Франция — Хорватия — 4:2
Гол соққандар: Манджукич, 18-өз қақпасына, Гризманн, 38-пенальтиден, Погба, 59, Мбаппе, 65 – Перишич, 28, Манджукич, 69
Франция: Льорис, Павар, Варан, Умтити, Эрнандес, Мбаппе, Погба, Канте (Нзонзи, 55), Матюиди (Толиссо, 73), Гризманн, Жиру (Фекир, 81)
Хорватия: Субашия, Врсалько, Лоыврен, Вида, Стринич (Пьяца, 81), Брозович, Ребич (Крамарич, 71), Модрич, Ракитич, Перишич, Манджукич
Ескерту: Канте, 27, Эрнандес, 41, Врсалько, 90
Төреші Н.Питана (Аргентина)
15 шілде. Мәскеу. «Лужники» стадионы. 78011 көрермен

Бір айға созылған футбол аламаны әдемі қорытындыланды. Өте қызықты матчта Франция құрамасы Хорватияны 4:2 есебімен тұқыртып, екінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл ойында футболға тән нәрсенің бәрі болды: есеп автоголдан ашылды, қарсыластың қорғаушысына тиіп барып қарымта гол енді, пенальти белгіленді, бір емес, екі доп алыс қашықтықтан соғылды, қақпашы оңбай қателесті. Тоқсан минут бойы жанкүйерлер түрлі күйге бөленіп, футбол өнерінің құдіретін сөзсіз мойындағаны анық.

Финалға қос үздік қалай жетті?
Франция С тобынан дара шықты. Алдымен Австралияны 2:1 есебімен тізе бүктірген соң, француздар Перуді де жалғыз доп айырмасымен жеңді. Бұл матчта Килиан Мбаппе алғашқы голын соғып, өзіне артылған сенімді ақтай алатынын дәлелдеді. Турдағы соңғы кездесуі ештеңе шешпейтін еді. Өйткені Франция да, Дания да салғырт ойнады. Тіпті Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам алаңға аралас құрам шығарып, таза 0:0 есебіне қанағат білдірді.
1/8 финалда Дешам шәкірттері жанкүйерлерге тамаша футбол спектаклін ұсынып, Месси бастаған Аргентинаны 4:3 есебімен жеңді. Бенжамен Павар есімді жас талант осы ойында жарқырай көрініп, таңдай қақтырды. Одан кейін Каванисіз қалған Уругвайды 2:0 есебімен тізе бүктіріп, француздар жартылай финалда Бельгияға шықты. 51 минутта орталық қорғаушы Самуель Умтити соққан гол матч тағдырын шешіп, Франция құрамасы финал жолдамасын иеленді.
Хорваттар топтық турнирдегі үш кездесуде де жеңіске жеткен үш команданың бірі болды. «Шақпақ жейделі» батырлардың алдында D тобында Нигерия да (2:0), Аргентина да (3:0), Исландия да (1:2) еш қайран жасай алмады. Бірақ одан әрі хорваттар аса қиын жағдайда өрлеп отырды. 1/8 финалда – Даниямен (1:1), ширек финалда Ресеймен (2:2) кездесуде Златко Далич шәкірттері ойын соңындағы пенальтиден бақ асырды. Жартылай финалда да қосымша уақытқа жүгініп, өз қақпасына бірінші гол жіберіп алса да, хорваттар жігерлі жеңіске қол жеткізді – 2:1.

Погба ойыннан тыс қалды ма?
Финалда бірінші болып хорваттар есеп ашты. Анте Ребич айып алаңына таяу тұста Гризманнды шалып жыққан-ды. Стандарттан Гризманн көтерген допқа Погба мен Манджукич қатар ұмтылып, доп хорват шабуылшысының басына тиіп, қақпа төрінен бір-ақ шықты. Кейін бейнеқайталаудан анықталғандай, Погба бұл сәтте қорғанушы команда өкілдерінен сынық сүйем ғана алда болыпты. Қапталдағы төрешінің жалаушасын неге желбіретпегені түсініксіз. Сөйтіп, қарсы қақпаға гол соғуға тиіс Манджукич өз қақпасын таңбалап алды.
Бірақ хорваттар биылғы додадағы әдетінен танбай, аз уақытта есеп теңестірді. Перишич айып алаңында төрт әріптесінің басына тиіп, ақыры Домагой Вида алдына салып берген допты Иван Перишич сол аяқпен шегелей қадады. Доп жолай Рафаэль Варанды жанай ұшты, қақпашы Льорис жандәрмен секірсе де жете алмады – 1:1.

