Будапештте (Венгрия) аяқталған әлем чемпионатын Қазақстан құрамасы жалғыз қоламен қорытындылады. Қыздар арасында аса жеңіл салмақта Отгонсетсег Галбадрах жеңіп алған бұл жүлде жарыстың соңғы күніне дейін көбейген жоқ.
Татамиге кейін шыққан Ислам Бозбаев та (90 келі), Максим Раков та (100 келі), Ержан Шынкеев те (+100 келі) алғашқы қарсыластарынан ұтылып, жүлдеден үміт үзді. Әйелдер арасында Зере Бектасқызы (70 келі) мен Альбина Амангелдиева (78 келі) жарысты тез аяқтаса, Зарина Раифова (78 келі) мен Гүлжан Исанова (+78 келі) бір-бір қарсыласын жеңгенмен, екіншісінде жеңілгенін мойындады.
Жалпы есепте 13 медаль (8+4+1) еншілеген Жапония құрамасы топ жарды. Франция 2 алтын, 2 қоламен – екінші, 1 алтын, 2 күміс, 2 қола алған Бразилия үшінші болды. Қазақстан – 16 сатыда.