Алты ай жазы мен алты ай қысы бар Қазақстан үшін жаңа жылдың келуі әншейін күнтізбенің жаңаруы ғана емес. Ұлы дала елінде әр жыл әрбір ірі жарыстың хабаршысы, жаршысы іспетті.

2018 жылды – Ит жылын біз әлем чемпионаттарының алтын жүлдесінсіз аяқтадық. Бірақ қатты өкіне қойғанымыз жоқ. Өйткені, жазғы олимпиададан кейінгі екі жыл әдетте жаңа буын қалыптастыруға, құрамды жаңартуға, жаңа есімдерді ашуға арналады. Мықты спортшылар спорттан кетеді. Сондықтан Ит жылы сыйлаған үш күміс пен бес қоланы тақиямызға тар келді дей алмас едік. Осы тоғыз жүлденің алтауын бұрын әлем чемпионаттарында олжа салып көрмеген спортшыларымыз иеленді, үш спортшы әлемдік додалардың медалін екінші рет иеленді.

Ал келген жылға артар үміт өте көп. Ең бастысы, Доңыз жылы – олимпиада жолдамаларын тарататын жыл. Алдағы Токио олимпиадасына баратын спортшылардың дені осы жылы анықталып, межелерін нақтылай бастайды.

Командалық сын біреу ғана

Биыл 2-12 наурыз аралығында Ресейдің Краснояр қаласында Қысқы универсиада өтеді. Енисей бойындағы қала ақ универсиада эстафетасын 2017 жылы Алматыдан қабылдап алған-ды. «Нағыз қыс» ұранымен өтетін сынға біздің студенттер де белсене қатысады.

2017 жылғы универсиада Алматыда өте жоғары деңгейде өтті. Оңтүстік астанада екі үлкен арена бой көтерді, арнайы олимпиялық қалашық салынды. 54 елден 1604 спортшы қатысты. Краснояр универсиадасына 50 елдің өкілі қатысады деп күтіліп отыр. 11 спорт түрінен 76 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.

Екі жыл бұрынғы студенттер додасында Қазақстан Ресейді ғана алға жіберіп, 11 алтын, 8 күміс, 17 қола, барлығы 36 медальмен командалық екінші орын иеленіп еді. Биылғы додада осы сатыда қала аламыз ба? Жалпы есепте Ресейдің алда болатыны күмәнсіз. Солтүстіктегі көршілер 2017 жылы Алматыда 71 медаль (оның 29-ы – алтын) жеңіп алып, өзгелерден қаза үзіп кетіп еді.

Астана екі әлем чемпионатын өткізеді

Биыл елордада бір емес, екі әлем чемпионаты өтеді. Екеуі де өте маңызды.

Алдымен 19 сәуір – 5 мамыр аралығында «Барыс-Аренада» хоккейден А дивизионындағы әлемдік доданың жалауы желбірейді. Бұл сында Беларусь, Оңтүстік Корея, Венгрия, Словения, Литва және Қазақстан құрамалары бақ сынайды.

Қазақстан құрамасы элиталық дивизионнан 2016 жылы түсіп қалған еді. Алайда 2017 жылы да, 2018 жылы да отандастарымыз А дивизионында қалып қойды. Сондықтан биыл қалайда элиталық двизион жолдамасын иеленуге тырысу керек. Бұған дейін Қазақстан құрамасы 2001-2004 жылдары және 2007-2009 жылдары А двизионында үш жыл бойы тұрақтап қалып еді. Биыл өз айдынымызда айтулы жолдаманы жеңіп алмасақ, өзіндік антирекорд жасауымыз мүмкін. Сондықтан «Барыс-Аренада» отандастарымыздан жан алып, жан беріскен ойын күтеміз.

Өткен жылы Қазақстан құрамасы соңғы турға дейін элиталық двизион жолдамасынан үмітті болды. Алайда поляктарды 6:1 есебімен жеңсе де, негізгі қарсыластары Италия мен Ұлыбританияның көрсеткішіне тәуелді болып, ақыры үшінші орында қалып қойды.

Екінші әлем чемпионаты Астана үшін де, жалпы әлем үшін де өте маңызды. 14-22 қыркүйек аралығында елордада күрес түрлерінен әлемдік дода өтеді. Соңғы жылдары күрес түрлерінен қоржынымыздағы жүлделер аз емес. Алайда жаңа олимпиялық циклда балуандарымыз алтынға жете алмай жүр. 2017 жылы – Демеу Жадыраев пен Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), 2018 жылы Нұрислам Санаев (еркін күрес) күмістен олжа салды. Айдос Сұлтанғали, Мейіржан Шермағанбет секілді жас балуандар (грек-рим күресі) Будапешт кілемінен өткен жылы қола иеленіп қайтты. Қыздар арасында Эльмира Сыздықова мен Жұлдыз Ешімова қола жүлде үшін күрескенмен, сәл ғана жетпей қалды.

