ІІ тур. С тобы
Дания – Австралия – 1:1 (Ериксен, 7 – Единак, 38—пенальтиден)
Дания құрамасының жартылай қорғаушысы Юсуф Поульсен әлем чемпионатының алғашқы екі кездесуінде өз құрамасы қақпасына екі пенальти әкелген 80 жылдан кейінгі бірінші футболшы болып отыр.
Оған дейін 1938 жылы Францияда өткен доп додасында Бразилия құрамасының қорғаушысы Домингос да Гиа екі матчта қатарынан «тәртіпсіздік» көрсеткен еді.
Әуелі да Гиа Бразилия – Польша кездесуінің 23 минутында айып алаңында қарсыласын қапсыра құшақтап құлатты. Шаубылшы Фридрих Шерфке пенальтиді дәл соқты. Ширек финалдағы Бразилия – Чехословакия кездесуінің 65 минутында Гиа айып алаңында тағы тәртіп бұзды. Олдридж Неедлы пенальтиді мүлтіксіз соқты.
Арада 80 жылдан кейін дат қорғаушысы Юсуф Поульсен осы «рекордты» қайталап отыр. Перу – Дания кездесуінің 45 минутында Поульсен қарсыласы Кристиан Куеваны шалып құлатты. Бұл пенальти қақпаға енген жоқ, Куева аспанға тепті.
Ал кешегі Дания – Австралия кездесуінің 28 минутында Поульсен айып алаңында қолмен ойнады. Белгіленген 11 метрлікті Миле Единек дәл ортаға тура соқты.
Ең қызығы Поульсен тәртіп бұзған сәттің екеуінде де төрешілер бейнеқайталауға жүгініп, пенальти белгіледі.
(fifa.com фотосы)