Пенальти дұрыс белгіленді ме?
Жозе Моуринью, «Манчестер Юнайтед» командасының бас бапкері: «Перишич допқа қарай екі қолын артына ұстап қалай секіреді? Бір метр жерде француз ойыншысы тұрса, допты көрмесе, ол қалай қолын жинап үлгереді? Бұл – қатардағы матч емес, финал. Мұнда VAR негізінде шешім қабылдау ойын тағдырына қатты әсер етті. Доп қақпаға тура ұшып бара жатып, Перишич оны қолмен тоқтатса, пенальти белгілеуге болар еді. Ол қолын абайсызда тигізіп алды. Ол үшін пенальти қою дұрыс емес».
Марк Клаттенбург, Англия премьер-лигасының бұрынғы төрешісі: «Перишичтің қолы табиғи қалыпта тұр, сондықтан бұл пенальти емес».
Иә, дәл осы сәт әлі талай әңгіме өзегіне айналары анық. Не десек те, ойын тағдырына бұл пенальти қатты әсер етті. Тіпті екінші таймға трибуна астынан шығып келе жатып, Лука Модрич те қапталдағы төрешінің біріне назын ашық айтты. Бәрібір Хорватия плей-оффтағы қаһармандығын қайталай алған жоқ. Поль Погба мен Мбаппенің алыстан тепкен добы қақпаға сүңгіген соң, ары қарай ширек сағат уақыты болса да, Хорватия жалынсыз ойнады. Манджукич қақпашыны қателестіріп, есеп айырмасын сәл қысқартқанмен, Хорватия күміс медальға қанағат білдіргендей қимылдап, матчты салғырт аяқтады.

Талантты екінші буын
Ойын алдында Мбаппе сұқбат беріп: «Бізді Зидан мен Дешамның ізбасарлары дегенге келісе қоймаймын. Олар өз жолымен жүрді, біздің өзі жолымыз болады», – деген-ді. Жас батырдың сөзі мен ісі қабысып, Франция жиырма жылдан кейін әлем чемпионы атағына екінші рет қол жеткізді. 1998 жылы алғашқы жеңістің астарында Зидан, Дешам, Бартез, Блан, Пети, Трезеге, Анри, т.б. мықтылардың еңбегі тұрса, бұл жолы Гризманн бастаған шеберлердің басты атаққа лайық болғаны күмәнсіз. Франция құрамасында 12 голдың үшеуін үш қорғаушы соқты. Демек, керек сәтінде жеңіс үшін жұмыла алатын тамаша құраманы Дешам жасақтап шыға алды деуімізге болады. Бапкер финалға әлем чемпионаттары тарихындағы ең жас құраманы шығарды. Финалда өнер көрсеткен 11 француз футболшысының орта жасы 26 жас, 10 ай болыпты. Бұрын-соңды әлем чемпионаттарының ақтық ойынында мұншалықты жас команда ойнап, жеңіске жетіп көрген емес.
Франция екінші рет чемпион атанып, бұл көрсеткіш бойынша Уругвай (1930, 1950) және Аргентина (1978, 1986) құрамаларын қуып жетті. Ал Хорватия әлем чемпионы атанған тоғызыншы құрама болуға жақын тұрып, финалда жеңілді. Дегенмен хорваттар жиырма жыл бұрынғы жетістігін жақсартты. 1998 жылы олар қола жүлде иеленген еді.

(championat.com, fifa.com фотолары)