Кеше Мəскеуде ФИФА конгресі өтіп, 2026 жылғы əлем чемпионатын қабылдайтын ел(дер) анықталды.
Көптік жалғауды бекер жалғап отырғанымыз жоқ. Футбол тарихында тұңғыш рет əлемдік дода үш елдің аумағында өтетін болып белгіленді.
Енді таратып айтайық.
Йозеф Блаттер басқарған жылдары Халықаралық футбол федерациясы құрлықтарды ауыстырып отыру идеясын ұстанды. 2006 жылғы дода Германияда өткен соң, Еуропа құрлығына араға кемінде екі цикл салып оралуға тиіс болды. Биыл Ресей жарыс иесі болып жатқаны да содан.
2010 жылы əлем чемпионаты тұңғыш рет қара құрлықта ұйымдастырылды. Жалпы жұртшылықтың үмітсіздігін жоққа шығарып, Оңтүстік Африка Республикасы футболдың басты жарысын жоғары деңгейде өткізді. 2014 жылы сын Латын Америкасына ойысты. Бразилияда жергілікті құраманың шешуші екі матчта 10 доп жіберіп, жүлдеден қағылғаны болмаса, бұл шара да өз биігінен төмендеген жоқ.
Дегенмен Блаттердің төл бастамасы өзіне сор болды. 2018 жылғы əлем чемпионатын – Ресейге, 2022 жылғы сынды Қатарға беру мəселесінде ФИФА жемқорлыққа батты деп айыпталып, Блаттер мырза отставкаға кетті. Бірақ Ресей мен Қатардан ешкім мундиальді тартып алған жоқ.
Блаттер кетсе де, ісі жалғасып жатыр. 2022 жылғы əлем чемпионаты Азия құрлығында өтетін болған соң, одан кейінгі екі циклдан сары құрлық үміттенбесі белгілі. Сондықтан 2026 жылғы сынды өткізуге екі-ақ өтініш түскенін түсінуге болады. Қара құрлықтан – Марокко, КОНКАКАФ-тан – АҚШ-Мексика-Канада.
Конгрестегі дауыс беру нəтижесінде Марокко – 65, америкалық үштік 139 дауыс жинады. Демек, екінші тур қажет болған жоқ.
Осы үштіктің арасында Мексика – үшінші рет, АҚШ екінші рет мундиаль қожайыны болмақ. Мексика 1970 жəне 1986 жылдары доп додасын өткізді. Бұған дейін Мексикамен қатар, Бразилия (1950 жəне 2014), Германия (1974 жəне 2006), Италия (1934 жəне 1990), Франция (1938 және 1998) екі рет əлемдік дода иесі болды. Енді 2026 жылы Мексика осы бəсекелестерін артқа тастамақ. АҚШ 1994 жылы қабылдады.
Қалай дегенде де, америкалық үштік аз шығын шығарып, көп пайда табатын сияқты. Үш елде де инфрақұрылым қазірдің өзінде сақадай сай. Алдын ала есеп бойынша, осы шарадан 11 млрд доллар пайда түседі екен.
2026 жылғы доп додасына тұңғыш рет 48 құрама қатысады. Олар 16 топқа бөлінеді, əр топтан екі үздік плей-оффқа шығады.
Қалай дегенде де, алдағы сегіз жылдың жоспары белгілі. Қазақстан 2026 жылғы əлемдік доданы ұйымдастыруға ниет білдіргені есімізде. Енді тағы үміттеніп көре ме? Ол – алдағы жылдардың шаруасы.