2014 жылы ауыр атлетикадан Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарған Жасұлан Қыдырбаев қазір қайда жүр? Спорттан мүлде қол үзді ме? Өмірінде қандай өзгерістер бар? Олимпиадада өнер көрсету бақыты бұйырмағанына өкіне ме? Болашақ жоспарлары қандай? Осы сауалдарды әлем чемпионына қойып, тұшымды жауаптар алдық.

— Қазір қайда жүріп жатырсың? Спорттан тыс өмірге үйреніп қалдың ба?

— Спорттан кеткенмен, осы саладан алыстай қойғаным жоқ. Қазір спорт мектептерінің бірінде жұмыс істеймін. Болашақ әлем, олимпиада чемпиондарын дайындауға үлес қосып жүрмін. Спорттан тыс өмірге соншалық жатырқап қараған емеспін. Өйткені спортта жүріп отау көтердім, күнделікті тіршіліктің қызығын бастан кешірдім. Қазір бала-шағамның, ата-анамның қасындамын. Кезінде ата-анамнан, отбасымнан спорттың әуресімен алыстап жүрсем, қазір спортты тастап, отбасымды, ата-анамды мәпелеп жүріп жатқан жайым бар. Адам тағдыры деген қызық қой, бірде бүк, бірде шік. Азаматпыз, бәріне дайынбыз.

— 2015 жылғы Хьюстондағы әлем чемпионатынан кейін сені 8 жылға айыптады. Осының оң шешімі болуы мүмкін бе еді? Өзің үміттендің бе?

— Иә, 8 жылға айыптағаны рас. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) заңы тым өзгермелі, олар осы мерзімді қысқартуы мүмкін бе, мүмкін емес пе, оны білмеймін. Менің ойымша, сол кездің өзінде-ақ оң шешім қабылдануы мүмкін еді. Тағы күш салу керек болатын. Оған бапкерлер мен спортшылардың ғана шамасы жетпеді. Әрине, үміттендім, күттім, күн сайын жаңалықтарды қарап жүрдім. Дегенмен болар іс болды. Енді алға ұмтылу керек. Өмір бар, жол бар.

— Станозолол, дегидрохлорметилтестостерон, т.б. препараттар ағзаға қайдан түсіп кетуі мүмкін? Оны үлкен жетістіктерге қол жеткізгісі келетін спортшы саналы түрде қолданбасы белгілі ғой. Әлде шынымен қолдана ма?

— Мұндай препараттар спорт тағамына араласып кетуі мүмкін. Біздің болжамымыз осы. 2013-2015 жылдар аралығында менен жыл сайын 6 допинг сынамасын алып отырды. Жаттығу жиынында жүргенде, үйге келгенде, жарыс кезінде және жарыстан кейін міндетті түрде сынамадан өтіп тұрдым. Барлығы таза шықты. Ал Хьюстоннан кейін қанымнан допинг табылғанына өзім де қатты таң қалдым. Бұл лабораторияның қателігі болуы да мүмкін. Әуелде «лабораторияда біздің анализдер тек арнайы құралдарда ғана сақталады» деп білетінмін. Сөйтсем, оған басқа адамдардың қолы тиетін жағдайлар да болады екен. Ал адам қолы тиген жерде қателік болуы әбден мүмкін. Дегенмен айыпты мойынға ілгесін, жер бауырлап жата берудің жөні қалмады. Үлкен деңгейде сынға түсіп жүрген, әлем біріншіліктерінде ел намысын қорғап жүрген адамның ондай дәрі-дәрмектерді қабылдауға ұяты жібермейді. Ойлап қараңызшы, қазір сіз Головкинге осындай дәрілерді беріңізші, қанша миллиард доллар ұсынсаңыз да ол алмайды. Оған өзінің беделі мен жеткен жетістігі әлдеқайда қымбат. Мен де, Илья да, басқа спортшылар да допинг қолданбаймыз. Ол азаматтыққа жатпайды.

— Бүкіл өмірін спортпен байланыстырған адам сол сүйікті ісінен мәжбүрлі түрде алыстап қалғанда қандай күй кешеді екен? Қиналдың ба? Кім демеу болды?

— Әрине, ауыр. Өйткені ол өзіңнің жаның қалайтын іс қой. Дегенмен қазіргі жұмысым спорттан алыс емес. Ара-арасында залға барып тұрамын. Бәрібір темірді жақсы көремін, сағынамын. Зілтемірді көтеріп қана қоймай, ара-тұра онымен «әңгімелесіп» тұратыным да бар. Сондай-ақ жас спортшылармен жиі жолығып, оларды алда қандай сын мен қиындықтар күтіп тұрғанын айтамын. Нендей нәрседен қателік жібермеу қажеттігін айтып сақтандырамын. Спорттағы ғұмырымды орта жолдан аяқтауға тура келгенде маған бәрі демеу болды. Дос, туыс, бауыр, ата-ана, отбасым ғана емес, қарапайым жанкүйерлер де күш берді. Мүмкін, спортта жүрген кезімде менің де оларға қарым-қатынасым сондай болған шығар.

