Қазақстандық нокаутшы Геннадий Головкин Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ол 36 кездесудің бәрін жеңіспен аяқтап қана қоймай, 33 қарсыласын нокаутқа түсірген. Бұл – жалпы жекпе-жектер санының 91,67 пайызы. Мұндай көрсеткіш орта салмақ дәрежесіндегі басқа ешбір чемпион  боксшыда жоқ.

Бұл жетістігін нақтылайтын сертификатты Головкин бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) жыл сайынғы жиынында алды. Кеңес Головкиннің британиялық Келли Брукпен кездесуін «Жыл оқиғасы» деп таныды, сондай-ақ Геннадийге қарсыластарынан анағұрлым басым боксшы ретінде арнайы жүлде тапсырды.

Головкин келесі кездесуін 2017 жылдың наурыз айында өткізуі мүмкін. Ол осы желтоқсан айында бір жекпе-жек өткізуді жоспарлаған-ды. Алайда 10 желтоқсанға дейін WBA нұсқасы блойынша әлем чемпионы Дениель Джейкобс нақты жауабын берген жоқ. Енді 19 желтоқсан күні промоутерлік сауда өтеді де, қос боксшының жекпе-жегі нақты бір күнге белгіленеді.

— Бұл кездесудің қашан өтетінін білмеймін. Промоутерлік саудадан кейін жекпе-жек алдағы жылдың көктеміне белгіленсе, біз Геннадийдің бабын келістіруге барымызды саламыз. Бізге шәкіртіміздің арасын ұзатпай, желтоқсан айында бір жекпе-жек өткізгені ыңғайлы болар еді. Бірақ Джейкобстың командасы келіссөзді созып жүріп алды. Генаның жасы 35-ке келеді. Оның тамаша жекпе-жектермен жанкүйерлерін рақатқа бөлейтін шағы соңына таяп келеді. Сондықтан бұл сәттерді одан ары соза түсуге біз де пейілдіміз, – деді бапкер Абель Санчес.