Испания жолдарында өтіп жатқан «Вуэльта» суперкөпкүндігінде «Астана» командасының шабандозы Мигель Анхель Лопес екінші рет олжа салды. Екінші демалыс күні алдында ол 15-кезеңнің күмәнсіз үздігі болды.

Бұл кезең Алькала да Реал қаласынан басталып, 129,4 шақырымға созылды. Шабандоздар мәре сызығы белгіленген Альто-Ойя-де-ла-Мора тауына шыққанша бірінші дәрежелі екі биікті артта қалдырды. Лопес даңқты Альберто Контадормен бірге мәреге 20 шақырым қалғанша шабуылға шығып, пелотонды артқа тастады. Де-ла-Мораға 6,5 шақырым қалғанда Лопес тағы шабуылдап, Контадор мен Роман Бардеден қара үзіп кетті. Алда Адам Йейтс қана кетіп бара жатыр еді. Ол да біздің шабандоздың қарқынына шыдас бере алмады. Сөйтіп, Лопес мәре сызығын дара кесіп өтті.

— Адам сенгісіз жағдай болды бұл! Контадор шабуылға шыққанда, ізінен қалмауға тырыстым. Сол кезде бұл әрекетіміздің я ерте, я кеш екенін тіпті де сезінгенім жоқ. Аяғымның зырылдап тұрғанын байқадым да, өз-өзіме «кәні, көрейік» дедім. Сөйтіп қарсыласымның бәрінен үзап кеттім. Командалас достарымның бәріне алғыс айтамын, олар бүгін мүлтіксіз жұмыс істеді, – деді ол.

Жалпы есепте Крис Фрум («Скай») көш бастап келеді. М.А.Лопес одан 2,51 минут ұтылып, алтыншы сатыда тұр. Жетінші сатыдағы Ф.Ару әзірше 3,24 минут қалыңқы.

Бұл Лопестің «Вуэльтадағы» жалғыз жеңісі емес. Ол 11 кезеңде топ жарды, 14 кезеңде мәре сызығын екінші болып қиды. Ал 5 кезеңде А.Луценко жеңіске жетіп, өзінің «Гранд-тур» кезеңдеріндегі алғашқы ірі табысын тойлаған еді.

Осылайша биылғы «Вуэльта» «Астана» командасы үшін сәтті болып тұр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here