Бокстан Қазақстан құрамасы Алматы облысындағы АИБА базасында жаңа тағайындалған бас бапкер Ғалымбек Кенжебаевтың жетекшілігімен оқу-жаттығу жиынын бастап кетті.

Биыл 2020 жылғы жазғы олимпиада жолдамалары сарапқа салына бастайды. Сондықтан жуын жұдырық жігіттер бұрынғы биіктен төмендемей, табысты еселей беруге тиіс. Бұл жиынға құрама мүшелерінің бәрі келді. Желтоқсан айында иығына ота жасатып, қазір Астанадағы бокс орталығында емделіп жатқан Әбілхан Аманқұл (75 келі) мен жарақаты бар Бекдәулет Ибрагимов (64 келі) сапта жоқ. Олар алдағы жиындарға толық қатысады.

Алда боксшыларды Үндістан мен Венгрияда өтетін екі халықаралық турнир күтіп тұр. Бас бапкер оған қатысатын боксшыларды жиын соңына қарай іріктейді. Жастар құрамасының үздік мүшелері де қазір ұлттық құрамамен бірге жаттығып жүр. Ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбай, Дамир Тойбай, Ермахан Жәпеков осы сапта.

Ал Қазақстан құрамасының капитаны міндеті аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевқа жүктелді. Бұған дейін капитан міндеті даңқты Әділбек Ниязымбетовке тиесілі еді. Әділбек 2018 жылдың соңында бокстан қол үзді. Қоңқабаев 2017 жылдан бері құрамада өнер көрсетіп келеді. Ол сол жылы әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды, Азия чемпионатында да күміс тұғырға көтерілді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here