрамбек Жаңабай (Маңғыстау облысы) – ұпай санымен
Руслан Әбдіразақов (Алматы) – Әділжан Ыстыбаев (Шымкент) – Әбдіразақов 1:18 минутта таза жеңді
Арман Махамбетов (Павлодар облысы) – Темірлан Сапаров (Қостанай облысы) – Махамбетов 3:50 минутта таза жеңді

Бірінші айналым
А.Сейтен – Ержан Дүйсенбеков (Шымкент) – ұпай санымен
Айбек Нұғымаров (Шығыс Қазақстан облысы) – Алтынбек Аусағитов (Солтүстік Қазақстан облысы) – 3:35 минутта Нұғымаров таза жеңді
М.Тұрашев – Бекболат Салықов (Атырау облысы) – 4:25 минутта Тұрашев таза жеңді
Дәурен Нұралинов (Алматы) – Ұлан Рысқұл (Алматы облысы) – ұпай санымен
А.Касачев – Теміржан Көлбай (Батыс Қазақстан облысы) – ұпай санымен
Әлібек Зекенов («Әскер барысы») – Мақсат Исақабылов (Қызылорда облысы)Исақабылов таза жеңді
Арман Қалиев (Атырау облысы) – Ержан Шынкеев (Қарағанды облысы)Шынкеев 1:32 минутта таза жеңді
Қайрат Махтин (Ақмола облысы) – Ерсін Мұхаметжанов (Қарағанды облысы)Мұхаметжанов 1:03 минутта таза жеңді
Р.Әбдіразақов – Ерасыл Қажыбаев («Әскер барысы»)ұпай санымен
Айдос Теңгебаев (Жамбыл облысы) – Айтуар Абдулов (Астана) – ұпай санымен
Асқар Нұрмаханов (Батыс Қазақстан облысы) – Мұхит Тұрсынов (Солтүстік Қазақстан облысы)ұпай санымен
А.Махамбетов – Серік Сәлменов (Павлодар облысы) – ұпай санымен
Айбол Айтбек (Жамбыл облысы) – Ерсұлтан Мұзаппаров (Түркістан облысы)Мұзаппаров 4:13 минутта таза жеңді
Бибарыс Әбдіғани (Түркістан облысы) – Әділет Мисин (Ақтөбе облысы) – ұпай санымен
Мақсат Мәзібаев (Шығыс Қазақстан облысы) – Нұрым Сәлімгереев (Қызылорда облысы) – ұпай санымен

1/8 финал
А.Сейтен – А.НұғымаровНұғымаров 50 секундта таза жеңді
М.Тұрашев – Д.НұралиновНұралинов қосымша уақытта жеңді
А.Касачев – М.ИсақабыловИсақабылов 2:38 минутта таза жеңді
Е.Шынкеев – Е.Мұхаметжанов – Шынкеев 1:12 минутта таза жеңді
Е.Қажыбаев – А.Теңгебаев – ұпай санымен
М.Тұрсынов – Е.Ерғалиевұпай санымен
А.Махамбетов – Е.Мұзаппаров – Мұзаппаров 4:37 минутта таза жеңді
Б.Әбдіғани – Н.СәлімгереевСәлімгереев қосымша уақытта жеңді

Ширек финал
А.Нұғымаров – Д.Нұралинов – ұпай санымен
М.Исақабылов – Е.Шынкеевұпай санымен
Е.Қажыбаев – Е.Ерғалиев – Қажыбаев қосымша уақытта жеңді
Е.Мұзаппаров – Н.Сәлімгереев – ұпай санымен

Жартылай финал
А.Нұғымаров – Е.Шынкеевұпай санымен
Е.Қажыбаев – Е.Мұзаппаров – ұпай санымен

Қола белбеу үшін
А.Нұғымаров – Е.Мұзаппаров – ұпай санымен

Финал
Е.Шынкеев – Е.Қажыбаев – ұпай санымен