Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34КО) 8 наурызда DAZN платформасымен келісімшартқа отырды. Бұл көптен күткен жаңалық болғандықтан, жанкүйер қауым аса елең ете қойған жоқ. Осы оқиғаға орай, Головкин арнайы баспасөз мәслихатында мәселені жан-жақты түсіндіріп берді. Бұдан бұрын ол НВО арнасымен 2012 жылдан бері серіктес еді. Алайда НВО кәсіпқой бокс кештерін түсіріп-таратудан бас тартқан соң, 2018 жылдың желтоқсан айында Головкин басқа ТВ-әріптес табуға құқылы болды. Premier Boxing Champions (PBC) жобасы мен ESPN компаниясы біраз уақыт GGG-ді қанатының астына алудан үмітін үзген жоқ. Алдымен қаңтар айында ESPN жолдан шықты. РВС соңғы сәтке дейін бәсекелесіп келді. Бұл жобаға сенім артса, отандасымыз Showtime және Fox арналарындағы трансляциялардан көріне алар еді. Бәрібір DAZN соңына дейін күресіп, табандылық танытты.

Сонымен, отандасымызға DAZN-мен серіктес болудың қандай пайдасы бар?

  1. Бұл платформамен келісімшарт үш жылға жасалды. Осы мерзімде Геннадий алты кездесу өткізеді. Яғни әр жылға екі кездесу жоспарланып отыр.
  2. 2020 және 2021 жылдары Головкин өзінің GGG Promotions компаниясы үшін DAZN платформасында төрт бокс кешін өткізуге мүмкіндік алды.
  3. Yahoo! Sports ақпараты бойынша, Головкин 100 миллион долларға келісімшарт жасасқан. Бұл деректі DAZN  компания құптаған да жоқ, жоққа да шығармады.
  4. GGG жаңа платформа аясындағы алғашқы кездесуін 8 немесе 14 маусымда өткізеді. Алғашқыда ол орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андрадемен (АҚШ) шаршы алаңға шығады делінген-ді. Алайда Андраде келесі жекпе-жегін 22 маусымға жоспарлап отыр. Демек, қандай жағдайда да биылғы жазда қос мықтының жолы шаршы алаңда түйіспейді. Ал ықтимал қарсылас ретінде поляк боксшысы Камил Шеремета (19, 4КО) аталып отыр. Шеремета бұған дейін 17 кездесуді өз елінде, екеуін ғана сырт елде, онда да Еуропада өткізді. Головкинмен кездесуге келісетін болса, ол мұхиттың арғы жағындағы алғашқы кездесуі болмақ.
  5. Головкин өз промоутері Том Леффлермен бірге жұмыс істей бермек. Бұған дейін 2012 жылдан бері одақтас болып келе жатқан тұлғалардың арасынан қара мысық жүгіріп өткені туралы сөз гу ете қалған-ды. Отандасымыз мұны жоққа шығарды. «Сары басылымдардың сөзіне сене бермеңіздер. Мұндай ақпарат алдымен қатысушы екі тараптың бірінен шығуға тиіс. Біз екі жолмен кететініміз туралы тіпті сыбыс та шығарған емеспіз. Бұған дейінгі жұмысысыз сәтті болды, бұдан кейін де сол ыңғайда жалғаса береді» деді Геннадий.
  6. Отандасымыз күзде «Канеломен» үшінші кездесу өткізуге дайын екенін мәлімдеді. «Мен Альвареспен екі жекпе-жегімді де қайталап қарап шықтым. Мұқият қарадым. Боксты түсінетін адам ретінде айтайын, мен жеңдім. Бірақ сол сәтте төрешілер шешімі басқаша болды, мен соны қабылдадым. Ал 5 мамырда Альварес пен Даниел Джейкобс кездеседі. Бұл жекпе-жектің жеңімпазы қайсы боксшы болса да, яғни «Канело» жеңіліп қалса да, мен онымен күзде кездесуге дайынмын. DAZN-мен келісімшарт жасасқанда, мен осындай үлкен жекпе-жектер өткізетініме сеніп келдім» деді ол. Айта кету керек, «Канело» DAZN-мен серіктестік жөніндегі келісімге өткен жылдың соңында қол қойып, 365 миллион долларлық шарт жасасқан еді. Жаңа платформа асында ол бір кездесу өткізіп, WBA нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Рокки Филдиңді (Ұлыбритания) техникалық нокаутпен жеңді.