Тхам Луаң үңгіріне он күн қамалып, әлем чемпионатының жартылай финалдары қарсаңында құтқарылған тайландтық 12 жеткіншекке финалда ойналған доп тарту етіледі. Бұл сыйлыққа финалдық ойынды «Лужники» стадионынан тамашалаған президенттердің бәрі қолтаңба қалдырды.

Тайлантың Чиаңмай қаласы маңында үңгірге 12 жас футболшы жаттықтырушымен бірге саяхаттап кіріп, жауыннан көтерілген су үңгір аузын бөгегендіктен, қапаста қалған еді. Оларды құтқару жұмысына бүкіл әлем араласып, ақыры бәрі аман-есен жер бетіне шықты. Алайда құтқару операциясы кезінде жергілікті сүңгуірлердің бірі қаза тапты. ФИФА президенті Джанни Инфантино балақайларды финалға шақырған еді. Алайда олардың сапар шегуіне дәрігерлер рұқсат бермеді.  Бәрібір жас футболшылар ескерусіз қалған жоқ. Оларға финалда тебілген доп 24 қыркүйекте Лондонда (Ұлыбритания) өтетін ФИФА жиынында табыс етіледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here