— 2012 жылы 2 жылға айыпталдың. Сол кезде де өте қиын күндер кешкеніңді білеміз. Екінші рет допингпен ұсталған адамның өмір бойы спорттан кететіні белгілі. Екінші рет айыптағанда, «бәрі бітті» деп түңіліп кеткен жоқсың ба?

— Жоқ. IWF өз заңдарын әр екі немесе төрт жылда бір рет өзгертіп отырады. Қазір өмір бойы спорттан аластау деген тіпті аз, жеті-сегіз жылға айыптайды. Бірақ уақыт қарап тұрмайды, сол уақытта жасың өседі, спортқа қайта оралу тіпті мүмкін болмай қалуы да ғажап емес. Ең бастысы, өмір біткен жоқ. Ендігі үміт – артымыздан еріп келе жатқан жастарға жол көрсету, үлкен жетістіктерге дайындау.

— 2014 жылы Алматыда әлем рекордын жаңартып, әлем чемпионы атанғаныңды ел ықыласы өте зор болды. Одан соң – Хьюстоннан кейінгі айып. Екі қиырға бір жыл ішінде-ақ «барып келдің». Не түйдің?

— Алматыдағы әлем чемпионаты ұзақ жылдар төккен теріміздің өтеуі болды. Алла Тағала бір несібе берді ме, артынан екі сынақ беріп отырады. Бір сынақ берді ме, артынан екі жақсылық ұсынады. Мысалы, 2012 жылы айыпқа жығылғаннан кейін мен үйлендім. Дүниеге қызым келіп, әке атандым. Одан кейін әлем чемпионы болдым. Аз ғана мезетте бір басымда осынша жақсылық болды. Ал Хьюстоннан кейінгі көргенім – өмірімнің сынағы. Өзім солай деп түсінемін. Соны көтере алатын болған соң несібеме жазған шығар. Адам қанша қаламаса да, оның айтқаны болмайды. Сол үшін жақсы істер істеу керек, таза өмір сүру керек. Түйгенім сол.

— Рио олимпиадасын қайдан тамашаладың? Бұрынғы қарсыластарыңның өнері көңіліңнен шықты ма?

— Олимпиаданы көз алмай тамашаладым десем де болдады. Кезінде жүлдеге таласқан қарсыластарымның осы дүбірлі додаға бей-жай қатысуы мені қатты ойландырды. Мүмкін, олар басты қарсыластары айыпқа жығылып, олимпиадаға келе алмаған соң да босаңсыған шығар. Маған олар тым жауапсыз сайысқан сияқты көрінді. Спорт – мықты бәсеке болса ғана қызық. Күнібұрын өзінің жүлдеге ілінетінін білген адам, қарсыластарының осал екенін білген спортшы босаңсып кетеді. Рионы көріп отырып, соған көзім жетті.

— Сол олимпиадада өзің өнер көрсетсең, жүлдеге іліне алар ма едің?

— Хьюстоннан кейін мені айыпқа жықпаса, Риоға тастүйін дайындықпен баратыным сөзсіз еді. Өз жоспарым бойынша, мен жұлқи көтеруде 187-189 келіні, серпе көтеруде 231-233 келіні көтеруге дайын болдым. Олимпиада чемпионы атанған ирандық Сохраб Моради 182 және 221 келі көтеріп, қоссайыста 403 ұпаймен алтын иеленді ғой. Бұл нәтиже Хьюстондағы әлем чемпионатындағыдан төмен.

— Олимпиада жүлдесі орындалмаған арманың болып қалды ма?

— Жоқ, оған қатты өкінбеймін. Ара-арасында іштей бір өкініш бой көрсетіп қалады, бірақ тағдырға сенетін мұсылман баласымыз ғой. Тек алға ұмтылу керек.

— Сені спорттың бір жаңаша, олимпиада бағдарламасына енбейтін түрімен айналысып жатыр деп естідік. Сол рас па?

— Жоқ, ондай талпынысым болған жоқ. «Басқа спортпен айналысып көрсем бе?» деген ойдың болғаны рас. Бірақ ешкім ол жақта мені құшақ жайып қарсы алмайды ғой. Бәрін басынан бастауға тура келеді.

— Олимпиададағы арманыңды шәкірт тәрбиелеу арқылы іске асырғың келе ме?

— Әрине. Қазір екі шәкіртім бар. Солар жақсы спортшы болып өседі деп сенемін. Бірден олимпиада деу қиын ғой. Оларға жетістікке сатылап жетуді үйрете алсам, еңбегімнің далаға кетпегені. Әуелі Қазақстан чемпионы атануды мақсат етсін, сосын Азия чемпиондығына қол созсын. Өткенге тоқмейілсіп отырып алу табиғатымда жоқ. Бір мүмкіндігім шектелгенмен, Жаратушы екінші жағына сәуле түсіріп жатыр. Елге пайдамды тигізетін жағын нұсқап жатыр. Ендеше, еңбектену керек. Жоспарым сол.

(«Жас Алаш», №32, 25.04.2017)

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here