Astana Pro Team бас менеджері Александр Винокуров  команданың «Вуэльтада» көрсеткен нәтижесіне бағасын берді.

Жексенбі күні аяқталаған «Вуэльта» гранд-турында  «Астана» велокомандасы үш кезеңде жеңіске жетті. Мигель Анхель Лопес «ең үздік жас шабандоз» арнайы сыйлығына иелік етіп, команда үш аптада көрсеткен нәтижемен ең үздік команда атанды.

— Команда берілген тапсырманы орындады. Кезеңде жеңіске таласу, командалық есепте бірінші орында болу мақсатын ойдағыдай орындады. Мигель Лопес Вуэльтаның ең үздік жас шабандозы атанды. «Астананың»  қазақстандық өкілі Алексей Луценко таулы кезеңде мәреге бірінші келсе, өз туған күнінде екінші болды. Лопестің қоржынында екі кезеңдегі жеңіс бар.  Алексей «Вуэльтаға» бару жөнінде өзі ұсыныс жасаған болатын. Мен қарсы болмадым. Кезеңдік сындарда  оған көшбасшы ретінде бағын сынап көруге  мүмкіндік берген жөн деп таптық. Қазір ол нағыз бабында. Әлем чемпионатына жақсы дайындықпен бара жатыр. Ал Лопес күн сайын тәжірибесі артып, психологиялық тұрғыдан да өсіп келеді. Мүмкін жанкүйерлерге оның жеңісі тосын сый болып көрінген шығар, бірақ команда басшылығы Лопестің жеңіске жету мүмкіндігіне күмәнданған жоқ. Біз оны капитан ретінде өткен жылы байқап көргіміз келген. Бірақ былтыр оған жүктелген міндет тым ауыр болған болар, сәтсіздіктен көз ашпай қойды. Биылғы «Вуэльта» қарсаңында оған аса бір міндет жүктегеніміз жоқ. Капитан Фабио Арумен бірге болатыны айтылды. Мәртебелі жарысты қалай жүріп өтетінін, болашақта гранд-тур ұтуға жетер шама-шарқын байқап көргіміз келді. Нәтижесінде ең үздік жас шабандоз сыйлығын иеленіп, екі кезеңде тұғырдың ең биік сатысынан қол бұлғады. Алға ұзаған топтың қатарында емес, мәреде Контадор, Фрум, Нибали сияқты жұлдыздармен жеңіске таласты, — деді А.Винокуров. 

Дина Тұрарқызы, Испаниядан