Болгария кубогы
1/16 финал. 20 қыркүйек
«Локомотив» (София) — «Верея» (Стара-Загора) — 2:1 (Иванов, 2, Цветков, 76 — Нұрғалиев, 35)
«Верея» командасының қазақстандық жартылай қорғаушысы Еркебұлан Нұрғалиев өзінің болгариядағы алғашқы голын соқты. 35 минутта ол айып добын 25 метр жерден қатты теуіп, Яначков қорғаған қақпаның кілтін тапты. Алайда «Верея» тең есепті ұстап тұра алмады, ойын соңына қарай шешуші голды жіберіп қойды.
Е.Нұрғалиевті ойынның 86 минутында М.Танев алмастырды.
Еркебұлан Болгария чемпионатына биыл ауысты. Көктемде «Алтайды» премьер-лигаға дайындаған болгар маманы И.Илиев кейін Нұрғалиевті қазіргі командасына — «Вереяға» шақырған-ды. Болгарияның жаңа басталған чемпионатында «Верея» 5 орында келеді. 9 турда 5 рет жеңіске жетіп, 1 ойынды тең аяқтады, 3 ойында жеңілді.
Нұрғалиев 5 ойынға қатысты. Алғашқы турларда екі рет («Лудогорец» — 1:3, «Локомотив» Пл — 1:0) ойынға екінші таймда араласты. Одан кейін сырт алаңда «Витошаға» қарсы негізгі құрамда ойнады. Бұл кездесуде «Верея» 3:0 есебімен жеңіске жетті. 8 турдағы ЦСКА-мен ойында отандасымыз негізгі құрамда 57 минут өткізіп, орнын Домовчийскиге босатты (0:3).
9 турда «Верея» өз алаңында «Дунавты» қабылдап, 2:1 есебімен жеңді. Нұрғалиев алаңға 76 минутта Домовчийскидің орнына шықты.
10 тур ойындары 23 қыркүйекте өтеді. «Верея» сырт алаңда «Пиринмен» кездеседі.
Е.Нұрғалиев — Семей футболының түлегі. Ол 2009-2014 жылдар аралығында «Спартакта» ойнады. 2015 жылы — «Ертісте», 2016 жылы «Алтайда» өнер көрсетті. Биылғы маусымды «Оқжетпес» сапында бастап, 1 ғана ойынға қатысты. Одан кейін Болгария І лигасына (бізше — премьер-лига) жол тартты.
Е.Нұрғалиев Қазақстанда 4 гол соқты. Оның үшеуін 2014 жылы — «Ертіс» қақпасына, біреуін өткен жылғы ауыспалы ойында «Тараз» қақпасына енгізді.