Ал олимпиялық ойындарда бүкіл күрес түрлері бойынша Қазақстан еншісінде жалғыз алтын медаль бар. Оны жеңіп алғалы да ширек ғасырға таяпты. 1996 жылы Юрий Мельниченко Атланта олимпиадасында 57 келіде теңдессіз атанып еді. Содан бері қоржынымызға күмістер (Ислам Байрамуков, Геннадий Лалиев, Георгий Цурцумия, Нұрбақыт Теңізбаев, Гүзел Манюрова) мен қолалар (Мхитар Манукян, Марид Муталимов, Елена Шалыгина, Даниал Гаджиев, Гүзел Манюрова, Ақжүрек Таңатаров, Екатерина Ларионова, Эльмира Сыздықова) түсті, бірақ алтынның ауылы алыстап барады. Сондықтан Астанада өтетін әлемдік дода біздің жаңа жұлдыздарды жарқыратып қана қоймай, Токио олимпиадасындағы табыс алғышарттарына негіз болса да игі еді. Өзімізді балуан ел санаймыз, алайда төртжылдықтың басты сынында бас жүлделерге жақындай алмай жүрміз.

Күрес әлемінде өзгерістер өте көп. Олимпиялық салмақ дәрежелерінің ауысуы да біраз әсер етері сөзсіз. Дегенмен енді барымызды танытатын күн келген сияқты.

Боксымыз шынында да әлсіреді ме?

2017 жылғы әлем чемпионатында (Гамбург, Германия) 56 келі салмақ дәрежесінде Қайрат Ералиев топ жарды. Олимпиададан кейінгі жыл болғандықтан, бұл сында ардагер спортшының топ жаруы, бір жағынан, күтпеген тосынсый болса, екінші жағынан, оның еңбегінің өтеуі секілді көрінген-ді. Әбілхан Аманқұл, Қамшыбек Қоңқабаев сияқты жастар күміс жүлде алды, Ержан Жомарт, Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит қолаға қол жеткізді.

Бірақ биылғы әлем чемпионатын сәл қорқақтай күтіп отырғандаймыз. Біріншіден, АИБА-ның президенті өзгерді. Чин Куо Вудың орнына өзбек Ғафур Рахымов келді. Ол президенттік сайлауда отандасымыз Серік Қонақбаевқа бәсекелес болды. Басым дауыспен жеңіп шықты. Дегенмен соңғы Азия чемпионатының, Азия ойындарының нәтижелері ойымызға қорқыныш енгізгені жасырын емес. Ташкентте өткен құрлық додасында он салмақтың тоғызында өзбек боксшылары топ жарды, Азия ойындарында да оларға тең келген ешкім болған жоқ.

Әрине, боксы күшті болса, ешкім күндемес. Бірақ олардың табысының жанында біздің былғары қолғап шеберлерінің көрсеткіштері нашарлап бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан қыркүйек айында Ресейдің Сочи қаласында өтетін әлемдік сынға үміттене де, күдіктене де қараймыз. Әйелдер боксы есебінен олимпиялық салмақтардың азаюы да ойландырады.

2018 жылдың соңында құрама бапкерлері ауысты. Ұзақ жыл тізгі ұстаған Мырзағали Айтжановтың орнына Ғалым Кенжебаев келді. Ғалым мырза бұған дейін Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырды, яғни өсіп келе жатқан жастардың әлеуетін де жақсы біледі.

Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты да биыл Ресейде, Улан-Удэ қаласында өтеді. Былтырғы додадан Жайна Шекербекова мен Карина Ибрагимова жүлдемен қайтты. Биыл олимпиада жолдамасы үшін нағыз тартыс болатыны сөзсіз. Соңғы екі олимпиялық циклда нәзік боксшыларымыз өте жақсы нәтиже көрсетті. Енді соны дәстүрге айналдырса игі.

Ильин орала ма – мәселе осында

Ауыр атлеттер жағдайы да біраз ойландырады. Ашгабатта (Түркменстан) өткен әлем чемпионатынан былтыр Арли Чонтей (күміс) және Надежда Лихачева (қола) ғана табыспен қайтты. Олимпиада чемпионы Нижат Рахымов та, олимпиада жүлдегері Денис Уланов та, талантты Зүлфия Чиншанло да қуанта алған жоқ. Допинг дауларынан кейін біздің зілметіршілеріміздің нәтижесі қатты құлдырап кеткендей көрінеді. Әрине, оған быр жылдық айып мерзімі де әсер еткен шығар.

Төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин әлем чемпионатына да, жыл соңындағы халықаралық турнирге де ресми тіркелгенмен, ортаға шыққан жоқ. Өзі мұның бәрі жарақат себебінен екенін айтады. Дегенмен даңқты отандасымыз сәуір айындағы Азия чемпионатында сынға түсетініне сендіріп отыр. Сол додада өнер көрсетпесе, одан кейінгі жарыстарға қатысудың қажеті шамалы. Өйткені, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы жарыс күтнізбесіндегі алты бәсекенің төртеуіндегі ең жақсы нәтижелерді санатқа қосады. Ильин үшін екі дода өте шықты, ендігі төртеуіне міндетті түрде қатыспаса болмайды.

Ауыр атлетикадан биылғы әлем чемпионаты Тайландтың Паттайя қаласында өтеді. Жаңа салмақтардың орнығып, нағыз мықтылардың мойны оза бастайтыны – осы дода. Ендеше, зілтеміршілерімізден ерекше қайрат күтеміз.

Тағы қандай сындар бар?

Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты қыркүйектің соңы мен қазанның басында Доһада (Қатар) өтеді. Дзюдошылар Токиода сынға түседі. Футболдан Қазақстан құрамасы наурыз айында Еуро-2020 іріктеу кезеңін бастайды.

Демек, бізді күтіп тұрған жарыс көп. Жыл соңында алтынымыз көп болса, қанеки…