9 наурыз күні футболдан Қазақстан чемпионаты басталады. Бұл – тәуелсіздік дәуіріндегі 28 (жиырма сегізінші) аламан. Чемпионат қарсаңында биыл болуы мүмкін жаңалықтарға назар аударамыз.

Осы маусымда Қазан футболының түлегі, «Қайсар» командасының жартылай қорғаушысы, Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Марат Хайруллин жоғары деңгейлі голдарының санын 100-ге жеткізеді. Бұлай сеніммен айтуымызға негіз жоқ емес. Қазақстанда өткізген 13 маусымда Хайруллин 99 доп авторы атанды. Ол Қазақстан премьер-лигасында – 80, Қазақстан кубогында – 13, еурокубоктарда 6 дәл соққы жасады. Өткен жылы ол «Атырау» сапында 8 доп (ҚПЛ – 7, кубок – 1) енгізгенін ескерсек, биыл жаңа командада кемі 1 рет мергендік таныта алатыны күмән тудырмайды.

М.Хайруллин Қазақстанға 2007 жылы келді. 2010 жылы жарты маусым «Волга» (Төменгі Новгород, Ресей) командасында өнер көрсеткені болмаса, 2007-2015 жылдар аралығында «Ақтөбенің» көшбасшысы болды. 2016 жылы – «Оқжетпесте», 2017-18 жылдары «Атырауда» ойнады.

Хайруллиннің мергендік көрсеткіші мынадай:

КомандаМаусымҚПЛГолКубокГолЕурокубокГолБарлығыГол
1.«Ақтөбе»2007-201522762391042630878
2.«Оқжетпес»2016278222910
3.«Атырау»2017-20185610916511
 Барлығы1331080501342640299

Қазақстанда өткізген 13 маусымда Хайруллин ұлттық құрама сапында және суперкубокта ғана доп соға алмады.

Егер жоғары деңгейлі голдар санын 100-ге жеткізсе, Хайруллин Қазақстанда осындай нәтижеге қол жеткізген үшінші шетелдік футболшы болмақ. Оған дейін Ұлықбек Бақаев (Өзбекстан) Қазақстанда 123 доп (ҚПЛ – 111, кубок – 10, еурокубоктар – 2) және Нилтон Мендес (Бразилия) 102 (ҚПЛ – 79, кубок – 14, азиялық кубоктар – 8, еурокубоктар – 1) жүздікті бағындырған еді.

Бірақ котдивуарлық Жерар Гоу 99 голмен тоқтап қалды. Ол премьер-лигада – 80, кубокта – 8, еурокубоктарда 11 доп авторы атанып, небары 3,5 жыл ішінде зор нәтижелілік танытқан еді. Ол 2014-2017 жылдар аралығында «Қайрат» сапында өнер көрсетіп, өткен жылы Қытайдың «Бейсін Ентерпрайзерс» командасына ауысты.